Кез келген рақымшылық қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Амнистияға ілігетін адамның келісімі қажет болғандықтан, құқықтық тәжірибеде рақымшылық актілері тек тірі адамдарға қатысты қолданылады. Сондықтан да рақымшылықты оңалту актісімен шатастырмаған жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бұл жолғы рақымшылық – тек қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты бір реттік акт. Бұл рақымшылықтың басты мақсаты – жазадан босату немесе оның мерзімін қысқарту. Өз кінәсін мойындаған және істеген ісіне толық өкінген азаматтар тағылған айыптардан толық босатылады. Бұл ең алдымен көпшіліктің ықпалымен бұқараға ілесіп кеткен, бірақ алдын ала теріс ниеті болмаған азаматтарға қатысты. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, билікті асыра пайдаланып, азаптауға жүгінген адамдар, қайталап қылмыс жасағандар, зорлаушылар, террористер мен экстремистер рақымшылыққа жатпайды. Сондықтан ауыр қылмыскерлер осы заң арқылы бостандыққа шығады деген пікір шындыққа жанаспайды.
Парламенттегі заң шығару үдерісіне қатысты барлық рәсімді ескергенде «Рақымшылық жасау туралы» заң айтарлықтай қысқа мерзімде қабылданды. Мұны Парламент депутаттары тарапынан қаңтар мәселесіне ерекше назар салып, маңыз бергені ретінде қабылдауға болады. Заңды қабылдаудың алдында азаматтардың қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктерге және басқа да заңсыз әрекеттерге қатысуы бойынша қозғалған істерді тергеу жүргізілгенін де ескерген жөн. Жан-жақты тергеусіз заң жобасын әзірлеуге кірісу, әрине, ертерек болар еді.
Рақымшылыққа жататын әрбір істі сот жеке қарастырады. Прокурор мен сот рақымшылық туралы заңды қолданудың заңдылығын қамтамасыз етеді. Әрбір азаматтың жағдайын жеке қарастыру болуы мүмкін қателіктердің алдын алып, әрбір жеке азамат бойынша барынша әділетті шешім шығаруға жол ашады.
Қаңтар оқиғасы кезінде жанашырлық ниетпен немесе қарапайым қызығушылықпен алаңға шығып, қалың топтың ықпалымен келеңсіздіктерге ұшыраған азаматтарымыз аз емес. Бұл заң дәл осындай күйге түскен азаматтарға қатысты әділдікті орнатуға мүмкіндік береді. Керісінше, кінәсі анықталған жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға, билікті асыра пайдаланған адамдарға, бірнеше қайтара қылмыс жасағандарға қатысты рақымшылықтың шектелуі бұл тетікті асыра қолдануға жол бермейді.
Мемлекет басшысы рақымшылық туралы заңның қабылданатынын жариялағаннан кейін адамдар рақымшылыққа ілінгендердің туыстары мен жақындарына қатысты қандай да бір келеңсіз жағдай туындай ма деп сауал қоя бастады. Осы жерде айта кететін бір жайт, қолданыстағы заңнамаға сәйкес рақымшылыққа ілінгендердің жақын туыстары ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Олардың туыстары мен жақындарына қатысты қандай да бір заңдық шектеулердің болуы заңдық тұрғыда мүмкін емес. Осылайша, құқық бұзушыларға рақымшылық жасау олардың балаларының болашақта мемлекеттік немесе әскери қызметке орналасуына еш кедергі бола алмайды, басқа азаматтық құқықтарына да еш қиянат жасалмайды.
Жанна КӘРІМОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері