Turkish Airlines компаниясы Алматы мен Астанадан Анкараға ұшатын рейстер ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы жылдың 20 қарашасынан бастап Түрік әуе компаниясы Алматы-Анкара бағыты бойынша аптасына екі рейс жиілігімен сейсенбі және жексенбі күндері А-320 және Боинг 737 типті әуе кемелерінде тұрақты жолаушылар рейсін орындауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар осы жылдың 5 желтоқсанынан бастап әуе компаниясы А-320 және Боинг 737 ұшақтарымен дүйсенбі және сәрсенбі күндері Астана мен Анкара арасында аптасына екі рейс жиілігімен ұшатын рейстерді жоспарлап отыр.
«Рейстердің ұлғаюы және ұшу географиясының кеңеюі Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді», деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
1 қарашада Pegasus Airlines түрік әуе компаниясы Алматы мен Анкара арасында рейс ашты. Қалалар арасындағы тұрақты рейстер аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері, A-320 және B 737 ұшақтарында жүзеге асырылады.