• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 08 Қараша, 2022

Президент Атырау облысында шығармашылық орталықтарын салуды тапсырды

329 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесіне, сондай-ақ балабақшалардың жетіспеушілігіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Білім беру және мәдениет саласын дамыту қажет. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Балабақшалар да жетіспейді. Қазір 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселені шешуге қажетті қаржы қарастырылған», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 11 мектеп салынады. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындау керек. Үкімет және әкімдік оның уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қатаң бақылауға тиіс.

«Атырау облысында кәсіптік және техникалық білім беретін 24 мекеме бар. Онда 16 мың студент білім алып жатыр. Бірақ, осы колледждердің түлектері көбіне жұмыс таба алмай қиналады. Бұл мәселе әр облыста бар. Оқу-ағарту министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, кәсіптік-техникалық оқу орындарын еңбек нарығына бейімдеу үшін нақты шара қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент жоғары білімнің қолжетімді болуы, білім сапасын арттыру, жаратылыстану және техникалық бағыттағы университеттерді дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті. 

«Мен қыркүйектегі өз Жолдауымда осыған қатысты бірқатар міндет жүктедім. Менің бастамаммен Атырауда Ресейдің Губкин атындағы мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Аталған университеттің түлектеріне еңбек нарығында сұраныс көп болады деп сенемін. Менің тапсырмаммен Қазақстанның іргелі жоғары оқу орындарында білім алу үшін батыс аймағындағы жастарына 10 мың грант бөлінді. Бірақ, осы гранттармен оқуға түскен бала көп емес. Мен бұл туралы кеше Ақтауда да айттым.  Атырау облысына бөлінген 4 мың гранттың 800-ге жуығы ғана игерілген. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әкімдік құзырлы министрліктермен бірлесіп, осы мәселе бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырды.

«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы –Құрманғазының атымен атауды ұсынамын», деді ел Президенті.

Сонымен қатар ол облыс орталығында отбасылық демалыс орындары және жастардың бос уақытын пайдалы өткізетін орталықтардың аз екенін айтты.

«Облыс орталығында отбасылық демалыс орындары және жастардың бос уақытын пайдалы өткізетін орталықтар көп емес. Жайық жағалауы абаттандырылды, «Жастар саябағы» салынды. Бұл орын жергілікті жұрт жиі баратын демалыс орындарының біріне айналды. Әкімдік осындай жаңа жобаларды қолға алуы қажет. Қаладағы барлық нысандар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болуы керек. Біздің қоғам үшін ең маңызды талаптың бірі – осы.

Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Мысалы, 10 жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілген жоқ. Тіпті, оның ғимараты жарамсыз күйге түсті. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандарды салып бітіру мәселесін біржола шешуге тиіс. Қажет болса, инвесторларды тартыңыздар. Халық мұндай ғимараттардың игілігін көруі қажет», деді Мемлекет басшысы Атырау жұртшылығымен кездесу барысында.