«Бекежан мырза, сөзді бөле бердің ғой» дегеннен шығады бәрі. Сонау «Қыз Жібек» фильміндегі осы бір тіркес орайы келгенде, сөзіміздің ләміне айналып кетті. Қазақтың әңгіме арасына килігіп, әдептен аса қоймағаны осындай кесек туындылардан байқалады. Әдебиетінен, киносынан, тағы басқаларынан айқұлақтанып көрінеді. Бұл – сөзді бөлмеу, әңгімеге орынсыз килікпеу болса, ән-күй тыңдаушылар мәдениеті де бар емес пе?
Әңгімені бөлмеу былай тұрсын, ән арасында «па, шіркін!», «бәрекелді!» немесе «жаса!», «сау бол!», тағы басқа одағай сөздерді естіп қаламыз. Орынсыз көріне ме осы? Одағай дегеннен гөрі мұны өнер иесінің шабытын оятып, сенімін арттыратын көтерме, қыздырма сөздер десе, жарасып қалатын шығар. Разылықтан, шын пейілден шығатын алқау сөздер екенін тағы жасыра алмаймыз. Әсіресе, үлкен тойларда, қызық думандарда, еркін отырыстарда жиі кездеседі. Сонан соң сирек болса да кейде салтанатты сарайларда да естіліп қалады. Ондай жерде екінің бірі батылы барып таңданысы мен сезімін шығара бермейді. Ел арасында аты шығып, қадірі білініп қалған ел ағалары немесе ақсақалдардың аузынан естілуі мүмкін. Немесе желігі басылмаған жастар жағынан. Оған таңдануға болмайды. Өйткені «құлақтан кіріп бойды алған» ән немесе күй әкетіп барады ғой. Ішті өртеп бара ма, көңілді кернеп, көкейді тесіп бара ма, әйтеуір, «аһ» дегізбей қоймайды жарықтық ән. Тіпті ән түгілі өлең оқып тұрғанда, арасындағы жарқ еткен ойдың өзі көңілі ояуды бейжай қалдырмасын талай көрдік. Қысқасы, әлгіндей алқау сөз қазақ даласында аса бір таңырқап, адырая қарайтын қылық деп тануға келмейді. Алысқа бармай-ақ мысалды Жүсіпбек Аймауытұлының «Әнші» әңгімесінен аламыз:
«Сүмірейте, қылмита соқты, желдете құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағып кетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты.
– Өйт, шіркін!.. Па, сабазым-ай!
– Ой, пәле-ай!» деп Әмірені алқалаған жұрттың көңіл күйін береді. Осының өзі делбе қағып, әншіге қанат бітірмей ме?
Ал батыс елдерінде қалай? Симфониялық оркестр концертінің арасында қол соғуға болмайды. Соңында ғана қошемет көрсетуге қақылысыз. Әлгіндей алқауға жол жоқ. Ол да дұрыс шығар. Ішті жалын немесе мұң күйдіріп бара жатса да, эмоцияңды шығармай тымырайып отыруға шыдап бағу керек. Орындаушыларға, сахнаға құрмет дегенімізбен, олардың да арасында «браво!» деп қалатындар кездеседі, бірақ. Ендеше таңғалмаңыз!
Осындай түрлі-түрлі алқаулардың арасында мынадай түрі де бар. Кей шығармалар екпіндеп шырқау биікке таман ала жөнелгенде дауыспен бірге тыңдарманның да көңілі көтеріліп сала береді де, жоғарыдағыдай «па, шіркін!» дейді. Енді бір зар күйіне келген туындылар адамның ішіне түсіп, қай-қайдағы қайғы-мұңын қозғап тыншытпағанда, көңіл босап, көзден жас аққаны да жарасымды. Баяғыда көппен бірге күй тыңдап отырған бір апамыз көзінен аққан жасын сүртіп жатып, «енді қайтсін?» деп қалғанын қасындағы бір қуақы естіп қойып, күллі ауылға жария қылып, сол осы күнгі бізге де жетті. Күй қозғаған қайғы-қасірет ішіне түсіп кетті ме екен, кім білсін?! Жан дерті қозғалған қарияның қол соғуға шамасы бола ма одан кейін? Тіпті мүмкін ақырында шығарма ширықтырып, бойын тіктеп алуы да кәдік. Мұның да мысалы сол Жүсіпбек Аймауытұлының «Әншісінде» бар:
«Бір-бірін қиып кете алмай, мұратына жете алмай, қош айтысқан жарға ұсап, жалғызынан айрылып, қанатынан қайырылып, зарлаған бейне жанға ұсап, болмаса жылап егілген, көзден жасы төгілген, бейне бір қайғы-зарға ұсап, өкінішті, өксікті, қасіретті, мұңды әнді сарнады. Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалды да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғылды».
Басқа шығармаларда кездессе де, біз өзіміз талай көріп куә болсақ та, тыңдарманның ішкі күйін мұнша сенімді, дәл жеткізе алу қиынның қиыны. Сонау ХХ ғасырдың басындағы қазақ тыңдарманының басынан одан беріде не өтпеді?! Әміре өмірден өткенімен, әні қалды, дауысы жетті бүгінге. Оның салған әндерін соншалықты қалықтатып, сүмектетіп салатын әншілерді тыңдаған қазақ әлі де «па, шіркін! Бәрекелдіге!» баспай қоймайды. Өйткені оның ішкі, сезімі, ойы, көңілі әнмен, дауыстың эмоциясымен жарысып барады. Әуен сырымен астасып, көкейін бір ғаламат тесіп барады. Мана жоғарыдағы кемпір айтқандай «енді қайтсін?», «Бәрекелді» демей тұншығып өле ме? Әрине, айтып өледі. Бұл алқау сөз, эмоциясын шығару ғана емес, ән мен әншіге деген құрмет деп те білеміз. Оның ар жағында дауыспен жарысу сияқты рухты тәрбиелейтін ғаламаттар да қылаң береді. Демек, тыңдарманның хақы өзінде.