• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2022

Қамшы шебері

421 рет
көрсетілді

Абылай Мәулітұлы қыстың ұзақ кешінде маздай жанған пеш түбіне отырып алып қамшы өреді, жүген түйеді. Атадан келе жатқан бекзат өнерді қызыға қолға алған ол жасаған бұйымдарын кәдесый дүкендеріне өткізіп, азды-көпті пайда да тауып жүр.

Бойында қа­зақы қан тулаған әр азамат қамшыға қызыға қарайды. Мынау заманда күн­делікті ат мініп, жүйрік жаратып жүрмесек те, әр шаңырақтың төрінде бір қамшы тұмар ретінде ілулі тұр. Ал бұрында қазақтың қамшы ұстасында да пәл­сапалық ой жатқан. Айтар болсақ, үйге келген адам қамшысын қолына қысыңқырап ұстап кірсе, дауласуға келгенді білдіреді. Егер де төрге озып, қамшысын ортаға тастай салса, қандай да бір дау-жанжалды тоқтатып, бітімге келейік дегені екен. Иә, қамшы ұстап қана ойыңды жеткізу неткен даналық дерсің. Қамшыны бақсы-балгерлердің пайдаланғанын да естігенбіз. Қалай десек те, қасиет бар.

Кішкентайынан сәйгүлік мініп, ат әбзелдеріне қы­зығып өскен Абы­лай кейіндері қам­шы өруді ермек еткен. Ермегін түбе­гейлі кәсіпке айналдырып жіберуге болар еді, оған мек­теп­тегі жұмысы мұрсат бермейді. Абылай Мәулітұлы С.Түкібаев атын­дағы Еңбек орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Иә, еңбегі мен ермегі екі түрлі сала.

Абылай Мәулітұлы туысқан ағасы Айдын Нұрғабденовпен бірлесіп, жол бойына кәдесый сататын дүңгіршек ашып қоюды да ойластырып жүр. Айдын деп отырған азамат та қайыстан таспа тіліп, қамшы өреді. Міне, ауылда қазақы өнердің қаймағын бұзбай, ата дәстүрді жаңғыртып отырған жастарға қалай ғана риза болмайсыз?!

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы