Күн суытқалы бері адамда әлсіздік пен дене қызуының көтерілуі, жалпы тұмаурату жиілейтінін жақсы білеміз. Бұл ретте Орталық коммуникациялар қызметі алаңында тұмаудың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мағлұмат берілді.
Бүгінде республика бойынша 1 806 710 адам немесе халықтың 9,5%-ы тұмауға қарсы екпе салдырды. Оның ішінде 97,3%-ы – жергілікті бюджет қаражатынан, 1,6%-ы – жұмыс берушілер есебінен және 1,1%-ы – ақылы негізде. Вакцина алғандардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар – 392 076 (21,2%), ересектер – 1 423 287 (78,8%). Вакциналаудан кейінгі асқынулар тіркелмеген.
Брифингте ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова ағымдағы эпидемиялық маусымда Қазақстанда тұмау вирусының екі штамының – А (H3N2) және В айналымы анықталғанын және олардың вакцина құрамына енгізілгенін хабарлады.
Оның айтуынша, елімізде ЖРВИ мен тұмау ауруларының мониторингі жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүзеге асырылса, биылғы эпидемиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 764 247 жағдайы тіркелген. Тұмаудың зертханалық расталған 521 жағдайы тіркелді. Тұмаумен ауырғандардың ең көп саны Қызылорда облысында тіркелді – 128 жағдай. Жетісу облысында – 84, Ақтөбе облысында – 69, Алматыда – 60, Қарағанды облысында – 41, Астанада – 38, Ақмола облысында – 26, Қостанай облысында – 15, Жамбыл облысында – 19, Маңғыстау облысында – 13, Павлодар мен Атырауда – 7 жағдай, Батыс Қазақстанда – 6, Солтүстік Қазақстанда – 4, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында 2 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106.
Сондай-ақ спикер Қазақстанда тұмаудан басқа вирустар да таралып жатқанын атап өтті.
– Тұмаудан басқа инфекцияларға 1 202 сынама зерттелді, оның ішінде 254 сынама (21,1%) оң нәтиже берді. Риновирустың – 93, РС вирусының – 77, парагриптің – 31, коронавирустың – 20, аденовирустың – 17, бокавирустың – 10, метапневмовирустың 6 жағдайы тіркелді, – деді эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы.
Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі вакциналау екенін атап өткен Р.Қожапова биыл бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ+» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынғанын және бұл ДДҰ ұсынысына сәйкес халықтың 12%-ын қамтуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Халықтың ең осал топтары мемлекеттік бюджет есебінен вакцина алады. Олар – медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары, эпидемиялық көрсеткіш бойынша нұсқау алған азаматтар, – деді Р.Қожапова.
Оның айтуынша, тұмау кенеттен басталып, температураның күрт көтерілуімен бірге жүреді. Яғни дененің айқын интоксикациясы, сондай-ақ қалтырау, адинамия, бұлшық ет және бас ауруы, бүкіл денеде ауырсыну, төс сүйегінің артындағы ауырсынумен құрғақ жөтел пайда болады. Аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктерді қолдана отырып дезинфекциялық режімді күшейту, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету сынды қарапайым алдын алу шараларын сақтау ұсынылды. Бүгінде науқастардың 80 пайызы балалар екенін ескерсек, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге жібермеу керек.
– Пандемия кезеңінде барлық білім беру ұйымында бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарына сәйкес онлайн режімде оқыту мүмкіндігі қарастырылғандықтан, бір инкубациялық кезеңде бір сыныптағы балалардың 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырған жағдайда кабинеттік оқыту жүйесіне көшіп, балаларды басқа сыныптарға кіргізбеу ұсынылады. Егер сыныпта бір инкубациялық кезеңде 30 пайыз немесе одан артық бала ауырса, оқыту онлайн форматқа ауыстырылады, – деді спикер.
Вирустармен сырқаттанғандардың ішінде 60 жастан асқандар және жүкті әйелдер қауіпті топқа жатады. Бұл жөнінде «Астана медицина университеті» КеАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Бақыт Көшерова айтып берді.
– Ауру орташа ауыр өткен жағдайда интоксикация белгілері артады. Температура 38 градустан жоғары, әлсіздік, бұлшық ет ауруы, құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындау белгілері пайда болады. Бұл жағдайда медициналық көмекке жүгіну керек. Өздігінен қабылдауға болатын дәрі – қызуды түсіретін перепараттар. Қалған емді дәрігер дайындауға тиіс, – деді Б.Көшерова.