• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Қараша, 2022

«Астана» – қасиетті санның иегері

175 рет
көрсетілді

Тоғыз айға жалғасып, толғағы жеткен футболдан 2022 жылғы Қазақстан чемпионаты «Астананың» жеңісімен аяқталды. Наурыздың алғашқы аптасында басталған доп додасы қарашаның бірінші жексенбісінде тізгін тартты. 26 тур бойы турнир кестесінің алғашқы үштігінен түспеген «Астана» соңғы турда жеңіске жетіп, ел тарихындағы жетінші чемпиондығына қол жеткізді. Ұзақ үзілістен кейін жүлдегерлер қатарынан көрінген «Ақтөбе» екінші орынға жайғасса, былтырғы ел чемпионы – «Тобыл» үшінші орынға табан тіреді.

Отандық футболшы және функционер Михаил Гурманның құрметіне өткізілген ел бірін­ші­лігінің соңғы турында чем­пион­дықтан үміткер «Астана» Қара­ғандыға сапар шегіп, жер­гі­лікті «Шахтер» клубымен кездессе, «Ақтөбе» өз алаңында Алматының «Қайратымен» жасыл алаңда жолықты. Жарыс жеңімпазын анықтап беретін екі матчта да бас жүлдеден үміт­ті командалар жеңіске жет­ке­німен, соңғы тур алдында «Ақ­тө­бенің» алдын орап кеткен елордалық ұжым Қазақстан бірін­шілігінің 30-шы маусымында топ жарды. 26-турда «Астана» сырт алаңда «Шахтерді» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, «Ақтөбе» жан­күйер­лерінің қызу қол­да­уы­ның ар­қа­сын­да «Қай­рат­ты» ірі есеппен жеңді – 4:1. Осылайша, «Астана» – чемпион, «Ақтөбе» футболшылары күміс жүлдені мойнына ілді.

«Қайраттың» соңғы турдағы жеңілісін Қостанайдың «Тобы­лы» тиімді пайдаланып, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Оралда жергілікті «Ақжайықпен» ойнаған «Тобыл» бұл матчта жеңіске жетіп қана қой­май (3:1), алаң иелерін Премьер-лигадан шығарып жі­берді. Сөйтіп, «Ақжайық» ке­ле­сі маусымды Бірінші лигада өткізетін болды. Игорь Сергеев пен Серж Дебле дубліне «Ақжайық» футболшысы Илья Коваленко бір доппен жауап қайтарғанымен, командасын жоғары топта сақтап қала алмады. Дей тұрғанмен, Орал клубы үшін биылғы футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. Олар 12 қарашада Шымкенттің «Ордабасы» клубымен Қазақстан кубо­гын сарапқа салады. Жеңіске жет­кен ұжым келер жылғы Еуро­кубок ойындарына жолдама алады.

Сондай-ақ келесі жылы «Ақ­жа­йықпен» бірге Түркіс­тан­ның «Тұраны» да Бірінші лигада доп тебетін болды. Бірер жыл бұрын ғана жоғары топқа қосылып, атауын «Тұран» деп өзгерткен оңтүстіктің командасы соңғы турда «Тараздан» басым түссе де (3:2), бәрібір Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алмады.

Ал Бірінші лигада жеңіске жеткен Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен екінші орынға табан тіреген Қызылорданың «Қайсары» Премьер-лигаға жолдама жеңіп алды. «Оқжетпес» 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша төменгі лигаға түсіп қалғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Енді, міне, араға екі жыл салып, жоғары топқа қайта қосылды. «Қайсар» Бірінші лигада бір ғана маусым өткізді. Сөйтіп, келесі жылғы ел чемпионатында «Оқжетпес» пен «Қайсар» «Ақжайық» пен «Тұранның» орнын басатын болды.

Биылғы футбол маусымының статистикасына аз-кем тоқталып өтер болсақ, 26 турда 53 ұпай жинап, чемпион атанған «Астана» осымен жетінші мәрте қос құ­лақ­ты кубокты олжалап, ел біріншілігінде ең көп жеңіске жет­кен команда ретінде рекорд орнатты. Бұған дейінгі ре­корд та «Астанаға» тиесілі еді. Қазақстан чемпионатында бес мәрте топ жарған «Ақтөбе» екінші орында келеді. Сондай-ақ елордалық команда 26 турдың 16 кездесуінде жеңіске жетіп, 5 матчта қарсыластарымен тең түссе, 5 ойында жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. «Астана» футболшылары қарсыластары қақпасына жалпы саны 65 гол соғып, өз қақпаларына 24 гол өткізіп алды.

Бір маусымда 18 гол соққан «Астананың» португалиялық футболшысы Педро Эуженио үздік сұрмерген атанды. Екінші орынды «Астананың» тағы бір өкілі, хорватиялық Марин То­масов (15) иеленсе, үздік үш­тікті «Атыраудың» шабуылшысы Андрия Филипович (13) түйін­деді. Байқап отырсаңыздар үш мерген де легионер.

Чемпионаттың ең тәртіпсіз командасы ретінде біріншілік дебютанты «Мақтаарал» көзге түсті. 26 ойында Түркістан облысы клубының жеті футболшысы төреші тарапынан «қызыл» қағазбен жазаланып, алаңнан қуылған. Кейінгі орындарға «Тұран» (6), «Шахтер», «Қай­рат», «Тараз» (5) клубтары жай­ғасқан. Ал «Астана» мен «Қызылжар» футболшыларына тек бір-бір мәрте «қызыл» қағаз көрсе­тілген. Жалпы, осы маусымда 51 футболшының «қызыл» қағазбен жазаланғанын айта кетейік.