25 мамырда Астанада «KADEX-2014» үшінші халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі аяқталды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл іс-шараға әлемнің 28 мемлекетінен 208 шетелдік компания, 54 ресми делегация қатысты. Сонымен қатар, 92 қазақстандық кәсіпорын әскери мақсаттағы өнімдерін ұсынды.
Көрменің алты павильоны мен ашық алаңдарында бес тақырыптық бағыт бойынша қару-жарақ пен техниканың 300-ден астам үлгісі қойылды. Көрме құрлық әскерлері мен әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен техникасы, авиация және авиациялық қару-жарақ, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен құралдары, арнайы мақсаттағы құралдар мен мүліктер, ІТ-технология, байланыс жүйелері мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету секцияларынан тұрды.
Биылғы «KADEX» көрмесіне алғаш рет әлемдік «Боинг», «Сикорски», «Дженерал Атомикс» сияқты көшбасшы компаниялар келді. Көрме күндері құрлық әскерлері мен арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, авиациялық техниканың көрсетілімдері ұсынылып, ату қарулары мен оқ-дәрілердің сынағы өткізілді.
Іскерлік бағдарламалар шеңберінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының қорғаныс-өнеркәсібі кешендеріне жетекшілік ететін орынбасарларының кеңесі, сондай-ақ, Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы жанындағы іскерлік және үйлестіру кеңестерінің жарнамалық-көрмелік қызметі бойынша отырысы өткізілді.
Көрме қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,6 миллиард долларға жуық келісімшарттарға, меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
«KADEX-2014» көрмесіне күн сайын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарынан 10 мыңға жуық маман тартылды. Көрмені тамашалауға барлығы 45 мыңнан астам адам келді. Алыс-жақын шетелдерден келген жоғары кәсіби әскери оркестрлер ұсынған дефиле «KADEX-2014 көрмесіне қатысушылар мен қонақтардың айрықша назарын аударды.
«KADEX-2014» көрмесіне ақпараттық қолдау көрсету үшін қырықтан астам қазақстандық және шетелдік БАҚ-тың 200-ге жуық журналисі қатысты. Көрменің маңызды қорытындысы ретінде сатып алатын өнімдердің спектрін анықтау мен Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешені кәсіпорындарын дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауды, қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік өндіретін жетекші шетелдік кәсіпорындармен әскери-техникалық ынтымақтастықты жетілдіруді айтуға болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».