Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жоғары оқу орындарының түлектері мен елорданың жұмыссыз жастары үшін Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Мұндай іс-шаралар жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің жұмысқа орналасуына айтарлықтай көмек. Өйткені оларға жұмыс ұсынатын компаниялардың өкілдерімен жеке қарым-қатынас жасау мүмкіндігі беріледі. «Астана жастарының» NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Аймақ Әлфараби бұл жәрмеңкеге қаланың 30-дан аса жұмыс берушісі қатысып, 300-ден аса бос жұмыс орнын ұсынғанын айтты.
«Жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ бос жұмыс орындарының үш жәрмеңкесін өткізді. Оған елорданың 126 ұйымының өкілдері қатысты. Жұмыс берушілер 800-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды. Оның барысында 150-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Бос орындар жәрмеңкесіне 1 200-ден аса жас ізденуші келді», деп атап өтті ол.
2021 жылы ашылған Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы да тілге тиек еткен спикер: «Бұл орталықтар жастарға жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу жолдары және бос уақытты өткізу мәселелері бойынша кеңес береді. Жұмысқа орналасу мәселелері бойынша жас ізденушілерге Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, тұрғын үй мәселелері бойынша «Отбасы банкінің» өкілдері, бос уақыты бойынша ақпаратты «Астана жастары» КММ қызметкерлері береді. Жұмыспен қамту орталығында Жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және «бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс ұсынылады. Тұрғын үй мәселелері бойынша «Елорда жастары» және «жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламалары жұмыс істейді», деді.
Ал жақында оқу орнын бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген Еуразия университетінің түлегі Дәулет Талғатұлы еліміздің болашағы жастардың қолында екенін, егер жастар білімді және прогрессивті болса, ел өркендеуіне үлкен үлес қоса алатынын айтты. Оның ойынша, Еуразия университеті – жоғары білікті мамандар даярлайтын қаладағы ең үздік оқу орындарының бірі. Сондай-ақ ол жұмыс берушілерден ұсыныс алатынынан үмітті екенін білдірді.
Аталған іс-шараларға қатысу келешекте өзінің еңбек жолын бастағалы отырған жас буын үшін аса маңызды. Өйткені мұндай іс-шаралардың компания өкілдерімен жеке қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ жастарды қызықтыратын сұрақтар қоюға және компания туралы қосымша ақпарат алуға мол мүмкіндік беретін артықшылықтары бар.