Күні кеше Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) мен Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) спортшылардың рейтингін жариялады. Қазан айындағы нәтиже бойынша Қазақстан ерлер құрамасының өкілдері рейтингте жоғарылап келеді.
Мәселен, ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик Базельдегі турнирдің ширек финалына жеткені үшін 70 рейтингте ұпай жинап, 38-орыннан 36-сатыға көтерілді. Сонымен қатар «Челенджер» турнирлерінде тәуір өнер көрсеткен Тимофей Скатов пен Бейбіт Жұқаев та өз рейтингтерін жақсартып алды. Қазіргі таңда Скатов 141-ші, Жұқаев 321-орында тұр. Өкінішке қарай, Михаил Кукушкин (235), Денис Евсеев (287), Дмитрий Попко (324) және Григорий Ломакин (938) әр апта сайын рейтингте төмендеп барады.
Ал әйелдер арасындағы рейтингте қазақстандықтардан Елена Рыбакина өз орнын сақтап қалған болса, қалған теннисшілеріміз төмен қарай сырғыды. Атап айтқанда, Гвадалахарадағы (Мексика) турнирдің екінші айналымында сүрінген Рыбакина 22-орында қалса, Юлия Путинцева бір саты төмендеп, 54-орынға жайғасты. Жібек Құламбаева (442) алғашқы ТОП-500 теннисшінің қатарында қалса, Зарина Диас ТОП-1000 теннисшінің ішінен шығып қалды. Жарақатына байланысты жарты жылдан аса кортқа шықпаған Диас 1040-орында тұр.