Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ басшылары мен өкілдері, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар, журналистика факультетінің профессорлары, оқытушылары мен студенттері қатысты.
Конференция аясында ұлттық идеология, ақпараттық қауіпсіздік, қазір белсенді қолданысқа енген жаңа медиа трендеріне қатысты өзекті мәселелер қарастырылып, журналистік білім берудің бүгінгі келбеті мен ертеңгі бейнесі талқыланды.
Конференцияны университет ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. Ол өз сөзінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның сіңірген еңбегін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалағанын ерекше атап өтті.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Қырғыз Республикасы ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылжан Ақматалиев, жазушы-публицист «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Жанарбек Әшімжан баяндама жасады. Қонақтар естеліктерімен бөлісіп, Шерхан Мұртазаның қайталанбас тұлға, ұлы жазушы, публицист, теңдесі жоқ шебер аудармашы екенін атап өтті.
Конференция қатысушыларына Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау хаттары оқылды. Ал Шерхан Мұртазаның бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» романын тәржімалаған түрік жазушысы, ғалым және аудармашы Ашур Өздемир онлайн форматта құттықтау жолдады.
Жиын аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылу салтанаты мен тұсаукесері өтті. Көрнекті мемлекет қайраткері, халық жазушысы және журналистің өмірі мен қызметі туралы мол мағлұмат беретін заманауи технологиялармен жабдықталған оқу зертханасы ашылды.
Жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылығы болашақ журналистерге үлгі-өнеге болып, заманауи техникамен жабдықталған оқу залы шәкірттердің шеберлігін шыңдауға, жазу машығын қалыптастыруға үлкен көмегін тигізері сөзсіз деп ойлаймыз.
Сафура БӨРІБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы