Қонысбек Ботбай өмірден озыпты, біраздан бері жанын қинап жүрген ауыр дерт ақыры алып тыныпты, деген суық хабар жүректі кәдімгідей жүдетті.
Қонысбекті студент шағынан білетін едім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында жастар газетінде істеп жүрген кезімде, мен басқаратын бөлімге келіп журналистік тәжірибеден өткен-ді. Әлі балаң студент болса да, жазуға жауапкершілікпен қарайтынын бірден байқатқан. Берілген тақырыптарды тап-тұйнақтай етіп орындауымен көзге түскен. Мақалалары да тоқтаусыз жарық көріп жатты. Университетті бітірер кезде, редакцияға арнайы соғып, сәл қысыла отырып: «Аға, жақында бізге жолдама беріп, жан-жаққа бөле бастайды. Сізбен ақылдасайын деп едім, осы газетте қалудың мүмкіндігі болар ма екен, жанымды салып жұмыс істер едім», – деген өтініші де есімде. Қолтаңбасы қалыптасып қалған журналист қай жерде де керек. Газет редакторы Сейдахмет Бердіқұл ағамызға барып, Қонысбектей дайын журналистің жастар газетіне лайық екендігін айттым. Ол кісі де студенттің жазғандарын байқап жүреді екен, қарсылығын білдірген жоқ. Сол 1982 жылы Қонысбек 300 мыңнан астам таралымы бар «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетіне қызметке келіп, көп уақыт өтпей-ақ қаламы жүйрік, қозғаған тақырыптарын тастай қылып орындайтын ізденімпаз жұрналшылардың біріне айналды...
1990 жылы «Ана тілі» газеті ашылып, оның бас редакторлығына «Жас Алашта» жауапты хатшы боп жұмыс істеп жүрген осы жолдардың авторы тағайындалды. Жаңа құрылған «Қазақ тілі» қоғамының жауынгер үні болуға тиіс Тіл және елтану апталығының жұмысын жоспарлау, қандай бөлімдерді ашқан дұрыс болады, деген мәселелерді ойластыру барысында, тіл қоғамының жұмысын жан-жақты көрсету үшін бір бөлімді «Тіл және әлеуметтік өмір» деп атау қажет шығар деген ой келген. Ал оны кім жүргізе алады? Әрине, Қонысбек. Дереу осы ұсынысымды Қонысбекке жеткіздім. Өзі де «Жас Алаштың» білдей бір бөлімін басқарып отырған ол, жаңа апталықтың мақсатын бағамдағаннан кейін бірден ауысып келуге келісті. Содан «Ана тілінің» алғашқы кезеңдегі дүбірлі шеруіне бел шеше араласып кетті. Бақыт Сарбалаұлы, Ертай Айғалиұлы, Ғарифолла Әнес сияқты жүйріктермен бірге Қонысбек те жаңа газеттің алғашқы түренін салуға белсене қатысты. Бірден халық көңілінен шыққан басылымға айналып, бірінші жылдың өзінде 111 мың таралым жинаған апталықтың сол дүмпулі өрлеуінде дәл осы құрамның қосқан үлесі орасан зор.
Үш жылдан кейін әрдайым ізденісте жүретін Қонысбек баспагерлік бағытқа қарай ат басын бұрды. Біртін-біртін ол іске де төселіп, өзі кейіннен құрған «ҚазАқпарат» баспасы еліміздегі жетекші корпорациялардың біріне айналды. Безендірілуі мен тұрқы бөлек неше түрлі құнды-құнды кітап өнімдері шығарылды. Соның бәрінің басында әуелден жүрдек ойлы жұрналшы, қаламы ширақ прозашы, баспа ісінің үздігі Қонысбек жүрген еді.
Қайран Қонысбек, енді сен де мәңгілік мекеніңе озыпсың. Мұндайда «қазаның алды иманды, арты қайырлы болсын» деп көңіл айтқаннан басқа не шара бар. Шыққанның есесін берсін, қалғанның берекесін берсін...
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ