Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айында жарияланған саяси бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңнамалық актіге қол қойды. Бұл заңдардың айтарлықтай бөлігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын конституциялық қорғау институттарын нығайтуға, оның ішінде «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға қатысты.
Құқықтарымыз бен бостандықтарымызды қорғау туралы айтар болсақ, билікті бөлу жүйесінде соттардан басқа бұл маңызды функцияны прокуратура да атқаратынын түсіну керек. Ендігі жерде прокуратураның құқық қорғау әлеуеті конституциялық заңмен нығайтылды. Атап айтқанда, Бас прокурорға Конституция нормаларын түсіндіру, халықаралық шарттар мен нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселелері бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді.
Сондай-ақ заңда адам, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қалпына келтіру бойынша прокуратураның Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылы қарастырылған. Өзара әрекеттесу механизмінің құқықтық консолидациясы азаматтардың құқықтарын қорғауға біршама мүмкіндік береді.
Сонымен қатар заң прокуратураның заң шығарушылық қызметінің ашықтығын белгілейді. Енді Бас прокурордың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері міндетті түрде жарияланады.
Бүгінгі таңда азаматтарды құқықтық қорғау саласында қабылданған заңнамалық актілер институттардың өзін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау рәсімдерін жетілдіруге бағытталған. Бұл біздің елімізде ажырамас конституциялық азаматтық және саяси құқықтар мен бостандықтардың жалпы сақталуына оң әсер етуге тиіс.
Гүлмира ТОҚАНОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері