Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет түрлерін алу қарапайым тұрғындар үшін жеңілдей түскен. Мұның барлығы да цифрлық технологиялардың республикада дамуының нәтижесі деп білген жөн. Осы орайда Шымкентте Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын жаңғыртуда «Азаматтарға арналған үкімет» тарапынан ауқымды істер атқарылып жатыр. Мәселен, тұрғындарға мемлекеттік қызмет алудың барлық түрі қазіргі таңда ыңғайлы әрі қолжетімді бола түсті.
Жуырда Шым қалада ХҚО қызметін одан сайын жетілдіре түсу мақсатында халыққа заманауи жүйеде қызмет көрсететін цифрлық кеңсе ашылды. Цифрлық мазмұндағы бөлімшенің ресми ашылу салтанаты тәуелсіз директорлар кеңесінің мүшелері Зағипа Балиева мен Ерғали Бегімбетов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Сүйеніш Әбділдин және Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен филиал директоры Балмейір Сансызбайұлының қатысуымен өтті.
Цифрлық форматтағы кеңсе Кайдзен тұжырымдамасы бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Шығыс әдістемесі негізінде жұмыс істейді. Яғни мемлекеттік қызмет көрсету сапасының, корпоративтік мәдениеттің және жұмыс өнімділігін арттыру мақсатын көздейді. Алдағы уақытта осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылатын болады. Жаңа бөлімшенің тағы бір ерекшелігі, келушілер кеңседегі қызмет көрсету аумағын арнайы дизайнда жасалған түстер арқылы ажыратып біледі.
«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының директоры Балмейір Сансызбайұлының мәлімдеуінше, шығыс үлгісіндегі кеңсенің құжатты қабылдау және оны тапсыру аймағында 38 жұмыс орны болады. Сонымен бірге мұнда 101 инспектор қызмет етеді.
– Бұдан бөлек Халыққа қызмет көрсету цифрлық кеңселерінде түрлі қызмет аймағы қарастырылған. Олардың қатарында ресепшн, құжат беру, жылдам қызмет көрсететін аймағы, кеңес беру, өз-өзіне қызмет көрсету секілді өзге де орындарды атауға болады. Заманауи үлгідегі цифрлық кеңсе қаладағы Мәделі қожа көшесіндегі 1/16 мекенжайындағы ХҚО базасында орналасқан, – деді филиал басшысы Балмейір Сансызбайұлы.
Еске сала кеткен жөн, бүгінде Шымкентте халыққа қызмет көрсететін 10 орталық жұмыс істейді. Оның ішінде 3 халыққа мамандандырылған қызмет көрсету орталығы да бар.
Сонымен қатар жыл басынан бері мегаполистегі ХҚО-ларда қала тұрғындарына 900 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Жалпы, бүгінгі таңда «бір терезе» қағидаты аясында халыққа қызмет көрсету ісі әлдеқайда жеңілдеген. Тіпті цифрлық мүмкіндіктер арқылы азаматтар үйінде отырып-ақ көптеген мемлекеттік қызмет түрін өздері ала алады. Мәселен, кейбір анықтамалар мен құжаттарды алу үшін қазір Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп әуре болудың қажеті жоқ. Кез келген азаматтың оны смартфон көмегімен шығарып алуға мүмкіндігі бар.
Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында өткен кездесуде де цифрлық әлеуеттің мүмкіндіктері туралы мәлімдеген еді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес отбасының цифрлық картасы түзілді. Енді Қазақстанның әрбір отбасы өзіне мемлекет тарапынан қандай кепілдендірілген көмек бар екенінен алдын ала хабардар болып отырады. Яғни белгіленген статусына қарай әлеуметтік көмекті жылдам алатын болады. Сондықтан бұрынғыдай әр әлеуметтік органға жүгіріп әуреге түспейді. Мәселен, көпбалалы ана немесе зейнеткер болса, «Сіздің 1 жасқа толмаған балаңыз бар. Осыған орай балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы ала аласыз» деген сынды хабарлама келіп тұрады», деді министр.
Алдағы кезде отбасының цифрлық картасын қалыптастырған соң, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да әр мемлекеттік орган арасында әуреге салмау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша құжатын рәсімдеу қолға алынбақ. Яғни емханаға барғанда тиісті мәліметтерді алып, құжатын сол жерде рәсімдей алады.
ШЫМКЕНТ