• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 07 Қараша, 2022

Нұржан Қабдолданов: Қалдықты өңдеу қалпына түсе бастады

283 рет
көрсетілді

Үкімет қаулысына сәйкес 2022 жылдың 18 қаңтарында өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің жаңа операторы болып «Жасыл даму» АҚ айқындалған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес утилизациялық алымды қабылдап келген жекеменшік компания бүгінгі таңда 100 пайыз мемлекет еншісіне өткен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты кәсіпорын 9 айда қандай шаруа атқарғанын білу үшін «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолдановты әңгімеге тарттық.

– Нұржан Кеңесбайұлы, бірден көптің көкейінде жүрген сауалдан бас­тасақ. Ескі ауылшаруашылық техни­касын жеңілдік сертификатына алмас­тырғандар кейін сол сертификатын кәдеге жарата алмай, авто­салондар қа­былд­амады. Осы мәселе шешілді ме?

– Бүгінгі таңда «Жасыл даму» АҚ Үкіметтің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №20 қаулысын іске асыру шеңберінде «ӨКМ Операторы» серіктестігінің кәдеге жаратуға тапсырылған ескі көліктер мен агротехникаларға ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдік сертификаттарын өтеу туралы құқықтық міндеттемелерін орындау жұмысын толығымен аяқтады деп айтуға болады. Әрине, бұл бір-екі айдың ішінде біте қалатын жұмыс болған жоқ. Өйткені «ӨКМ Операторы» қызмет еткен уақыттағы жұмыстарға аудиторлық тексерістерден бөлек, құ­зырлы орган тарапынан тергеу жұ­мыстары жүргізілді. Осы процестерге байланысты жеңілдік сертификаттарын қаржыландыру уақытша тоқтатылған еді. Қазіргі таңда «Жасыл даму» АҚ отандық автоөндірушілерден агротехника мен көлік құралдарын сатып алу үшін «ӨКМ Операторы» берген жеңілдік сертификаттарын қаржыландыруды қай­та бастады. Нәтижесінде, 8 бірдей авто­өндіруші 176 автокөлік моделін же­ңілдік сертификаты арқылы сатып алуды ұсынып отыр. Енді қолданыстағы же­ңілдік сертификаттарының иелері жаңа көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін отандық автоөндірушілерге жүгінуіне мүм­кіндік бар. Өндірушілер мен көлік модель­дерінің тізімі «Жасыл даму» ком­паниясының ресми сайтында тұр. Ал ескі көліктерін ақшалай өтемақыға тапсырғандар да тиісті төлемін ала алады. Бүгінгі таңда олар өзде­рінің өтініштерін жолдап, банктік дерек­темелерін ұсынды. Төлем жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мерзімі өткен жеңілдік сертификаттарын пайдалану мәселесі бар. Қазіргі уақытта біз автоөндірушілерді ын­та­ландыру қағидаларына тиісті өзгеріс­тер енгізуді жүргізіп жатырмыз. Сол жұмыс­тар аяқталғаннан кейін мерзімі өткен сертифаттарды пайдалану мүмкін болады. Сондықтан ескі көлігін тапсырған азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ.

– Мамыр айында сырттан әкелі­нетін көліктерге утилизациялық алым 50 пайызға төмендетілді. Жаңа мөл­шер­леме іске қосылған уақыттан бері елі­мізге қанша көлік әкелінді және олар­дан түскен қаражат мөлшері қан­ша?

– Сырттан әкелетін техникаларға утилизациялық төлемді төмендету бо­йын­ша жыл басында Президент тапсырма жүктеді. Экология, геология және табиғи ресустар министрлігі арнайы жұ­мыс тобын құрып, оның құрамында Индус­трия және инфра­құрылымдық даму министрлігі, қоғам белсенділері, эко­лог­тер, автоөндірушілер мен са­ла сарап­­шылары қызу талқы жасады. Соның нәтижесінде утили­за­ция­лық алым мөлшері 50 пайызға тө­мен­детілді. Сонымен қатар халық­аралық тасымалдарға қатысатын ер­шікті тартқыш техникалар кәдеге жа­рату алымынан босатылды. Жаңа мөлшерлеме енгізілген күннен бастап (2022 жылдың 14 мамыр) бүгінге дейін отандық автоөндірушілер мен сырттан әкелінген көлік құралдарына кәдеге жарату төлемі үшін 71 млрд теңге қаражат төленді. Бұл 67 410 жеңіл автокөлік, 1 293 автобус, 9 350 жүк көлігі, 4 082 агротехника (комбайн-трактор) болды.

– Утилизациялық алымнан түсіп жатқан қаражат қандай бағыттарға жұмсалып отыр?

– Кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат экологиялық кодекстің 388-ба­бына сәйкес көрсетілген бағыт­тарға жұм­салады. Яғни қаптама қалдық­тарынан бас­тап, автокомпонент қалдық­тарын жи­­­нау, қайта өңдеу, кәдеге жа­рату, заң­­сыз қоқыс алаңдарын жою, қауіпті қал­дықтарды басқару жұ­мыс­­тарына бағытталады. Сонымен қатар экологиялық таза автокөлік өндіруші­лерді қаржылай ынталандыру қарас­тырылған. Аталған бағыт бойынша «Жасыл даму» АҚ Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға жеңіл­детілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Жеңіл көлік пен ауыл шаруа­шы­лығы техникасын жеңілдетілген лизинг­ке беру бағдарламасына «Жасыл даму» АҚ есебінен биыл 130 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар қалдық басқарудың жүйесін дамытуға баса назар аударылады.

– Ұйымның негізгі бағытының бір тармағы – тұрмыстық қалдықты реттеу, қалдық өңдеуге қажетті инфра­құ­рылымды жасақтау. Бүгінгі таңда қал­дықты кәдеге жаратуға қандай жағ­дай жасалып жатыр?

– Қазақстан «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына сәйкес 2030 жылға қарай қайта өңделген қалдық үлесін 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізу межесі қойылған. Бүгінгі дерек бойынша өңделіп жатқан тұрмыстық қалдық үлесі 21 пайыздан асып отыр. Әрине, бұл – көңіл көншітетін нәтиже емес. Дегенмен де ілгері басу бар. 2017 жылы қалдық өңдеу көлемі 9 пайыз еді. Жылдан жылға оның көлемі артып келеді. Қазір қайталама шикізатты өңдейтін кәсіпорындардың саны да өсіп отыр. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықты жинайтын шағын бизнес субъектілері де көбейді. Жақында Өскемен қаласында өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптай алатын автоматты кешен іске қосылды. Сұрыптау желісін Грек компаниясы орнатты. Мұндай автоматтандырылған кешен әзірге Қазақстанның ешбір ай­ма­ғында жоқ. Дәл осындай кешен ал­дағы уақытта Семей қаласында да іске қосылады. Бұған қоса Ақтөбе қаласында да жартылай автоматтандырылған кешен салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда қажетті құрылғылар аталған қалаларға жет­кізілген. Енді жергілікті әкімдік нысан қабырғасын тұрғызып берсе болды. Аталған үш қалаға сұрыптау желісі са­лынбас бұрын қоқыс контейнерлері мен арнайы техникалар сатып әперілді. Нәтижесінде, қалдық сұрыптау жүйесіне қала халқы бейімделе бастады. Жалпы, қалдықтың жүйелі басқарылуы үшін өзге қалаларды да қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау кезек-кезеңімен жүзеге асыру жағы қарастырылуда. Жоғарыда айтқан өңдеу көлемін арттыру жұмысы – бір айдың немесе бір жылдың ішінде қол жеткізетін нәтиже емес. Барлық қадам жүйелі түрде жүзеге асырылады.

– Қолдау демекші, «ӨКМ Опера­торы» жұмысын тоқтатқаннан кейін қап­тама қалдығын жинайтын, өң­дейтін кәсіпорындарға қолдау көрсету жа­ғында өзгерістер болды ма?

– «ӨКМ Операторы» кезінде қаптама қалдығын жинайтын, тасымалдайтын және өңдейтін кәсіпорындарды қар­жы­ландыратын «EcoQolday» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған еді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы жекеден мемлекеттік мекемеге өт­кеннен кейін, аталған жүйенің жұ­мысы қайта қаралуда. Яғни «Жасыл даму» аталған бағдарламаның жүйесін ақпа­рат­тық қауіпсіздік жағынан сынақтан өткізуге техникалық құжаттама әзірлеп жа­тыр. Ақпарттық қауіпсіздік туралы заңнамаға сай келетін болса, оған зият­керлік меншік құқығын рәсімдеу қажет. Осымен қатар қолданыстағы заң­намаға қосымша өзгертулер мен толық­­тырулар енгізілуі шарт. Жалпы алғанда «Жасыл даму» өзіне жүктелген міндет­темелерді толығымен орындайды. Қаптама қалдығын жинап, оны кәдеге жаратушы кәсіпорындар алдындағы «ӨКМ Операторы» берешегі бүгінгі таңда қайтарылып жатыр. Қайта өңдеуге тапсырылған шикізат пен өңделген өнім көлемін растаған кәсіпорындарға 196 млн теңге қаражат төленді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»