Маңызды саяси науқан – Президент сайлауы жақындай түсті. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде үгіт-насихат жұмыстарымен қатар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жуырда Партиялық емес байқау орталығының ұйымдастыруымен «Байқаушы – дауыс берудің ашықтығының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Президенттікке кандидаттардың республикалық штабы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлаудағы тәуелсіз бақылаудың рөлін, сайлау науқанының әділ барысын және дауыс беру үдерісін қамтамасыз етудің маңыздылығын талқылады.
Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қатысушыларға тәуелсіз байқаудың мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, алдағы сайлауға қатысушыларды елдің сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға және оны бұзудың кез келген фактілерін назардан қалдырмауға шақырды. «Партиялық емес байқау орталығы байқаушыларды даярлау және оқыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Олар қажет болған жағдайда азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларды нақты білуі және түсіндіруге тиіс», деді Төлеген Күнәділов.
Жиын барысында барлық байқаушылардың іс-әрекетінің бірыңғай қағидаларын белгілеу мақсатында Партиялық емес байқау орталығы байқаушының Әдеп кодексін таныстырды. Орталықтың үйлестірушісі Қайрат Сұлтаналиннің айтуынша, бірыңғай әдеп стандарттарын қабылдау барлық байқаушылардың тәуелсіз бақылау миссиясын лайықты орындауына ықпал етеді.
Талқылау барысында «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің басшысы Баян Ахметжанова ұсынылған нормаларға қолдау білдірді. «Қоғамдық мониторингтің тәуелсіз сипатына қарамастан, байқаушылар заңнамалық нормалар мен ережелерді сақтауға және сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығының жұмысына құрметпен қарауға тиіс», деп атап өтті ол.
Әдеп кодексінде байқаушылар сайлау үдерісін басқаруға жауапты органдардың заңдары мен өкілеттіктерін сақтауға міндетті екені жазылған. Сондай-ақ, байқаушылар мемлекеттік органдардың, қауіпсіздік органдарының және сайлау комиссияларының жоғары лауазымды тұлғаларына құрмет көрсетуге міндетті. Байқаушылар өз міндеттерін орындау кезінде саяси бейтараптылықты қатаң сақтайды және ешбір жағдайда үкіметке, белгілі бір партияларға, кандидаттарға немесе сайлауға қатысты кез келген басқа мәселеге қарсы көзқарасты немесе артықшылықты жария түрде көрсетпейді. Байқаушылар елдің Конституциясына, ұлттық заңнамаға және билікке өкілеттіктер халықтың ерік-жігеріне негізделуі керек деген халықаралық нормаларға сүйене отырып әрекет етеді. Байқаушылар азаматтардың сайлау құқықтары мен дауыс беру бостандығын жүзеге асыруға, сондай-ақ олардың кез келген бұзылуына жедел әрекет етуге кепілдік беруге міндетті.
Байқаушылар байқаушының іс-әрекетінің кодексін және объективтілік, сенімділік пен ашықтық, жауапкершілік пен жариялылық, ашықтық пен заңдылық қағидаттарын ұстануға тиіс. Байқаушылар тәуелсіз және партиялардың байқаушыларының рөлін мойындауы, олармен диалог пен ынтымақтастыққа дайын болуы керек. Олар халықаралық нормаларды, Конституция мен сайлауға қатысты заңдарды, сондай-ақ азаматтың сайлау және сайлану құқықтарын қамтамасыз ететін басқа да нормативтік-құқықтық актілерді білуі және қажет болған жағдайда түсіндіруі қажет.
Байқаушылар кандидаттардың өздерiнiң қызметтiк немесе лауазымдық жағдайын өздерiнiң сайлану мақсатында пайдалануға құқығы жоқтығын ескере отырып, сайлау процесiне қатысушылардың тең мүмкiндiктерi мен құқықтарының сақталуын бақылауға тиiс. Олар сайлауды өткізуге кедергі жасамайды және сайлау үдерісіне араласпай өз міндеттерін орындайды. Байқаушылар сайлау комиссиясы мүшелерiнiң назарын Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға тиiстi жазбаша арыздарды, бұзушылықтар туралы актiлердi беруге және тапсыру туралы белгiлер алуға құқылы.