Жақында Испанияның Понтеведра қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігі өз мәресіне жеткен болатын. Бұл жарысты Қазақстанның балуандары төрт жүлдемен қорытындылады. Сол медальдардың үшеуін еркін күрес шеберлері жеңіп алса, біреуі грек-рим күресі өкілдерінің еншісінде. Өкінішке қарай, қыздарымыздың қарқыны тым бәсең болды. Пиреней түбегі сапарынан олар құралақан оралды.
Бозкілемге шыққан Қазақстанның 10 грек-рим күресі шеберінің тек біреуі ғана жүлде алды. 60 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Олжас Сұлтан тұсаукесер кездесуінде әзербайжандық Нихат Маммадалиден (0:5) ұтылды. Қап тауының қыраны финалға шығып, соның арқасында қандасымыз жұбаныш белдесулеріне қатысты. Өз мүмкіндігін Олжас қалт жіберген жоқ. Үндістандық Сумит Сумит (8:0), украиналық Владислав Кужко (6:5) және қырғызстандық Нурмухаммбет Абдуллаевты (8:0) жеңген ол қола медальды мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге «классиктеріміз» сенім үдесінен шыға алмады. Басқа тоғыз балуанның арасынан жеңіс тұғырына Мақсат Сайлау ғана жақындай алды. 87 кило салмақта сынға түскен ол бастапқы белдесулерінде үндістандық Кумар Сунил (4:0) мен ирандық Аболфази Әли Шоубаниді (9:4) ұтқанымен, жартылай финалда армениялық Геворг Тадевосяннан (4:6) айласын асыра алмады. Ал қола медаль үшін тартыста нидерландтық Марсель Стеркенбургтен (1:9) жеңілген Мақсат бесінші орында қалып қойды.
Өзге балуандарымыз жайында айтар болсақ, ширек финалда үндістандық Пойа Соулат Дад Марзға есе жіберген Нұрсат Қабдырахымов (50 кило) жұбаныш белдесуінде түркиялық Ахмед Экрем Тасқыноғлының осал тұсын таба алмады. Сол секілді Расул Жүніс те (76 кило) дәл сол межеде сүрінді. Оның да Үнді елінің өкілі Сажан Сажанға әлі жетпеді. Ал Ержан Жарылқасын (63 кило), Алматбек Аманбек (67 кило), Темірхан Байғанин (82 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Дамир Зупаров (130 кило) тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татса, Ерасыл Нұрбосынов (72 кило) екінші айналымнан аса алмады.
Пиреней түбегінде Иранның грек-рим күресі шеберлері өте жақсы нәтиже көрсетті. Парсы елі пехлевандары арасында Иман Хоссейн Мохаммади (63 кило) мен Сайед Даниал Сохрабиге (67 кило) тең келер ешкім табылмады. Екеуі де финалда өз қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Нәтижесінде, 2 алтын мен 3 қола медальды қоржынға салған ирандықтар жалпыкомандалық есепте көш бастады. Мажарстаннан келген жігіттердің де қарқыны күшті болды. Олар 2 алтын мен 1 күміс еншілеп, екінші сатыға жайғасты. Үздік үштікті Әзербайжан құрамасы түйіндеді. Олар 1 алтын мен 2 күміс еншіледі.
Грек-рим күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
55 кило: 1. Пойа Соулат Дад Марз (Үндістан), 2. Нихад Гулузаде (Әзербайжан), 3. Ахмед Экрем Тасқыноғлы (Түркия) мен Георгий Токхадзе (Грузия). 60 кило: 1. Керем Камал (Түркия), 2. Нихад Захид Мамадли (Әзербайжан), 3. Олжас Сұлтан (Қазақстан) мен Мелкаму Фетене (Израиль). 63 кило: 1. Иман Хоссейн Мохаммади (Иран), 2. Георгий Шотадзе (Грузия), 3. Риюта Икеда (Жапония) мен Грачья Погосян (Армения). 67 кило: 1. Сайед Даниал Сохраби (Иран), 2. Гагик Михай Снжоян (Франция), 3. Диего Чхивадзе (Грузия) мен Киотаро Согабе (Жапония). 72 кило: 1. Гурбан Гурбанов (Әзербайжан), 2. Павел Пуклавец (Хорватия), 3. Викас Викас (Үндістан) пен Амир Әли Абди (Иран). 77 кило: 1. Малхас Амоян (Армения), 2. Александр Гуту (Молдова), 3. Сажан Сажан (Үндістан) мен Нао Кусака (Жапония). 82 кило: 1. Эксауз Мукубу (Норвегия), 2. Карл Кодрич (Хорватия), 3. Матс Ола Лукас Ахлгрен (Швеция) мен Бека Гурули (Грузия). 87 кило: 1. Иштван Такаш (Мажарстан), 2. Геворг Тадевосян (Армения), 3. Шимон Шимонович (Польша) мен Марсель Стеркенбург (Нидерланд) 97 кило: 1. Алекс Шоке (Мажарстан), 2. Маркус Раггингер (Аустрия), 3. Әли Абедидарзи (Иран) мен Нитеш Нитеш (Үндістан). 130 кило: 1. Фатиз Бозкурт (Түркия), 2. Михаил Вишневецкий (Украина), 3. Дариуш Аттила Витек (Мажарстан) мен Әлиакбар Хоссейн Юсуфихамадшали (Иран).
Әйелдер күресінен өткен жарыста Жапония құрамасы өте керемет көрсеткішке қол жеткізді. Олар сарапқа салынған 10 алтынның жетеуін жеңіп алды. Одан бөлек, 1 күміс пен 2 қоланы иеленді. Осылайша, Испанияға сапар шеккен Күншығыс елі бұрымдыларының барлығы да жеңіс тұғырына көтерілді. Ең ғажабы, алтын тұғырға көтерілген балуандар арасынан Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің үш дүркін чемпионы Юи Сусаки (50 кило), жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Мое Киока (55 кило) және әлем чемпионы Нонока Озаки (62 кило) барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Талай ірі дүрмекте ысылған Саэ Нанжо (57 кило) қарсыластарына соқыр ұпай да ұстатпады. Екі дүркін әлем чемпионы Харуно Окуно (53 кило) мен әлем чемпионы Мива Морикаваның (65 кило) да үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Тек 59 кило салмақ дәрежесінде күрескен Химека Токухараға көздеген мақсатына қол жеткізу үшін біраз тер төгуіне тура келді. Тұсаукесер кездесуін ол таза ұтқанымен, одан кейінгі белдесулерінде 6:1, 4:2 және 3:2 есептері тіркелді.
Жапондардан кейінгі орындарды АҚШ (1 алтын+1 күміс+2 қола), Түркия (1+0+2) және Колумбия (1+0+0) иеленді. Осы орайда америкалықтарға жалғыз алтынды сыйлаған Амит Элорға жеке тоқтала кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Соңғы екі жыл ішінде ол орасан табысқа қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, Будапешт, Өфө және Софияда ұйымдастырылған жасөспірімдер мен жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде қарсылас шақ келтірмеді. Биыл Белградтағы ересектердің дүниежүзілік додасында дара шықты. Сол жарыстың финалында Эрол біздің Жәмила Бақбергенованы айқын басымдықпен ұтқан еді. Испаниядағы жарыста да 18 жастағы АҚШ-тың аруына ешкім жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Амит барлық бәсекеде таза жеңіске жетті. Сондай-ақ Польша мен Украинаның бұрымдылары да Понтеведрада табысты өнер көрсетті. Оларға бас жүлде бұйырмағанымен, поляктар 3 күміс алса, украиналықтар 1 күміс пен 5 қоланы қоржынға салды.
Аталған жарыста қазақ қыздарына жүлде бұйырмады. Тек екі балуанның жеңіс тұғырына көтерілуіне мүмкіндігі болды. Жарысты бірден ширек финалдан бастаған 57 кило салмақтағы Лаура Алмағанбетова алғашында болгариялық Сезен Белберовадан (9:2) басым түскенімен, іле-шала польшалық Патриция Гилге (1:5) жол берді. Ал қола медаль үшін тартыста америкалық Александра Хедриктен (2:13) ойсырай ұтылды. 65 кило салмақтағы Дариға Әбен бастапқы бәсекеде Нигар Мирзазададан (0:3) жеңілді. Одан кейін испаниялық Нереа Баланкодан (6:4) басым түсті. Үшінші орын үшін бәсекеде ол италиялық Елена Эспозитомен күш сынасты. Бұл айқас 5:5 есебімен аяқталды. Алайда қосымша көрсеткіштер бойынша Апеннин түбегінен келген спортшының бағы жанды. Сөйтіп, Лаура мен Дариға бесінші орынды қанағат тұтты.
Әйелдер күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
50 кило: 1. Юи Сусаки (Жапония), 2. Анкуш Анкуш (Үндістан), 3. Нада Медани Мохамед (Мысыр) пен Сара Хамди (Тунис). 53 кило: 1. Харуно Окуно (Жапония), 2. Люсия Яепез Гузман (Эквадор), 3. Анастасия Блайваз (Германия) бен Зейпеп Иетгюл (Түркия). 55 кило: 1. Мое Киюока (Жапония), 2. Михаэла Самойл (Молдова), 3. Алиша Суе Ховк (АҚШ) пен Элвира Камалоғлы (Түркия). 57 кило: 1. Саэ Нандзе (Жапония), 2. Патриция Гил (Польша), 3. Александра Хедрик (АҚШ) пен Алина Акобия (Украина). 59 кило: 1. Химека Токухара (Жапония), 2. Магдалена Глодек (Польша), 3. Соломия Выннык (Украина) пен Манси Манси (Үндістан). 62 кило: 1. Нонока Одзаки (Жапония), 2. Ирина Бондарь (Украина), 3. Астрит Мантеро Ширинос (Венесуэла) пен Ана Годинез Гонзалес (Канада). 65 кило: 1. Мива Морикава (Жапония), 2. Нигар Мирзазада (Әзербайжан), 3. Катерина Зеленюк (Украина) пен Елена Эспозито (Италия). 68 кило: 1. Несин Бас (Түркия), 2. Наруна Матсуюки (Жапония), 3. Ирина Рынгач (Молдова) пен Манола Скобелска (Украина). 72 кило: 1. Амит Элор (АҚШ), 2. Виктория Шолуж (Польша), 3. Сумире Ниикура (Жапония) мен Кендра Аугустина Дашер (Франция). 76 кило: 1. Татьяна Рентериа (Колумбия), 2. Димонд Гуилфорд (АҚШ), 3. Анастасия Альпиева (Украина) мен Юсуха Матсуюки (Жапония).
Еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында жүрген бірнеше беделді балуан бұл жолы жастар арасындағы әлем біріншілігінде ел намысын қорғады. Солардың арасынан біз Адлан Асқаров (65 кило), Талғат Сырбаз (70 кило) және Әлішер Ерғалиға (125 кило) айрықша үміт арттық. Үшеуінің де халықаралық аренада жиған мол тәжірибесі бар. Олар – жас болса да өз салмақ дәрежелері бойынша еліміздің бірінші нөмірлі балуандары. Десек те жер-жаһанның әр қиырынан жиналған жас жолбарыстардың жарысында бәрінің бірдей бағы жанбады. Бастапқыда ирандық Амирмохаммад Бабак Язданишератиге (5:15) есе жіберген Талғат Сырбаз жұбаныш белдесуінде жапониялық Кота Такахасиге (1:3) жол берді. Молдовалық Константин Ширилов (11:0), филипиндік Джо Фер Калладо (10:0) және америкалық Коле Реед Маттеусты (6:4) ұтқан Адлан Асқаров жартылай финалда армениялық Вазген Теванянға (6:7) бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберді. Ал үшінші орын үшін бәсеке 7:7 есебімен тең аяқталды. Десек те жеңіс соңғы әдісті жасаған жапониялық Риома Анракудің еншісіне жазылды.
Әлішер Ерғалидың да жүріп өткен жолы оңай болмады. Ол түрікмен Зиямухаммет Сапаров (10:0) пен әзербайжан Вахит Галаевты (5:4) сан соқтырғанымен, жартылай финалда ирандық Амирреза Масоуми Валадиді (3:6) жыға алмады. Одан кейін Милан Андрас Корчсогті (6:1) қапы қалдырған Әлішер қола медальды мойнында жарқыратты. 61 кило салмақтағы Асыл Айтақын да дәл сол межеден көрінді. Алғашқы айналымда жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы ирандық Армин Мехди Хабибзадехсеруолайдтан (9:1) айласын асырса, келесі кезеңде армениялық Арсен Харутуняннан (3:9) жеңілді. Одан кейін пуэрторикалық Джозеф Адреас Силва (6:1) мен грузиялық Рамаз Турманидзенің (12:4) тас-талқанын шығарып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Пиреней түбегінде Дәулет Ергеш ерледі. 79 кило салмақта күш сынасқан қандасымыз пуэрториколық Тони Фрэнсис Негрон (10:0), украиналық Валентин Бабии (8:1) және америкалық Картер Староссиді (8:7) сан соқтырып, финалда Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, грузиялық Владимир Гамкрелидземен айқасты. Өте шиеленісті өткен бәсекеде 3:5 есебімен есе жіберген Дәулет күміс медаль иеленді.
Мақсат Сатыбалды (86 кило) мен Ризабек Айтмұханның (92 кило) да жүлдегерлер қатарынан көрінулеріне мүмкіндіктері болды. Бірақ үшінші орын үшін тартыста олар өз қарсыластарына жол берді. Мақсат молдовалық Иван Ичизлиден (3:4), Ризабек түркиялық Файзолла Ақтүріктен (3:14) ұтылды. Ал Дәулет Теміржанов (57 кило), Ерхан Бексұлтанов (74 кило) және Юнус Гафуров (97 кило) үшін бұл сапар сәтсіз аяқталды.
Аталған жарыста сан мың көрермен Аман Аманның асқан шеберлігіне құлшына қол соқты. Аса жеңіл салмақта белдескен үнді спортшысы биыл жазда Алматыда өткен Болат Тұрлыхановтың кубогі жолындағы рейтингтік жарыста барлық қарсыласын ойсырата ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген еді. Сол кезде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған дүйім жұрт небәрі 16 жастағы жас өреннің айшықты өнеріне тамсанған-тын. Бұл жолы да Аман қарсыластарын алып та, шалып та жығып, сан миллион көрерменнің қошеметіне бөленді. Өзге белдесулерін айтпағанда, финалда өзінен жеті жас үлкен Түркияның тарланы Ахмет Думанның өзін 12:4 есебімен ойсырата ұтты. Міне, «шын мықтыға тұсау жоқ» деген осы шығар.
70 кило салмақ дәрежесіндегі Амирмохаммад Бабак Язданишератиге де жұрттың ықыласы ерекше болды. Естеріңізде болар, қыркүйек айында Белградта өткен ересектердің әлем чемпионатының тұсаукесер кездесуінде бұл балуан Джошуа Стюарт Фенесильвермен белдесуге тиіс еді. Алайда Иран билігі өз өрендеріне Израильдің өкілдерімен күш сынасуға тыйым салған. Егер ол талап орындалмаса, тек спортшы ғана емес, бапкерлері мен бүкіл делегация мүшелері де қатаң жазаланады. Соны қаперге алған Язданишерати бозкілемге шығудан бас тартқан еді. Осылайша, былтыр Ослода күміс алған балуан соқыр саясаттың салдарынан Белградта жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігінен айырылды. Понтеведрада Амирмохаммад кеңінен көсілді. Ол біздің Талған Сырбаз, жапониялық Кота Такахаши және америкалық Яхия Томашты тізе бүктіріп, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бірақ финалда Парсы елі пехлеваны Георгий Элбакидзеге әлі жетпеді.
Еркін күрестен өткен жарыстың жалпы есебінде де Иран құрамасы көш бастады. Парсы елінің өкілдері 4 алтын мен 1 күмісті қоржынға салды. Екінші және үшінші орындарды Грузия (2+0+2) мен Армения (2+0+1) құрамалары өзара бөлісті. Төртінші сатыға Жапония (1+0+2) жайғасса, бесінші орын Үндістанға (1+0+0) бұйыды.
Еркін күрестен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
57 кило: 1. Аман Аман (Үндістан), 2. Ахмет Думан (Түркия), 3. Бекзат Алмазұлы (Қырғызстан) мен Камил Керимов (Украина). 61 кило: 1. Арсен Харутунян (Армения), 2. Тайырбек Жұмашбекұлы (Қырғызстан), 3. Емрах Орманоғлы (Түркия) мен Асыл Айтақын (Қазақстан). 65 кило: 1. Вазген Теванян (Армения), 2. Хамза Аласа (Түркия), 3. Риома Анраку (Жапония) мен Эрик Арушанян (Украина). 70 кило: 1. Георгий Элбакидзе (Грузия), 2. Амирмохаммад Бабак Язданишерати (Иран), 3. Кота Такахаси (Жапония) мен Канан Хейбатов (Әзербайжан). 74 кило: 1. Мохаммадсадех Биглар Фироузпаурбандпей (Иран), 2. Хаджимурад Гаджиев (Әзербайжан), 3. Василий Диакон (Молдова) мен Вадим Кириленко (Украина). 79 кило: 1. Владимир Гамкрелидзе (Грузия), 2. Дәулет Ергеш (Қазақстан), 3. Картер Старосси (АҚШ) пен Арман Агавян (Армения). 86 кило: 1. Татцуя Шираи (Жапония), 2. Трент Хидлай (АҚШ), 3. Эмре Чифтчи (Түркия) мен Иван Ичизли (Молдова). 92 кило: 1. Амирхоссейн Биглар Фироузпаурбандпей (Иран), 2. Якоб Томас Карденас (АҚШ), 3. Мирани Майсуразде (Грузия) мен Файзолла Ақтүрік (Түркия). 97 кило: 1. Амрали Хамид Азарпира (Иран), 2. Таннер Слоан (АҚШ), 3. Василий Сова (Украина) мен Ислам Ильясов (Әзербайжан). 125 кило: 1. Амиреза Фардин Масоуми Валади (Иран), 2. Соломон Манашвили (Грузия), 3. Энтони Кассиопи (АҚШ) пен Әлішер Ерғали (Қазақстан).