Жуырда Шымкент қаласының 11-шағын ауданында айрықша сәулет үлгіде безендірілген гүлзар ашылды. Аталған нысанның ашылуы салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Шаһар басшысы мәлімдегендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мегаполисте халыққа жайлы орта қалыптастыру жұмыстары өз деңгейінде атқарылуда. Соның бірден-бір мысалы ел игілігі ретінде тапсырылған жаңа гүлзарды атауға болады. Ең басты мақсат – қала тұрғындары мен балалардың сейіл құрып, серуендейтін орнының болуы. Осылай деген әкім ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керектігін тиісті мекеме мен тұрғындар есіне салып қойды. Өз кезегінде қала жұртшылығы да шаһарда жүріп жатқан абаттандыру жұмыстарына байланысты жергілікті әкімдікке алғыстарын жаудырып, данагөй қариялар ақ батасын берді. Кездесу барысында қала басшылығы гүлзар аумағына қосымша тал-дарақтар екті.
Бір айта кетерлігі, жаңа гүлзардың сырт келбеті ерекше үлгіде салынған. Құрылысқа жауапты мамандар демалыс аймағының, әсіресе кешкі уақытта құлпыра түсетінін айтады. Ал гүлзардың жалпы аумағы 1,6 гектарды құрайды. Аллея учаскесі мен көпқабатты бірнеше үйдің ауласы ортақ сәулеттік ансамбльге біріккен. Сонымен бірге мұнда амфитеатр, субұрқақтар, шахмат ойнайтын жер, велосипед пен көлік тұрағы, үстел теннисіне арналған алаң, әртүрлі тренажерлер, баскетбол пен футбол ойнайтын алаңқайлар және арқан паркі болады деп қарастырылған. Аталған нысанды салып жатқан бас мердігер – «Импульс» ЖШС құрылысты мерзімінен кешіктірмей толық аяқтауға уәде беріп отыр.
Сондай-ақ жуырда өткен Республика күні мерекесіне орай шаһардың Қазыбек би мен І.Есенберлин көшелерінің қиылысында тағы бір гүлзар салтанатты түрде ашылды.
Тұрғындарға мерекелік тарту болған гүлзар демеушілер есебінен салынған. ARG компаниясы А.Пушкин атындағы кітапхананың ескі ғимаратының орнын абаттандырып, халыққа арнап демалыс орнын жасап берді.
Осы ретте қала әкімі азаматтық танытып, мереке күнінде халыққа осындай үлкен гүлзар ашып берген ARG компаниясының басшылығына алғыс айтты. Сонымен бірге мегаполистегі өзге де ірі мердігер компанияларды осы секілді жобаларға қолдау көрсетуге, шаһардың сәулеттік дамуына атсалысуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылда ормандарда – 2 млрд, ал елді мекендерде 15 млн көшет егуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте тал егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының берген мәліметі бойынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында мегаполисте жалпы саны 20 мыңнан астам тал көшеттері егілген. Соның ішінде 4 аудан мен дендросаябақ және қала маңындағы жасыл белдеуге де тал-дарақтар отырғызылды.
Тал егумен қоса демалыс орындарын да көбейту жергілікті әкімдіктің күн тәртібінде тұрған мәселе. Жалпы, қазіргі таңда Шымкентте саябақтар саны 9, бұдан бөлек 39 гүлзар бар. Жоспарға сай алдағы уақытта мегаполистің көгалды аймағы мен демалыс орындарын көбейту мақсатында тың жобалар қолға алынады. Жаңа гүлзарлар да соның есебінен салынып жатыр.
Жоғарыда аталған басқармаға 9 саябақ және 39 гүлзардан бөлек, 50 ескерткіш, 44 ұңғыма мен 37 субұрқақ қарайды.
Өз кезегінде саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін конкурс жеңімпазы «Жасыл жер» ЖШС болып танылды. Ал ескерткіштердің тазалығы мен бүтіндігін қамтамасыз етуші мердігер мекеме конкурс қорытындысымен «AICOM» ЖШС анықталды. Сондай-ақ Шымқаладағы субұрқақтар мен ұңғымаларға «Dim Nur company» ЖШС жауапты.
Басқарма таратқан өзге де мәліметтерге сәйкес қала аумағындағы саябақтар мен гүлзарларды көріктендіру мақсатында қаңтар айында 75 641 дана қызғалдақ гүлі егілді. 8 саябақ, 27 гүлзар, 33 субұрқақ, 33 ескерткіштің мемлекеттік тіркеу актілері қайта тіркеліп құжаттандырылды. 12 гүлзар, 17 ескерткіш пен 5 субұрқақтың жерге орналастыру құжаттары дайындалып, мемлекеттік актісі рәсімделуде. Басқармаға қарасты 37 субұрқаққа қысқы консервация жұмыстары жасалынды. Қаладағы саябақтар мен гүлзарларға 4000 дана ағаш көшетін отырғызу биылғы жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында жүзеге асырылады. Қазіргі таңда көшеттердің 500 данасы егіліп қойды. Сонымен бірге 6 гүлзарға далалық зерттеу актілері жасалынып, құрылыс жұмыстарына сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде.
Жалпы, шаһар басшысының қала аумағындағы жасыл желек көлемін ұлғайту тапсырмасына орай, көшелерге, аулалар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егу жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Мәселен, осы күні Орталық, Абай, Тәуелсіздік саябақтарына және Чернобыль құрбандарын еске алу мен А.Асқаров атындағы дендрологиялық паркіне жалпы саны 250-дей туя, арша және жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызылып жатыр.
Бұдан бөлек, биыл шаһарда 6 жаңа гүлзар салу жоспарланған болатын. Олар Сайрам көшесінде, Нұрсәт және Төменгі Отырар шағын аудандарында, сондай-ақ «Север» сауда үйінің маңында орналаспақ.
Басқарма таратқан мәлімет бойынша, Amanat партиясының «Өзгеріс жолы: барлығына лайықты өмір» сайлауалды жол картасы межеге сай орындалып келеді. Мәселен, «Birge-taza Qazaqstan» экологиялық акциясына жүз мыңға жуық адам тартылып, тазалық жұмыстарына екі жүзден астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 40 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Қоқыс қалдықтарын бөлек жинау арқылы қайта өңдеу мен кәдеге жарату 25 пайызға жеткізілді. Биыл «Шымкент», «Шапырашты», «Сай ниже водопада» каналдарының мердігері анықталып, жөндеу жұмыстары 20 пайызға атқарылды. Ал «Шымкент» каналын қалпына келтіру ісі келесі жылы жалғасатын болады. Мемлекет-жекешелік әріптестігік аясында жалпы ұзындығы 122,3 шақырымды құрайтын 17 каналдың механикалық тазалануы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде 97,7 шақырымды құрайтын 7 канал мен 2 өзен арнасы тазаланып жатыр. Алдағы уақытта 11 гектарды құрайтын Шымсая шатқалында 8 мыңнан астам ағаш көшеті егіледі. Олардың қатарында терек, жиде, глядичия, жабайы өрік және айлант бар. Қараша айында көшет егуге арналған шұңқырларды бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге Тұран шағын ауданындағы 134 гектар аумаққа 111622 дана қарағаш көшеті отырғызылады. Бұл жұмыстарды атқаруға 30 жұмысшы тартылады. Мамандардың айтуынша, алдымен 15 күн бойы жер жыртылады. Сосын топырақ екі-үш қайтара майдаланып, ағаш көшеттері егіледі. Отырғызылған тал-дарақтардың түбін таптау, суару, шұңқырларын жасауға кемі бір ай уақыт кетеді.
2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. «Жасыл Қазақстан» сол жобалардың бірі саналады. Аты айтып тұрғандай, бұл жобаның мақсаты – өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту, халық тұратын аймақтың табиғатын сақтау. Сонымен бірге осының аясында республика көлемінде 8 мыңнан астам қоқыс қалдығын сұрыптап жинауға арналған контейнерлер орнату көзделуде. Бұл ретте Шымкент қаласында 4 аудан бойынша 128 контейнер мен 884 экобокс қою жоспарда бар.
Республикадағы үшінші мегаполисті жасыл желекке айналдыру бағытында бүгінге дейін біршама іс атқарылды. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдік тарапынан алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
ШЫМКЕНТ