Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған «Аманат» тәуелсіз комиссиясы «Қасіретті қаңтар» кезінде қолына қару алмаған, қаланы қиратпаған, халқына оқ атпаған, тонамаған азаматтарға араша түсіп, жазықсыз жандар босқа күйіп кетпесін деп біраз жұмыс атқарды.
Комиссия қолға алған жұмыстар барысында біз Алматы, Талдықорған, Тараз, Семей қалаларында қамауда отырған азаматтармен кездесіп, тілдесіп, құжаттарын қарап, біраз зерттеп-зерделедік. Оқиға кезінде алаңға шыққандардың біразы қолхатпен босатылды немесе үйқамаққа ауысты, осылайша, 500-ге тарта адамның қамаудан шығуына ықпал еттік.
Осындай жұмыстар кезінде біз қаңтар оқиғалары кезінде алаңға, көшеге қызық көріп шыққандар мен өздерінің азаматтық пікірін айтып, бейбіт шеруге шықтым деп барған азаматтардың өте көп екеніне көз жеткіздік. Ешқандай қылмыстық ойы болмаған азаматтардың қосақ арасында кетіп қалуы мүмкін екенін түсіндік. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін, шылым секілді майда-шүйде заттар ұрлап, ұсталған жас жігіттер өте көп болды. Олардың ішінде кімнің ақ, кімнің жазықты екенін дөп басып тану да аманаттықтарға қиынға соқты.
Сол себепті біз ақпан айынан бастап қаңтар оқиғасына қатысқандарға қатысты бір реттік гуманизм актісін, яғни рақымшылық жариялау керек деген мәселені көтере бастадық. Бұл мәселені Президент Әкімшілігі, Мәжіліс депутаттарының алдына қойып, бірнеше хат та жаздық. Біздің мұндағы мақсатымыз бұрын-соңды істі болмаған, кәнігі қылмыскер емес, алаңға шығып, өзінің бейбіт ұстанымын айтамын деп абайсызда нөпірге еріп кеткендерге қолұшын созу еді.
Алдағы уақытта бұл заңның қаңтар оқиғасына қатысушыларға ықпалы зор болмақ. Заңға сәйкес жазықсыз жандардың барлығы бостандыққа шығады. Сондай-ақ біреуге зақым келтіргендер немесе қылмыс жасағандар, яғни жеңіл және орташа дәрежеде қылмысқа барғандардың да жазалары жеңілдейді. Ал ауыр қылмыс жасағандардың жазасының үштен екісі жеңілдетіледі, яғни 75 пайызға азайтылады. Өте ауыр қылмыс жасағандардың жазасына 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандар, рецидивист – бұрын қылмыс жасап кәнігі қылмыскер ретінде танылғандар, зорлау фактілерін, Отанға опасыздық жасағандар, ұсталғандарды ұрып-соғып азаптағандар, қинап, үтік басып қорлық көрсеткендер рақымшылыққа ілікпейді. Қазір халық арасында осындай ауыр қылмыс жасап, адамдарды қинап, азаптағандар рақымшылыққа ілігіп кетпей ме деген қорқыныш бар. Заңда азаптау, қинау секілді әрекеттерге барып, қылмыс жасағандарға рақымшылық қарастырылмайды деп нақты жазылған.
Рақымшылық заңының басты бағыты да, қолданыс аясы да қаңтар оқиғасына қатысушыларға ғана қатысты. Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысу ауыр қылмыс санатына жатады. Біз осы бап бойынша қамауға алынып, жазаға тартылғандарды түгелдей босатуды сұраған едік. Өкінішке қарай, аманаттықтардың бұл ұсынысы жүз пайыз қолдау таппады. Жазаны тек 75 пайызға қысқарту туралы ғана бап енгізіліп отыр. Алайда осының өзі үлкен жеңілдік екені түсінікті.
Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ,
«Аманат» тәуелсіз комиссиясының мүшесі, адвокат