Өңір баспасөзінің қара шаңырағына айналған облыстық «Aq jol» газетінің жарық көргеніне биыл жүз жыл толды. Ғасыр бойы өңір тарихын тасқа таңбалаған басылымның мерейтойы Баласағұн атындағы орталық концерт залында сән-салтанатымен өтті. Іс-шараға өңір басшысы Нұржан Нұржігітов арнайы қатысты.
Атауы облыстық демесек, кезінде Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаров сынды Алаштың айтулы азаматтарының басына іс түскенде үнсіз қалмай, қайраткер тұлғаларға алғашқылардың бірі болып араша түскен басылымның беделі қай кезде де биік. Содан да болар, өңірдің бас басылымының 100 жылдық мерейтойына еліміздің әр қиырынан мәртебелі меймандар келіп, ақжарма тілектерін ақтарды.
Баласағұн атындағы орталық концерт залына жиналған жұртшылық алдымен «Aq jol» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесін тамашалады. Көрмеге өңірдің өмірі мен талайлы тарихынан сыр шертетін елуге жетеғабыл сурет қойылыпты. Жиналғандар әр фотоның тарихына үңіліп жатты. Кейіннен басылымда ұзақ жыл бойы еңбек еткен ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы құрастырған «Ғасыр шежіресі» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Нұржан Нұржігітов газет ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін тапсырса, басылым қызметкерлері Шәрбану Даниярова, Есен Өтеулиев, Сәндібек Піренов облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Бұл күні газеттің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Aq jol» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбындағы республикалық журналистер байқауының қорытындысы шығарылды. Қазылар алқасының шешімімен елордадан келген Олжас Сәндібек, Асхат Райқұл, жергілікті журналистер Ақмарал Шағатай, Ақтоты Жаңабай, Марат Диханбай жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
Салтанатты жиын барысында сөз алған сенатор Абдалы Нұралиев басылым қызметкерлері Оразкүл Әбдікерімова мен Шынар Сағиеваны Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Алғыс хатымен марапаттады. Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Мейрамбек Төлепберген, Гүлдара Нұрымованың құттықтаулары да әріптестердің мерейін асырды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың сәлемін жеткізген Жанарбек Әшімжан газет қызметкерлері Динара Балаева мен Есет Досалыға Алғыс хат тапсырды.
Мерейтойлық іс-шарада сөз сөйлеген «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы әріптестерін мерейтойымен құттықтады.
«Халықтың көзі, құлағы, тілі» болып жүрген әріптестерге деген алғысым зор. Қазақ хандығы қасиетті Жамбыл жерінде құрылды. Дін мен дәстүрдің үйлесім тапқан жері де Әулиеата өңірі саналады. Жүз жылдан әріде жатқан тарихтың бәрі балбал тастарда, санамызда, елдің көмейінде тұр. Басылым атаулы бізді барлық кезеңде біріктірген. Әлі талай биіктер мен жақсылықтарға бастайтыны даусыз», деді Д.Қамзабекұлы. Сондай-ақ «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Берік Уәли де әріптестеріне деген лебізін жеткізді.
Іс-шара соңында газет ардагері Маханбетәлі Дүйсебаев, «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімова, «Ar-ai» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Тараз