• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қараша, 2022

Табыс көзіне айналатын жоба

314 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында ауыл адамдарының табысын арттырып, жұмыссыздықты азайту және әр отбасының кірісін ұлғайту мақсатында «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы басталды. Тұрғындардың өз ауласын табыс көзіне айналдыру жобасына 12 аудандағы 24 ауылдық округтің 42 400 тұрғыны қатысады.

Аталған аудандарда 747 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, 151 отбасы атаулы әлеуметтік кө­мек алып отыр және өзін-өзі жұмыспен қамтыған әрі тұ­рақ­ты табысы жоқ тұрғындар са­ны 5 мыңнан асады. Жобаға қаты­сушылар ауылдағы үйлерін кепілдікке қойып, пайыздық үс­темесі – 2,6 көлемінде банк­терден жеңілдетілген несие алып кәсіп ұйымдастырады. Бұл жерде көкөніс өсіру, құс шаруашылығын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы өнім­­дерін өңдеу жобаларына ба­сымдық беріледі. Осы мәсе­ле­лер ауыл шаруашылығы саласы­ның мамандары мен тауар өнді­ру­ші­лері қатысқан кеңесте айтылды.

Өңір басшысы Ералы Тоғ­жанов ауыл адамдарының табысын арттыру мақсатында қол­ға алынған қанатқақты жо­ба­ның маңыздылығы туралы былай деді: «Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел эконо­микасының жаңа қозғау­шы күші болатынан айтып өтті. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындауға кіріскенін мақтанышпен айта аламын. Жобаға қатысатын ауылдар толықтай скринингтен өткізіліп, әлеуметтік бейнесі анықталды. Скрининг нәтижесінде, нақты жұмыссыздар саны мен өзін-өзі қамтушылар саны, әр от­ба­сы­ның табысы айқындалды. Біз таңдалып алынған елді ме­кендерді мал және құс еті, көк­өніспен қамтамасыз ету деңгейін дамытуға қажетті өндіріс түр­лерін белгіледік».

Атап айтқанда, жобаға Алға ауданынан Бесқоспа, Үшқұдық ауыл­дық округтері (766 аула), Әйтеке би ауданынан Аралтоғай және Құмқұдық ауылдық округ­тері (532 аула), Байғанин ауданынан Көлтабан және Қызылбұлақ ауылдық округтері (798 аула), Қарғалы ауданынан Кемпірсай және Қосестек ауылдық округтері (686 аула), Қобда ауданынан Бесқұдық, Талдысай ауылдық округтері (485 аула), Мәртөк ауданынан Қаратоғай және Тәңірберген ауылдық округтері (727 аула), Мұғалжар ауданынан Еңбек және Жұрын ауылдық округтері (989 аула), Темір ауданынан Ақсай және Саркөл ауылдық округтері (1138 аула), Ойыл ауданынан Саралжын және Көптоғай ауылдық округтері (511 аула), Хромтау ауданынан Ақжар және Тасөткел ауылдық округтері (636 аула), Шалқар ауданынан Есет Көтібарұлы және Шалқар ауылдық округтері (257 аула), Ырғыз ауданынан Қызылжар және Тәуіп ауылдық округтері (529 аула) қатысады.

Мәселен, Мұғалжар ауданынан 8 елді мекені бар Еңбек және Жұрын ауылдық округтері бойынша 324 жобаға қатысушы анықталса, оларға берілетін жалпы несие көлемі 182 млн теңгені құрайды. Мұғалжарлықтар құс өсіруге басымдық беріп, сондай-ақ орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға 16 жоба ұсынды. Ауыл тұрғындары үйлерін кепілдікке қойып, арзан несие рестурстарына қол жеткізбекші. Егер 8 елді мекенде жоба сәтті жүзе­ге асар болса, аудандағы ауыл­дық округ­тердің барлығы да қатысады.

Хромтау ауданының Ақжар және Тасөткел округтеріне 5 елді мекен қарайды. Мұндағы тұрғындар саны – 3 338 адам, 636 – аула бар. Осы 636 ауланың 32 %-ы жобаға қатыспақшы. 3 338 тұрғынның еңбекке жарамдысы – 2 084 адам. Қазіргі кезде 5 ауылда 219 тұрғын жұмыс­пен өзін-өзі қамтыған болса, 43 тұрғын жұмыссыз ретінде тір­келген. Қанатқақты жобаға жұ­мыс­пен өзін-өзі қамтыған 219 адамның 87-сы қатысады. 42 мың шаршы метр жерге көкөніс егіліп, 10 жылыжай салынып, 460 бас қаз, 23 850 бас тауық, 100 бас бөдене сатып алынады. Барлық аула бір кооперативке біріктіріліп, шаруаға қажетті ауыл ­шаруашылығы техникасы келеді. Бастапқыда жалпы құны 100 млн теңге болатын 11 жоба жүзеге асырылады. Оған екі нау­байхана, тігін цехы, кондитерлік цех ашу жоспарланған.

Шалқар ауданынан «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын Есет Көтібарұлы және Шалқар ауылдық округтеріне 4 елді ме­кен кіреді. 4 ауылда 257 үй бар, 1 484 адам тұрады. Қанатқақты жобада көкөніс түрлерін егу, құс өсіру және ауыл шаруа­шы­лығымен бай­ланысты ша­ғын кәсіпкерлікті да­мытуға басым­дық беріледі. Әзір­ге 135 жоба бекітілді. 2 коопе­ра­тив құрылады, 2 сүт өңдейтін, 2 ет өңдейтін цехтар, 5 жылыжай құрылысы жоспарланған. 45 өсімдік шаруашылығы, 45 құс шаруашылығы құрылады. Ауылда төрт көлік жөндейтін орталық ашылып, қоғамдық монша салынады. Осыны іске асырғанда ауыл тұрғындары өздерін картоппен қамтамасыз етуді 30%-дан 41,1%-ға, сәбізбен қамтамасыз етуді 23%-дан 61%-ға, жуамен қамтамасыз етуді 15%-дан 37,1%-ға ұлғайтпақшы.

«Ауыл аманаты» жобасының түпкі нәтижесі – әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасының өз ауласынан табыс тауып, та­би­ғи таза өнімды сату жолын ұйымдастыру. Мал өсіре ме, жылыжай аша ма, құс шаруа­шылығын жолға қоя ма, оны кәсіби түрде ұйымдастыру көз­делген. Ал қажетті техника­мен қамтамасыз ету мен өнім­ді сату жағын кооператив ше­шеді. Қазіргі кезде Ақтөбе об­лы­сы азық-түліктің 60-70 пайы­зын сырттан импорттайды. Әлі күнге дейін өзімізде өндірілетін жұмыртқа, сары май, сүт өнімдерімен, тауық етімен тұрғындар сұранысын толық қамтамасыз ете алмадық. Сырттан тасымалданатын азық-түлік тауарларының бағасы ай сайын қымбаттап жатқаны тағы белгілі. Бұл әр отбасының бюджетіне ауыр салмақ. Сол үшін де қаланы ауылдың табиғи азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуін сауатты түрде жолға қою – стратегиялық қадамдардың бірі. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ешқашан да маңызын жойған емес.

 

Ақтөбе облысы