Кеше Көкшетауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова болып, көпбалалы аналармен, мүгедектігі бар адамдармен, зейнеткерлермен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Ел ішінде көкейкесті сауалдарына жан жұбатар жауап таппай жүрген жандар аз емес. Оның көпшілігі әлеуметтік-тұрмыстық жайға байланысты. Министрмен кездесу барысында көптеген сауалдың туындауы да сондықтан. Қолға алынып жатқан бірқатар шарадан құлағдар болғаннан кейін көпшіліктің кеудесінде үміт оты лаулағанын да айта кетелік. Министр көпбалалы отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртып, жетілдіру және зейнетақымен қамсыздандыру шараларын жан-жақты таратып, түсінікті етіп айтып берді. Халықты әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған әлеуметтік кодекстің жобасы әзірленгеніне де тоқталды.
– Кодекстің жобасын әзірлеу барысында ұзын-ырғасы 1 мыңнан аса ұсыныс түсті. 50-ден аса заң мен 200 заңға тәуелді актілер таразы басына тартылып, жан-жақты зерделенді. 80-нен аса заңға өзгерістер енгізілмек. Сондай-ақ 10 заң өзінің күшін жояды. Мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, аталған кодекс азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл орайда халықтың жекелеген осал санаттарын қолдау тәсілінен отбасын нығайту және дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылмақ, – деді министр.
Жұртшылықпен жүздесу барысында министр әлеуметтік кодексті жүзеге асыру құралдарының құрамдас бір бөлігі осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қанатқақты режімде іске қосылған Отбасының цифрлық картасы екеніне тоқталды. Жаңа жобаның жанашырлығы аз емес. Мәселен, мемлекеттік органдарға азаматтардың жүгінуін күтпестен проактивті форматта көмек көрсетуге жол ашпақ. Жоба қолға алынғаннан бері 36 мың адамға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету үшін СМС-хабарламалар жолданған. Бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 7 мыңнан аса адам пайдаланды. Жаңа жобаның тиімді екені алғашқы қадамнан-ақ байқалып отыр. Жиынға қатысқан жұртшылық та оның ең алдымен өздері үшін барынша қолайлы екенін ұғынып, көңілдері тоғайып қалды.
Ең алдымен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған сан салалы шаралардың түпкі негізі – әділетті орнықтыру. Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларымен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту, марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделгенін айтып өтті. Бұл жаңалықты жиынға қатысып отырған көпбалалы аналар қуана қабылдады. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде елдің қамын жеген қамқор қадамның белгісі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын арнайы жинақтау шоттарына аудару көзделген. Бұл да, шын мәнінде, әділдіктің салтанат құруы.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін уақыт талабына сай жаңғырту қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен жүзеге асырылмақ. Бұдан басқа да арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасының жұмыссыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда.
– Әлеуметтік кодекс жобасында жалпы тарифтердің орнына арнайы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидаты енгізу көзделіп отыр. Қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектің тобын белгілеу, медициналық әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуді енгізу және Әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жөніндегі жұмыс жалғасады, – деді министр.
Көпшілікті қызықтырған мәселенің бірі – зейнетақымен қамтамасыз ету. Министрдің айтуына қарағанда, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл орайда жылдық өсім шамамен 13 пайызды құрайтынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ. Қолға алынып жатқан жаңа іс-шаралар пакеті 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Жұртшылықпен жүздесуден кейін министр БАҚ өкілдерімен кездесіп, ресми сапары жайында, алдағы уақытта атқарылатын қыруар жұмыстың мән-мазмұнын қаузап сұхбат өткізді.
Министр жұмыс сапары барысында өңірдегі белсенді жастар мен еріктілермен де кездесу өткізді. Жас мамандарды жұмыспен қамту жайын және қолдаудың кейбір түрлері туралы тарқатып айтып түсіндірді. Мәселен, белсенді жастарға еңбек министрлігі жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту заңнамалық бекітумен реттеу, жұмыспен қамту орталықтарын алдағы уақытта мансап орталықтарына айналдыруды, сондай-ақ барлық қызметті ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат әзірленгені жөнінде тереңірек тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылмақ.
– Әр жыл сайын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға!» тәрізді жобаларды іске асыру шеңберінде осы өңірдің 3,8 мың адамын нәтижелі жұмыспен қамту жоспарлануда, – деді министр.
Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, жастар нәтижелі жұмысқа орналасып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, ел ішіндегі жұмыссыздықтың қатары сейіле түсер еді. Министрдің айтуына қарағанда, бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары электрондық еңбек биржасында орналастырмақ. Бұл жай жұмыс іздеген адамның да, жұмысшы іздеген жұмыс берушінің де бірегей алаңына айналмақ. Шын мәнінде тиімді тәсіл. Айталық қазір электрондық еңбек биржасында 110 мыңнан аса бос жұмыс орны туралы ақпарат тұр. Сондай-ақ жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан аса түйіндеме ұсынылған. Демек алдағы уақытта бұрынғыдай жұмыс іздеушілер табанынан таусылып бос жұмыс орнын іздемейтін болады. Электронды еңбек биржасы арқылы онлайн курстардан өтіп, жаңа кәсіби дағдыларды да үйренуге болады екен. Сайып келгенде бұл да зор мүмкіндік.
Кездесу барысында министр өңірдің белсенді жастары қойған барлық сұраққа тұшымды жауап берді. Түстен кейін министр облыс орталығындағы сауықтыру орталығында және кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындарында болды.
Көкшетау