Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына бір тур қалғанда турнир кестесінде көшбасшы өзгерді. Бірнеше тур бойы топ бастап келген «Ақтөбе» 25-турда сырт алаңда «Ордабасымен» тең ойнап, екінші орынға түсіп қалды. Ал ақтөбеліктерді өкшелеп келген елорданың «Астанасы» бұл турда «Қызылжарды» тізе бүктіріп, чемпионат тізгінін өз қолына алды.
Қазақстандық танымал футболшы және жаттықтырушы Александр Жуйковтың құрметіне өткізілген XXV турдағы бірқатар матчта тосын нәтиже тіркеліп, турнир кестесінің тек жоғары сатысында емес, төменгі жағында да айтарлықтай өзгерістер болды.
Мәселен, турдың орталық ойыны саналған «Ордабасы» – «Ақтөбе» арасындағы матчта қонақтар алаң иелерімен тең түсіп, чемпиондыққа сынық сүйем қалғанда сүрінді. Бірінші таймда 2:0 есебімен алда тұрған «Ақтөбе» футболшылары екінші таймда өз қақпасына екі гол өткізіп алды. Айналдырған 10 минуттың ішінде бас төреші Стас Покатилов қорғаған қақпаға екі пенальти белгіледі. Оларды алаң иелерінің 23 жастағы шабуылшысы Дмитрий Бородин сәтті орындап, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Сөйтіп 2:2 есебімен тең аяқталған кездесуде ақтөбеліктер тек екі ұпайынан ғана емес, өз тарихындағы алтыншы чемпиондығынан да айырылды деуге болады. Себебі «Астана» соңғы турда ең кейінгі бес матчтың үшеуінде жеңіліп, екеуінде тең түскен Қарағандының «Шахтерімен» кездеседі. Ал «Ақтөбе» өз алаңында қола жүлдеге талас жүргізіп келе жатқан Алматының «Қайратын» қабылдайды.
«Ақтөбенің» ұпайдан шашау шығарғанын «Астана» клубы тиімді пайдаланып, сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кезекті жеңісіне қол жеткізген елордалықтар, осылайша, өздерінің жетінші чемпиондығына қарай сенімді қадам жасады. Неге екені белгісіз, «Қызылжардың» бас жаттықтырушысы Әли Әлиев бұл ойынға негізгі құрамның бірнеше ойыншысын шығармай, қосалқы құрамда ұстап отырды. Атап айтар болсақ, чемпионат бойы «Қызылжардың» қақпасын қорғап келген Мирослав Лобанцев бұл жолы алаңға шыққан жоқ. Оның орнын Вадим Петров басты. Бұл матч 22 жастағы Петровтың ел чемпионатындағы дебюті болды. Сондай-ақ тәжірибелі қорғаушы Юрий Бушман да қосалқы құрамда қалса, шабуылшы Элгуджа Лобжанидзе тіпті матчтың хаттамасына да енген жоқ.
Ал «Тұран» мен «Мақтаарал» арасындағы оңтүстік дербиінде мақтааралдықтардың, яғни чемпионат дебютантының мерейі үстем болды – 3:0. Қатарынан алтыншы матчта жеңіске жеткен «Мақтаарал» бұл жеңісінен кейін турнир кестесінің соңғы орындарынан тоғызыншы сатыға дейін бір-ақ жоғарылады. Чемпионат бойы клубтарға ұпай үлестіріп, көш соңында қалып қойған Түркістан облысының командасы соңғы турларда барлық ұпайын болмаса да, өзіне қажеттісін қайтарып алды. Сөйтіп ел біріншілігіне тұңғыш рет қатысып жатқанына қарамастан, турнир кестесіндегі тоғызыншы орнымен алдағы маусымда да Премьер-лигада ойнайтын болды.
Өткен турда-ақ «Мақтааралдан» жеңіліп (1:0), бас жүлдеден де, күміс медальдан да күдерін үзген былтырғы ел чемпионы – «Тобыл» сырт алаңда «Таразды» 2:0 есебімен жеңіп, үшінші орнын сақтап қалды. Ойындағы екі голды да команда капитаны Асхат Тағыберген соқты. Бір айта кетерлігі, ұлттық құраманың ойыншысы екі голын да айып соққысынан салды.
Сондай-ақ қола жүлдеге талас жүргізіп жатқан Алматының «Қайраты» Павлодардың «Ақсуын» жеңді. «Орталық» стадионда өткен матчта алаң иелері қонақтар қақпасына жауапсыз екі гол соқты. «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Жоао Паулу 11 метрлік айып добын сәтті орындаса, матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Гүлжігіт Алықұлов мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Ал көш соңында келе жатқан Оралдың «Ақжайығы» сырт алаңда «Каспиймен» тең ойнаса (0:0), Атырауда өткен «Атырау» – «Шахтер» матчында да жеңімпаз команда анықталмады – 2:2,
Чемпионаттың соңғы, шешуші туры 6 қарашада өтеді. Бұл турда «Қызылжар» – «Каспий», «Ақжайық» – «Тобыл», «Тараз» – «Тұран», «Мақтаарал» – «Ордабасы», «Ақтөбе» – «Қайрат», «Ақсу» – «Атырау» және «Шахтер» – «Астана» клубтары кездеседі.
Турнир кестесі
№
К???луб
Ойын
Жеңіс
Тең
Жеңі-ліс
Доп айырмасы
Ұпай
1
«Астана»
25
15
5
5
62-22
50
2
«Ақтөбе»
25
15
4
6
39-27
49
3
«Тобыл»
25
13
5
7
43-32
44
4
«Қайрат»
25
12
6
7
33-32
42
5
«Ордабасы»
25
11
4
10
36-39
37
6
«Ақсу»
25
10
3
12
30-36
33
7
«Шахтер»
25
9
5
11
32-32
32
8
«Каспий»
25
9
4
12
25-38
31
9
«Мақтаарал»
25
8
6
11
28-38
30
10
«Атырау»
25
7
8
10
29-37
29
11
«Тараз»
25
6
10
9
25-26
28
12
«Қызылжар»
25
6
9
10
29-31
27
13
«Ақжайық»
25
6
7
12
18-28
25
14
«Тұран»
25
5
10
10
22-33
25