Қазақстан оқушылары олимпиадаларға қатысу тарихында алғаш рет сыйақыға ие болды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларды ынталандыру жөніндегі тапсырмасы арқылы мүмкін болған. Енді 27 медаль иегері еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқитын болады.
Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаз 27 оқушысы 73 млн теңгеден астам қаражат алды. Оқушыларды білім нәрімен баптаған ұстаз-тәлімгерлері де біржолғы ақшалай төлемге ие болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Тelegram арнасында хабарлады. Озат оқушылар білімдерінің арқасында тапқан сыйақыларын қалай жұмсайтындықтарын да жасырмаған.
«Биыл осындай беделді олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Оған көп дайындалдым. Әрине, Оқу-ағарту министрлігінің ел ішінде өткізген олимпиадалары арқылы елімізді әлемдік аренада лайықты көрсетуге мүмкіндік алдым. Елімізді абыроймен таныта алғаныма қуаныштымын. Географиядан қатысқан олимпиадада жеңіске жеткенім үшін алған ақшамның бір бөлігін депозитке салуды жоспарлап отырмын. Қалғанын ата-анама беремін. Мұндай ақшалай марапаттар бізге үлкен ынта-жігер, мотивация береді, келесі жылы бәсеке бұдан да жоғары болатынына сенімдімін. Алдағы жылы осы олимпиадаға тағы да қатысқым келеді», дейді географиядан халықаралық олимпиаданың (IGeO) алтын жүлдегері Санжар Хамитов.
Жеңіс тұғырынан көрінген қалған оқушылар да алған жүлделерін депозитке салып, өздеріне қажетті сыйлықтар сатып алатынын айтады, қалған табыстарын ата-аналарына бермек. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Оқу-ағарту министрлігі халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына 1,5 млн-нан 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындаған. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтқандай, биыл тізімге 7 олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 олимпиадамен толығады.
Осылайша, 2022 жылы ұлттық құрама ел қоржынын 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медальмен толықтырып отыр.