• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 03 Қараша, 2022

Жүз мектептің орны дайын

212 рет
көрсетілді

Елордада мектеп салу мәселесі өте өзекті. Өйткені демо­г­ра­фиялық өсім қарқынын ескерсек, оқу орындары­ның санын азайтпау аса маңызды. Мәселеге мән берген елорда әкімі Алтай Көлгінов мектеп салу үшін 100-ден астам учаске анықталғанын Instagram парақшасында мәлімдеді.

Елордада халық санының күрт артуы құрылыс қарқы­нын күшейте түсетіні түсінікті. Мұндай жағдайда оқушы көбейіп, оқу орындарында орын тапшылығы бірден байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астана қаласы бойынша тұрғындар саны 2022 жылдың басында 1 295 711 адамды, ал 2022 жылдың 1 қа­­занында 1 340 782 адамды құраған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 ірі мектептің жобасын жүргізіп жатырмыз. Бұл 23 мектеп екі ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүм­кіндік береді. Аталған жоба аясында білім ошақтарының құрылысын келесі жылы бас­таймыз. Осылайша, біз ау­қым­­ды мектептер салуды жал­ғас­тырамыз. Бұған дейін Аста­нада 6 ірі мектеп аш­тық, оның әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны – 2 ауысымда 24 мың) есептелген. Қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныс­тым. Мысалға бұл мектептер Ұлы дала даңғылында, Ұлы дала мен Сауран даңғылының қиы­лысында, Қарасай батыр және 187 көшеде орналасқан. Осы мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз», дейді Алтай Көлгінов.

Қазіргі уақытта белгіленген мектеп салынатын 102 жер учаскесі әлеуметтік нысан­дардың қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданын­да орналасқан. Мәселен, елор­да тұрғындары көбірек шоғыр­ланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында – 49, Алматы ауданында 29 учаске бар. Тағы басқа мектептер мен әлеуметтік маңызды нысандар салу үшін де жер учаскелерінің саны жыл сайын ұлғайтылмақ. Сондай-ақ әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕТЖ) арнайы бағыт бекітілген.

Қала әкімінің айтуынша, елордада 2019 жылдан бастап 93 мың оқушы орнына арналған екі ауысымда 45 мектеп салынған.