Қазіргі кезде оқушыларға қатысты талқыланып жүрген мәселелер аз емес. Ата-аналардың біразы ауыр сөмке баланы ауруға шалдықтырады десе, енді бірі үй тапсырмасын үйіп-төгіп, мектептен тыс уақытта оқушының миын ашытудың еш қажеті жоқ деп санайды. Яғни бала сабағын тек мектепте оқып, үйдегі бос уақытында үйірмелерге қатысып, денсаулыққа көңіл бөліп, бір мезгіл ойынға да уақыт табуы керек деп есептейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының сөмкесі тым ауыр екенін айтып, мәселені цифрландыру арқылы шешуді ұсынған-ды. «Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын», деді Президент.
Осыдан кейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов балаларды ауыр сөмке тасудан босатуды тапсырған еді. Иә, бұл тұрғыда ата-аналар балалардың сөмкесі тым ауыр екенін жиі айтып жүр. Журналист Нұрболат Туысбайұлы дамыған елдерде оқушы мектепке кітап тасымайтынын және барлық оқу құралы мектепте қалып, сөмкесінде жүріс-тұрысқа керегі ғана жүретінін алға тартады.
«Ата-ана ретінде өтінішім, оқушыларды екі нәрседен босату керек. Біріншісі – бұл енді талай айтылған проблема. Қазіргі кітаптардың көлемі үлкен, мектепке барғанда ауыстырып киетін аяқкиімі, дене шынықтыруға киетін формасы және ішетін суы бар, бір баланың арқасындағы жүк тым ауыр. Балаларымыз ауыр сөмкесін көтере алмай бүкірейіп, еңсесі түсіп, дорбасы жер иіскеп бара жатады. Обал-ақ. Екінші мәселе де осымен тығыз байланысты. Бала үйге келгенде сабақ оқымайды, оқығысы да келмейді. Сосын үйде сабақты ата-ана орындайды. Есебін шығарады, эссесін жазады, керек болса суретін де салып береді. Оны мұғалім білмейді емес, біле тұра бағалайды. Сонда кім кімге алданып жүр? Мұғалім ата-анаға баға қоя ма? Бала үйде әке-шешесіне еркелейді, көмектесетінін біліп, арқа сүйейді. Одан сабақ оқыған бола ма? Ал мектепте отырған бала сабағын өз бетінше оқып, мұғалімнің алдында деңгейін көрсетеді. Соған қарап педагог баланың «кем-кетігін» жөндеп, сол бағытта жұмыс жүргізуі керек қой. Бізде әзірге олай болмай тұр. Бала сабағын мектепте оқып, бос уақытында секцияларына барсын. Үйде басқа кітап (мектеп міндеттемейтін) оқысын, одан босаса ойнасын. Ең бастысы, мектепке моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да шаршамай барсын. Сонда дені сау баланың оқуға ынтасы зор болар еді», дейді ол.
Талдықорған қаласының тұрғыны, мұғалім Назкен Қараева: «Бала денсаулығы мен біліміне қатты алаңдаймын. Бірақ балам үшін сабақ оқып көргенім жоқ. Үй тапсырмасы босқа берілмейді, ол мектепте алған білімін нығайтуға арналған. Сөмкені де, үй тапсырмасын да алып тастауға мүлде болмайды», деп өз пікірін білдірді.
Ал Астана тұрғыны, медбике Жансая Әбдіқадырова: «Сөмкесіз оқушы бола ма, оған мектептер әлі дайын емес. Шетелмен салыстырмау керек. Оларда білім беру жолдары әртүрлі. Мәселен, таңертең кетіп, кешке бір-ақ келетіндері бар. Оқушы мектепте оқиды, демалады, түскі тамағын ішеді, үй тапсырмасын орындайды, үйірмесіне қатысады, бәріне үлгеруге болады. Бәріміз сөмке арқалап білім алдық, денсаулығымыз шүкір, жақсы», дейді.
Әр ата-ана үшін бала денсаулығы қашанда – басты назарда. Дегенмен бала саулығы үшін мектеп сөмкелерінің стандарттық салмағы, өзіндік бекітілген нормалары бар. Елімізде оқушының сөмкесіндегі заттың салмағы бала салмағының 10%-ын ғана құрауы керек. Яғни оқушының салмағы 30 кило болса, сөмкедегі зат 3 килодан аспауға тиіс. Бұл тепе-теңдік сақталғанда ғана бала денсаулығына қауіп төнбейді дейді мамандар. Мәселен, Минск қаласында оқушы сөмкелері мен портфолиосының салмағы былайша нормаланады. Бастауыш сынып оқушылары үшін сөмке салмағы 600-700 грамнан, ал орта және жоғары сынып оқушылары үшін 1 килограмнан аспауға тиіс. Ал АҚШ-тың тұтыну өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы жыл сайын сөмкеге байланысты жарақат алған 5 мың бала Төтенше жағдайлар басқармасына жіберілетіні және 14 мыңнан аса бала сөмке артынған кезде алған жарақатына байланысты емделетіні туралы ақпаратпен бөліседі. Яғни америкалық Ортопедиялық хирургтер академиясы дұрыс пайдаланылмаған сөмкелер бұлшықеттер мен буындарды зақымдауы және арқа, мойын және иықтың қатты ауырсынуына, сондай-ақ ыңғайсыз қалыпқа әкелуі мүмкін екенін айтады.
Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының 74-тармағына сәйкес күнделікті оқу жиынтығының салмағы: 1-3 сыныптардың білім алушылары үшін – 1,5-2 кг, 4-5 сыныпқа – 2-2,5 кг, 6-7-сыныпқа – 3-3,5 кг, 8-11(12)-сынып оқушылары үшін 4-4,5 кг болып бекітілген. Оны бақылау үшін балалардың мектеп портфельдерін өлшеуге қойылатын талаптар болмағандықтан, білім беру объектілеріне қатысты тексерулер жүргізілмейді. Осыған байланысты халықтың санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мамандарының мектеп портфельдерінің салмағына күнделікті мониторингті жүзеге асыруы мүмкін емес. Сондықтан денсаулық сақтауды, аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету және тиісті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасау үшін министрлік оқушылардың сөмкелерінің салмағын мониторингтеу жергілікті білім басқармаларының бастамасы бойынша ата-аналармен бірлесіп жүзеге асырылуы керек деп санайды. Мысалы, ойыншықтар, күнделікті кестеде қарастырылмаған оқулықтар мен керек-жарақтар, ауыстырылатын аяқкиім, спорттық формалар санитарлық ережелермен белгіленген салмақтан асып кетуі мүмкін. Сондықтан бастауыш сынып жетекшілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ата-аналар сөмкені қажетті кестеге сәйкес күнделікті бақылауы қажет-ақ.
Ауыр сөмкелер бала денесін зақымдайтындықтан дәрігерлер сөмке сатып алған кезде де мұқият болып, бос сөмкенің салмағы жарты килодан аспауын ескертеді.
«Ауыр сөмке балаңызға қосымша жүк. Өкінішке қарай, мектеп портфолиосының салмағы ауыр, ата-аналардың алаңдауы орынды. Иықта, мойында ауырсыну, қолдың ұюы байқалуы мүмкін. Бұл бас ауруы, сколиоз, лордоз немесе кифоз ауруын шақыруы ықтимал. Сондай-ақ баланың сүйек аппаратының қалыптан тыс дамуы да қосылады. 6-7 жастағы балаларда ағзаның, тірек-қимыл аппаратының қалыптасуы жақсы жүреді, сондықтан оған ауыр затпен кедергі жасамауымыз керек. Көп ауру омыртқаның қисаюынан басталатындықтан бұл мәселеге бей-жай қарамаған дұрыс», дейді академик Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығының травматолог-ортопед дәрігері Досбол Ғалымұлы.
Қазір елімізде электронды оқулықтар арқылы оқушылардың ауыр сөмкелерді тасу мәселесін шешу жолдары қарастырылуда. Алайда электронды оқулықтың оқушы омыртқасына, өмір салтының қозғалыс-қимылына, шамадан тыс компьютерлік тәуелділікке әкелетінін де ескергеніміз жөн. Сондай-ақ қоғамда оқушыларға оқулықтардың екі жиынтығын, яғни біреуін үйге, екіншісін мектепке сатып алу арқылы ауыр сөмке салмағын едәуір жеңілдетуге болады деген ұтымды ұсыныстар да айтылуда. Айталық, АҚШ-та ауыр сөмкеден құтылу үшін оқулықтың біреуі мектепте, біреуі үйде тұрса, Швецияда 8-сыныпқа дейін оқушылар сөмке ұстамайды, яғни үй тапсырмасы берілмейді. Ал Еуропаның кейбір мемлекеттерінде оқушылар күнделікті үй тапсырмасын тек көшірме түрінде қағазбен ғана алса, Қытайда мектеп сөмкесін дәрігерлердің тексеруінен кейін ғана шығаруға рұқсат беріледі. Малайзияда оқулықтың орнына ноутбуктер қолданса, Израильде білім беру министрлігі бекіткен мектеп сөмкесінің массасын ата-аналар комитеті қадағалайды екен.
Байқағанымыздай, ауыр сөмкеден арылу мәселесі әр елде бар және оны шешу мәселесі де әртүрлі. Иә, мектеп – тек ғимарат қана емес, балалардың білімімен қатар денсаулығына да жағдай жасайтын қастерлі де қасиетті шаңырақ. «Ұлт болашағы – дені сау, білімді ұрпақ» екені әсте есімізден шықпауға тиіс.