Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік академигі
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Марат Тәжин Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының (РАЕН) құрметті шетелдік академигі атағына ие болды. Диплом тапсыру рәсімі кеше Мәскеуде Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының ғимаратында болып өтті. РАЕН академиясы президентінің бірінші орынбасары Лидия Иваницкая марапаттау рәсімі барысында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтіп, осы үдерісте ғылымның ерекше орын алатынына назар аударды. Оның пікірінше, М.Тәжинге берілген шетелдік академик атағы елшінің екі ел ғалымдар қауымдастықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесінің, сондай-ақ, доктор және академик ретінде социология ғылымын дамытуға сіңірген зор еңбегінің белгісі. «Бүгінгі оқиға, біріншіден, мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Владимир Владимирович Путин белгілеп берген Қазақстан-Ресей байланыстарының кең ауқымын көрсетеді. Мен осында, еуразиялық ықпалдастықтың дамуына арналған Қазақстан Президентінің М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жақында оқыған дәрісі барысында айтқанындай, ғалымдар қауымдастығы мен Ресей қоғамы Еуразиялық экономикалық одақ идеясын қолдайтынын көріп отырмын», деді өзінің сөзінде М.Тәжин.
•
27 Мамыр, 2014
Қазақстан елшісі
257 рет
көрсетілді