Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған еліміздегі алғашқы Umai ұлттық сыйлығы – бұл театрлық «Оскардың» аналогі. Үш ай бойы Қазақстанның атақты суретшілері Umai сыйлығы мүсіншесі сызбасының авторы болу құқығы үшін таласты. Сыйлықты өткізу алаңына айналған «Астана Опера» театрының көркемдік кеңесі үздіктердің үздігін анықтады.
Көркемдік кеңес шешімімен Армат Бектастың жұмысы көп ішінен дара шауып, суретші Umai ұлттық сыйлығы мүсіншесінің авторы атанды.
– Менің шығармашылық қызметім негізінен рәміздермен және белгілермен байланысты болғандықтан, өнерді пішін жағынан ұлттық және мағынасы жағынан жалпы адамзаттық етуге тырысамын. Сондықтан да мен үшін осы жобаға қатысу өте қызықты болды, – деп атап өтті шебер.
Автордың өзі атап өткендей, мүсінше бұл жай ғана кәдесый емес. Сол себепті онда ұлттық пішінді жоғары өнермен біріктіру қажет болды. Umai-дың пішінінен бір уақытта әйел бейнесін, дәстүрлі қолданбалы өнер элементтеріне, киіз үйдің суретіне ұқсас дүниелерді байқауға болады. Тастармен бедерленген жасыл пластинадан жасалған іргетаста латын қарпінде және көне түркі тілінде сыйлықтың атауы жазылған.
Еске сала кетейік, өнер саласындағы «Umai» сыйлығы «Театр өнері», «Хореографиялық өнер», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» секілді аталымдарда биыл алғаш рет тағайындалып отыр. Шығармашылық ұжымдарға, жеке орындаушыларға, Қазақстанның өнер қайраткерлеріне елеулі шығармашылық табыстары мен үздік кәсіби жетістіктері үшін беріледі. Байқауға өтінімдерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жалғасады, ал жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі «Астана Опера» театрының Үлкен залында 2022 жылдың 23 желтоқсанында өтеді деп жоспарлануда.