Сенаторлар «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасын қарайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қарауға ұсынылған аталмыш заң жобасы әкімшілік-аумақтық құрылымды қайта құру және үш жаңа облысты құру жағдайында әзірленді. Орта мерзімді кезеңде өңірлік саясаттың жалпыұлттық басымдығы - әрбір азамат үшін заңнамалық кепілдендірілген базалық қызметтер деңгейінде «теңгерімді аумақтық дамуды» қамтамасыз ету», деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, жалпы сипаттағы жаңа үш жылдық трансферттер осы міндетті шешуге, оның ішінде бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жекелеген тәсілдерді қолдану жолымен бағытталған.
«Тәсілдердің бірінші бағыты өңірлердің дербестігін одан әрі арттыруға бағытталған. Өткен жылы Үкімет жергілікті бюджеттердің кірістерін болжау әдіснамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізді. Парламент және есеп комитеті депутаттарының ұсынымдары бойынша өңірлердің салық әлеуетін есепке алу тәсілдері әзірленді. Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге дейін немесе 30%-ға өседі. Үкімет жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту бойынша жұмыс істеуді жалғастырып келеді», деп атап өтті министр.