Бес жыл бұрын қазан айының қақ ортасында Мәртөк ауданының Қазан елді мекеніне Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданынан 150 бас марал әкелінді. Осы кезге дейін Ақтөбе облысында марал-бұғы өсіруді ешкім кәсіп қылмағанымен, Мәртөк ауданында ойда жоқ шаруаны қолға алған ерлі-зайыпты Ертарғын мен Бануға әуелгіде жұрт сенімсіздікпен қарады.
Төрт түліктің бабын тауып келістіріп баға алмай жатқанда, тау-тасы жоқ, бірақ тоғайлы Мәртөк жеріне жабайы жануарды қалай үйретеді деген жұрттың күдігі басым болды. Тілегеновтер отбасына шаруашылықты ұйымдастыру, құжаттарын әзірлеу, субсидия алу жолдарын шешуге бір жыл уақыт кетті. Қазан ауылында марал қоршауының алғашқы қадасын қолмен қадауға Ертарғын мен Бану Ақтөбеден келгенде, Қазан ауылының тұрғындары оларға ең бірінші болып көмекке келді.
Қазан – Мәртөк елді мекенінен үш шақырым жерде орналасқан, 500-ге жуық тұрғыны бар шағын ауыл. Тұрғындары бұрынғы шаруашылық ізінен қалған бірлі-екілі трактормен шөп шауып, аздаған көкөніс егіп тіршілік етеді. Сол кездері нар тәуекелмен басталған шаруаны «Зәру» шаруа қожалығының басшысы Ертарғын Тілегенов бүгінде былай деп еске алады: «Маралды әкелуден бұрын жерін дайындап, қоршай бастағанда, Қазан ауылының азаматтары – Закир Құрманаев, Рысқали Таспенов, Ерлан Дүзербаев, Ермек Жанғазин көмектерін аямады. Бірі тракторымен жерді қазып берсе, екіншісі күрек-сайманымен қазанның қара суығында бізге қоршау тұрғызуға көмектесті, тағы бір азамат бір трактор шөпті тегін әкеліп берді.
Бастапқыда қиналдық. Бұрын-соңды істемеген кәсібіміз, жартылай жабайы жануардың еркін жүруі үшін қаншама аумақты қоршау керек. Алтайдың бөктерінде шүйгін шөптің неше түрін жеп жүрген жануар біздің жаққа қалай жерсінеді деп қатты ойландық. Шаруашылықты ұйымдастыруға мемлекеттен алған қаражаттың қайтарымы тағы бар».
Алайда Қатонқарағайдан Қазанға әкелінген маралдар он шақты күнде жерсінді. Тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде бұл шаруашылықтағы марал саны өсті. Шаруашылықтың іргесінен маралдың жас мүйізі – панты өнімдерімен емдейтін шипажай ашылды. Төрт жылдан бері осы шипажайға еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар қысы-жазы келіп ем алады. Маралдың қайнатылған мүйізінен ванна қабылдауға тілек білдірушілер көп. Өйткені маралдың қайнатылған мүйізі – буын, бел, жүрек-қан тамырлары ауруына шипа. Мүйіздерін кесіп қайнатып, одан фитобөшке, панты ваннасы әзірленеді. Қазір «Зәру» шипажайы мен шаруашылықта 50 адам еңбек етеді. Олардың бәрі Мәртөк және Қазан елді мекендерінің тұрғындары. Жарты жыл бұрын Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласында да «Зәру» шипажайының филиалы ашылды.
Мәртөк ауданының әкімі Алмас Садырбаев Ертарғын мен Бану Тілегеновтер ауыл кәсіпкерлігінің табысты екендігін дәлелдеп бергенін айтады. Осы жобаның іске асуына Мәртөк ауданы әкімдігінің жігіттері де ынталы болды. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы да қолдау көрсетіп, жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Ақтөбе облысында марал шаруашылығын субсидиялау қарастырылмағандықтан, бастапқыда қаржы алуға кедергілер кездесті.
Еліміздегі марал шаруашылығы палатасының жетекшісі Нұрлан Тоқтаров Катонқарағай маралының Ақтөбеге жерсінуіне көп көмегін тигізді. Ол бес жылда марал өсіруді жақсы жолға қоя білген «Зәру» қожалығының жұмысын бағалап, Ертарғын мен Бану марал өсірумен айналысатын көп адамға үлгі болғанын атап өтті. «Бұрын елімізде марал өсіретін шаруашылық тек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Катонқарағай ауданында болса, бүгінде Қарағанды, Ақмола облысында марал шаруашылығы табысты жұмыс істей бастады. Ал батыс облыстары ішінде марал өсірумен тек Ақтөбе облысындағы «Зәру» қожалығы ғана айналысады. Осы жерде шипажай ашылып, марал өнімдерін адам денсаулығын жақсартуға пайдаланып жатқаны бізді қуантады», дейді Нұрлан Тоқтаров.
Серікбай Елеков 2019 жылдан бері «Зәру» шаруа қожалығының бас мал дәрігері болып жұмыс істейді. «Зейнеткерлікке шыққанға дейін жарты ғасырға жуық Мәртөк аудандық мал дәрігерлік зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істедім. Менің қазіргі міндетім – маралдардың жұқпалы індет жұқтырмай, мүйізі мен қаны, ет өнімдерінің таза болуын қадағалау. Жылына екі рет сарып, туберкулез, басқа да жұқпалы індеттерге қарсы екпе жүргіземіз.
Марал – өте ақылды, күйіс қайыратын, аша тұяқты жартылай жабайы жануар. Күй талғамайды, қысы-жазы өз аяғымен жайылады. Аналығы төлін 240-260 күн көтереді. Еркек маралдар өз үйірін бөлек алып кетеді. Маралдың көп қасиеті жылқыға келеді. Мәселен, ұрғашы марал аяқтанбаған жас төлін қараған шөптің арасына тығып кетіп, өзі 80-100 метрден алысқа ұзамай жайылып жүреді. Жақындап келген адамға тебініп, сес көрсетеді. Ата-бабаларымыз маралды қасиетті жануар деп санаған. Мәселен, Сібір жағын мекендеген жұртымыз маралдың етін жеп, сүтін ішіп, терісінен аяқкиім жасап киген.
Еркек маралдың мүйізін мамыр айының аяғы мен маусым айының басында кесеміз. Жануарды қуып әкеліп, бір-бірлеп қоршауға кіргізе бастағанда, олар мүйізін кесетінін сезіп мазасызданады. Тіпті кейбірінің көзінен жас шыққанын да көргенім бар. Кеспеуге тағы болмайды, себебі бір-бірімен сүзіскенде мүйіздерімен денелерін қатты жарақаттайды. Бірақ кесілген мүйіз бір жыл ішінде қалпына келеді. Мүйізді кескен бойы ішіндегі қанын арнайы ыдысқа құйып аламыз», дейді Серікбай Елеков.
«Зәру» шипажайы қызметкерлері қазір Ресейдің Барнаул қаласындағы Бүкілресейлік бұғы шаруашылығы, панты ғылыми-зерттеу институты мамандарының көмегімен марал қаны мен мүйізінен жасалған қоспаны әзірлеуге кірісті. Осылайша, Мәртөк ауданындағы ең табысты жобалардың бірі және бірегейі болып саналатын марал шаруашылығы арқылы Қазан ауылында тіршілік оты жанданды. Айтпақшы, «Зәру» шипажайының директоры Бану Тілегенова жыл сайын мүмкіндігі шектеулі бірнеше ақтөбелікке тегін жолдама ұсынып, денсаулығын жақсартуға жағдай жасап отыр.
Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы