Елордадағы Оқушылар сарайында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және Қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Балалар әлемі» республикалық балалар оқулары байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқауға еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің 3-10-сынып оқушыларынан аудандық, қалалық, облыстық іріктеулерден өткен жалпы 97 мыңнан аса бала қатысты. Олар 4 санат бойынша бақ сынады. Атап айтқанда «Ертегілер әлемінде» тақырыбында 3-4-сынып оқушылары «Қазақ ертегілері» және «Алпамыс батыр» кітаптары; «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында 5-6 орта сыныптағы оқушылары «Мен – апамның баласымын» және «Ағайынды Гриммдер ертегілері» атты кітаптар, «Ғасырлар тарихты жырлайды» тақырыбында 7-8-сыныптағы балалар «Ұшқан ұя» және «Гулливердің саяхаты» кітаптары; «Ұлы дала эпостары» және «Ұлы даланың даңқы» тақырыбында 9-10-сынып оқушылары І.Есенберлиннің «Көшпенділер. Алмас қылыш» және Д.Дефоның «Робинзон Крузо» кітаптары бойынша білімін ортаға салды.
Салтанатты рәсімге Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Парламент депутаттары, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.
Алғы сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров: «Республикалық балалар оқуына еліміздің түкпір-түкпірінен сүрінбей өткен жүзден жүйрік қатысушыларымызды байқаудың межесіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Орайы келіп тұрғанда баршаңызды тұғырына қайта қонған ұлттық мерекеміз Республика күнімен де құттықтаймын. Бұл байқау кітап оқу мәдениетімен қатар мемлекеттік тілдің жас буын ортасында кең таралуына үлес қосады. Аталған әйгілі туындылар адамның өмір жолында өлшеусіз азық болып, парасатты, кемел жастарды қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Осындай азаматтармен бірге біз Әділетті Қазақстанды және қоғамдағы ізгі құндылықтарды қалыптастырамыз», деді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов мен Аманжол Әлтай, Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының кеңесшісі Бағдад Құлназаров, Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар Серік Негимов, Шархан Қазығұл, Дихан Қамзабекұлы, Қуаныш Жиенбай және Роза Мұқановалар тиісті номинациялар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Салтанатты рәсім барысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттары мен Marwin сертификаттары табысталды. Соңы концертке ұласқан байқаудың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін, ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеуге тарту және өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.