• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2022

Ардагер энергетиктердің басқосуы

209 рет
көрсетілді

Шымкент қаласында ардагер энергетиктердің халықаралық ХІ форумы өтті. Аталған іс-шараны Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығы мен Қазақстан ардагер энергетиктері кеңесі ұйымдастырды. Форумға еліміздің және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты ТМД мемлекеттерінің ардагер энергетиктері қатысты. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары шақыртылды.

Жиында бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Атап айт­қанда, электр энергетикасы ин­ф­рақұрылымын (электр жүйесі, күш трансформаторлары, стансалар, қосалқы стансалар т.б.) жаңғырту, электр энергиясының өндірісі және қосымша қуат көздері.

Басқосуда талқыланған тағы бір мәселе – электр желілері­нің жаңалануы. Қазіргі таңда ел аумағында электр желілері­нің тозғаны байқалады. Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15%-ға дейін азайту керек деген еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.

Осы тұста Қазақстан электр машина жасаушылар қауым­дастығы ескі қуат трансформаторларын жаңасына ауыстыруды ұсынып отыр. Бұл үшін импорттың қажеті жоқ, өзімізде жабдық әзірлейтін өндіріс орындары мен тиісті технологиялар жетерлік.

Бұл күрделі тақырыптар­дан бөлек отандық және шетел­д­ік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзек­ті мәселелері бойынша баян­дама жасады. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов қауымдастықтың атқарған жұмы­сының нәтижелері туралы баяндады.

Форум барысында электр машина жасау саласына еңбегі сіңген ардагер энергетиктер «ҚЭА ардагер энергетигі» белгі­сі­мен марапатталды.

Сонымен бірге іс-шара аясында шетелдік меймандар «Alageum Electric» компаниясының экс­порт­тық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытында болып, өнімдермен танысты.

«Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жа­­б­дық­тарын шығаратын отан­­дық өндірушінің құрамына кіре­тін, Орталық Азиядағы транс­форматорлық жабдық шыға­ратын ең ірі зауыт. Кәсіпорын­ның негізгі өндіретін өніміне қуаттылығы 500 МВА-ға дейінгі кернеулі 35, 110, 220, 500 кВ класты майлы трансформаторлар мен автотрансформаторлар және реакторлар кіреді. Өндіріс ошағының жобалық қуаттылығы жылына 12 мың МВА-дан асады.

Зауыт өнімдерін өндіру үшін заманауи әрі жоғары өндірістік технология қолданады. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімге шыдас беретін көлемі шағын әрі аз материал қажетсінетін инженерлі-техникалық құрылғы жасауға зор мүмкіндік береді.

Кәсіпорын трансформаторларды жобалау кезінде «Бүкіл­одақтық трансформатор жа­сау институты» негізінде құрыл­ған украиндық «Soft-Team Group» тобының бағдарламалық қамта­масыз ету жүйесіне сүйенеді.

Әрбір тапсырыс және әр өтініш жеке қарастырылады. Оңтайлы дизайн 3D модельдеу жүйелері арқылы есептеледі, тапсырыс берушімен келісіп, талаптарды қанағаттандырғаннан кейін өндірісті басқару жүйесіне автоматтандырылған деректер енгізіледі.

Трансформаторлар өндірісі жобалық әзірлемелер мен норма­тивтік құжаттардың талаптарына сәйкес. Сондықтан отандық өнім жоғары сенім­ділікке ие. Жалпы, сапалы өнім шығару­да Швейцария, Германия, Ита­лия, Хорватия сияқты жетекші еуропалық компаниялардың тех­нологиялық жабдықтары пайдаланылады.

Аталған өндіріс орны 2019 жылы пайдалануға берілді. Жұмыс істеген үш жыл ішінде 35, 110, 220, 500 кВ кернеу класындағы 150-ден астам трансформатор, автотрансформатор және реакторлар шығарды. Сондай-ақ сынақ зертханасының жеке қажеттіліктері үшін серік­тес­тік қуаттылығы 128 МВА, кернеуі 750 кВ, 200 Гц жиілікте 24 сағат бойы жұмыс істеуге шыдайтын трансформатор жасады.

Айта кету керек, «Alageum Electric» – еліміздің электр техника саласындағы көшбасшы компания саналады. Оның электр энергетика, электр машина жасау мен құрылыс сияқты бағыттары бойынша 30-дан астам кәсіпорын мен зауыты бар. Олардың ішінде Кентау Трансформатор және «Электрмонтаждау бұйымы» кәсіпорнын атап өтуге болады. Мәселен, Кентаудағы зауыт күрделі трансформаторлар шы­­ғарса, «Электрмонтаждау бұйы­­мы» кез келген күрделі электр мон­таждау жұмыстарын жүр­гізе­тін әрі кабельді трассалар жү­йе­сін жасайтын Қазақстандағы тең­десі жоқ жалғыз кәсіпорын.

Холдинг отандық және халық­аралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өндірген өнімі арқылы отандық нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ТМД мен Орталық Азия елдеріне экспорттайды. Мәселен, Кентаудағы зауыт тауары­ның 30%-ы, Оралдағы зауыттың 95%-ы, Петропавлдағы зауыттың 95%-ы, Шымкенттегі зауыт өнімі­нің 50-60%-ы шетелдерге экспорт­қа жөнелтіледі. Өткен жылы компания сыртқа 20 мың трансформатор сатқан. 

«Alageum Electric» ком­паниясының 14 зауыты бар. Оның 4-еуі трансформатор жасайды. Олардың қуаттылығы жыл сайын 36 мың трансформатор шығаруға қауқарлы. Жабдықтардың нарық­тағы бағасы 1 млн теңгеден 2 млрд теңгеге дейінгі аралықты қамтиды.

Трансформатор сияқты құрал-жабдықты әзірлеу күрделі ғылы­ми зерттеулерді қажет ететін бейнеті көп жұмыс. Табандылық пен кә­­сіби біліктілікті де талап етеді. Оның үстіне транс­форма­тор шығару үшін зауыт әлемдік стандарт­тарға сай қон­дырғы, құралдар­мен жабдық­талуы керек. Мәселен, «Alageum Electric» компаниясы Еуростандарт негізінде Франция, Германия, Италия, Швейцария, Бельгия сынды мемлекеттердің қондырғыларымен жұмыс істейді. Яғни заман талабына қарай зауыттар жаңа технологиялармен толықтырылып отырады.

Холдинг қазіргі таңда үлкен қаланы тоқпен қамтитын қо­сал­қы стансаға қажетті құрал-жабдықтың 80 %-ын шығарады. Алдағы жоспар – 100%-ға жет­кізу! Бұл үшін 110-500 кВ-тық тоқ трансформаторы мен элегазды ажырату жабдықтарын және кернеу трансформаторын жасауы қажет. Дәл қазір компанияның ғалымдары мен кәсіби мамандары осы бағытта еңбек етіп жатыр.

 

ШЫМКЕНТ