• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кино 13 Қараша, 2022

«Қара Қабылан» қазақша сөйледі

760 рет
көрсетілді

Бұдан былай қазақ көрермендері MARVEL-дің фантастикалық блокбастері «Қара Қабылан: Ваканда жасасын» фильмін қазақ тілінде тамашалай алады. Күні кеше ғана Астанадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығындағы Kinopark-та әйгілі туындының қазақша дыбысталған нұсқасы алғаш көрсетілді.

Білуімізше, бұл – қазақ дубляжының табысты қадамының бірі. Қазақшасы мүл­­­тіксіз десек, артық айтқандық емес. Кейіп­керлерді сөйлеткенін былай қойған­да, күлгені, деміккені, ышқынғаны – бәрі қазақы үн ерекшелігімен үйлесіп-ақ тұр. Оған басты себепкер болып, қолға алған – Мәдениет және спорт министрлігі мен «Меломен» және «Арай медиа групп» шығар­машылық ұжымының бірлескен еңбегін атап өткен жөн. Фильмнің қазақ­ша нұсқасының көрсетіліміне қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлемдік деңгейдегі сапалы контентті қазақшалауда ауқымды жұмыстар атқа­рылып жатқанын жеткізді.

«Қазақ тіліндегі кинокартиналарға сұ­ра­ныс артып келеді. Халыққа рейтингі жоғары фильмдерді қазақ тілінде көрсету – идеологиялық тұрғыдан да аса маңызды. Осы мақсатта біз голливудтық жаңа туындыларды ана тілімізге дубляждау бойынша арнайы жобаны қолға алған едік. Тілге деген ең үлкен қолдау – оны қолдану. Бүгінде ана тілімізде сөйлейтін жастар да, оны үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің де қатары артып келеді. Сондықтан қазақтілді контентті бірге дамытайық», деді Дәурен Әскербекұлы.

Осы блокбастерді есептегенде MARVEL студиясының жетінші фильмі қазақ­ша дыбысталып, көрерменге жол тартып отыр екен. Бұған дейін осы тақылеттес «Аватар» сияқты фантастикалық дүниелер аударылыпты, енді мына «Қара Қабылан» қазақша «кісен ашты». Сонда біздің «Ер Төстік», «Қобыланды» сынды ертегі, эпос­­­тарымыз қайда қалды?.. Олар да тап осы дүние­лер сынды аспан, жерүс­ті, жер­асты әлемдерінің өмірінен сыр шер­­тетін қаһармандық рух­тағы ғажа­йып­­тар емес пе? Академик Сейіт Қасқабасовтың ер­тегі-мифтер туралы ең­бегін оқып, тұ­шынған кәсіби кино мамандары фан­тастикалық блокбастердің атасы қазақ ертегі-мифтерінде екендігін ай­қын білер еді. Мәселен, «Ер Төстікте» жер ас­тындағы Жылан Бапы хан патшалығы. Төстіктің оған түсуі, Шалқұйрықтың бір тал қы­лын өртегенде жетіп келетін ғаламат де­таль­дар – бәрі тұнып тұрған қиял-ға­жа­­­йыптар, әлі болмаған, түсірілмеген блок­­бастер емес пе? Тура сол сияқты, мы­на «Қара Қабыланда» да Африкадағы дүние­де болған, болмағаны белгісіз патша­лықтар әлемінің тағажайыптарынан сыр шертіледі. Біздің дәуірімізге дейінгі көне патшалықтардың шайқастары бүгінгі тех­нократтық заманмен байланысты өрбиді. Демек, ертегі-мифтердегі түпсана өлмейді.

Мәселен, қара қабылан көнедегі Вакан­да елінің киесі мен қорғаушысы іспетті. Фильмде Т’Чалла патшаның қазасынан кейін Рамонда патшайым тақ мұрагері жалғыз қызымен қалады. Олардың қолын­дағы ғаламат «Вибраниум» әлемдегі АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттер қол сұға бас­тайды. Осы кезде тарих сахнасына біздің дәуірімізге дейін жасаған суасты елінің әміршісі Нэморд шығады. Бұлар өзара шарпысқанда, араларында небір ғала­маттар қылаң береді. Көне дүние мен осы заманның арасы бір-ақ қадам. Демек, болашақ та сол екеуінен бастау алады.

Жаһан сұмдық көретін Америка халқы адаспас үшін осындай қадамдарға барып жатыр, тіпті түп-тамырында ондай дүние­лер болмаса да, өздері жойып жіберген өрке­ниеттерді тірілтіп, халқының танымына бе­йімдеуде. Ал біздің баба таным  сайрап тұр, тек бүгінгі­мен сабақ­тастырып, кино тіліне көшірсе жеткілікті.