Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының негізін қалаушы және бірінші директоры Нұрлан Жұмағұлұлы Бәтпеновке арналған естелік бюст ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Осындай сәтте академик Нұрлан Бәтпеновті еске ала отырып, біз ұлы дәрігерге, ғалымға, денсаулық сақтау мен ғылымды ұйымдастырушыға, теориялық білім мен серпінді қолданбалы зерттеулердің маңыздылығын терең түсінген адамға құрмет көрсетеміз. Оның өмір жолы бүгінгі жас зерттеуші дәрігерлер үшін шабыттандыратын үлгі екені сөзсіз», деді Ажар Ғиният бюсттің ашылу салтанатында.
Министр академик Н.Ж.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығы медицина ғылымында ерекше орын алатынын, бұл еліміздің тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде ашылған алғашқы ірі ғылыми мекемелердің бірі екенін ерекше атап өтті.
2015 жылы Н.Ж.Бәтпенов «Эндопротездеуді қолдана отырып, ұршықбуын хирургиясында инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу» атты жұмысы үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Қазіргі уақытта Германияда Н. Бәтпеновтің моделі «Kaz Niito» ұршықбуынының эндопротездерін шығару жолға қойылған. Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының ғылыми-өндірістік базаларын тарта отырып, травматология мен ортопедияға арналған медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаруда.
«Нұрлан Жұмағұлұлын білетін адамдардың өз естелігі бар. Онымен кездескен кезде мен оның керемет мейірімділігі мен даналығына, шығармашылығына және оның аса зор қабілетіне таңғалдым», деп қосты министр.
Ажар Ғиният академик Нұрлан Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының ұжымын және аты аңызға айналған қазақстандық дәрігердің отбасын ескерткіштің ашылуымен құттықтап, оның ісінің лайықты жалғасын, клиниканың жас дәрігерлеріне үлкен кәсіптік биіктерге жетуін тіледі.