• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қараша, 2022

Экономиканы өрге сүйреген инновациялық жобалар

209 рет
көрсетілді

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында өнеркәсіп саласының өндіріс көлемі 666,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштің 6,7 пайызға артқанын көрсетеді. Есепті кезеңде қала экономикасына 219,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның көлемі былтырға қарағанда 28,6 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес нысандары да 30,7 пайызға ұлғайған. Өткен жылы оның саны 91 мың еді. Биылғы тоғыз айдағы бөлшек сауда табысы 417,9 млрд теңге. Өз кезегінде бұл көрсеткіш те өткен жылғыдан 11,5 пайызға жоғарылаған.

Шымкент қалалық кәсіпкерлік жә­не индустриялық-инновациялық да­му басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру бойынша арнайы пул жасақталды. Осының аясында 3 жылда 8,3 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Соның ішінде 2022 жылы 1 мыңнан астам адамды жаңа жұ­мыс орнымен қамтамасыз ететін құны 51,4 млрд теңгенің 14 инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 29,2 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде жаңадан 520 жұмыс орны ашылды.

Осы жылы іске қосылған жобалардың ішінен «Standard Steel» ЖШС-ның түс­ті металл концентратын алу үшін қал­дықтарды қайта өңдеу қондырғысын атау­ға болады. «Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба» дейді «Стан­дарт» индустриялық аймағын басқару­шы компанияның директоры Азамат Мелдібеков. Өйткені кәсіпорын бұрынғы қорғасын зауытынан тау болып үйіліп қалған қалдықтарды өңдеумен айналысады. Қорғасын зауытының аймағы 118 гектар жерді құрайды. Қазір мұнда жекеменшік «Стандарт» индустриялық аймағы салынып жатыр. 2 млн тонна қорғасын қалдықтарын өңдеу үшін фабрика тұрғызылды. Жылына мұнда 500 мың текше метр қалдық өңделеді. Бес жылда қалдықтар түгел өңделіп бітуге тиіс. Сонда мегаполис қаланың көркін бұзып келген бұрынғы зауыт пен оның аумағындағы зиянды заттардан толық тазаратын болады. Жобаның коммерциялықтан гөрі әлеуметтік сал­мағы басым деудің сыры да осында. Бү­гінгі таңда қалдықтарды өңдеуден алын­ған мыс концентраты Өзбекстанға экспортталып жатыр. Өз кезегінде Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес компания өңделген өнімді шикізаттай шетелге сатпай, өзімізде қалдыруды жөн санап отыр. Осыған сәйкес алдағы уақытта қалдықтардан таза мырыш өндіріп, оны отандық «Казцинк» компаниясы сату жоспарда бар. Бұл жобаны іске асыру үшін «Standard Steel» ЖШС арнайы зауыт салып жатыр. Ал өңдеуден кейінгі қалған соңғы қал­дық­тарды компания қаладағы цемент зауытына өткізбек ниетте. Жалпы, жеке­меншік «Стандарт» индустриялық аймағында келешекте қосымша өнді­рістік ғимараттар мен қоймалар салы­нады. Олар жергілікті «Іскер қала» бағ­дарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жалға берілетін болады. Аталған бағдарлама бойынша жалдау құнының бір бөлігін бастапқы жылдары мемлекет кәсіпкерге өтеп беріп отырады.

Сонымен бірге биыл «KAZALPACK» ЖШС-ның алюминий банкілерін өндіру жобасы іске қосылды. Аталған кәсіпорын қала іргесіндегі «Оңтүстік» индустрия­лық аймағында орналасқан. Бұл сусын­дарға арналған алюминий банкілері мен қақпақтарды өндіретін Орталық Азия­дағы баламасы жоқ кәсіпорын сана­лады. Жылдық қуаттылығы 500 млн жиынтық. Алюминий құтылары бү­гін­гі таңда сусындар өндірісінде аса сұра­нысқа ие және өз кезегінде басқа ыдыс­тарға қарағанда экологиялық таза болып саналады. Сонымен бірге «Қа­рапайым заттар экономикасы» мемле­кеттік бағдарламасы аясында қаржы­ландырылған мегаполистегі ең ірі жо­ба­­лардың бірі. Зауыттың жалпы ау­м­а­ғы 20 мың шаршы метрді құрайды. Сон­дай-ақ кәсіпорын АҚШ-тың заманауи қондырғысымен жабдықталған. Осы жоба аясында жұқа, қақпағы оңай ашылатын шырынға, түрлі әлсіз, күшті газдалған, алкогольді және алкогольсіз сусындарға арналған алюминий банкілері шығарылу үстінде. Кәсіпорын өнімінің нәтижесінде Қазақстанда алюминий құтыларына қажетті сұраныстың 80 пайызы өтеледі. Бұл өнімнің экологиялық пайдалы жағы да бар. Өйткені әлемде алюминий банкілері ең көп өңделетін әрі табиғи таза ыдыс болып саналады. Мұнымен қоса алюминий банкілерінің жартысынан көбі екінші қайтара өңделіп жатады. Сондықтан қайта өңдеп, түр­лі салада қолдана беруге болады. Жаңа кәсіпорын өнім шығарып қана қой­майды, сонымен бірге бюджеттің бүйі­рін томпайтуға үлесін қосып ке­ле­ді. Өйткені зауыт мегаполистегі бюд­жеттік салық төлейтін ең ірі өндіріс ошақтарының қатарында тұр. Сонымен бірге кәсіпорын іргесінің қалануымен 145 адам өзіне тұрақты жұмыс көзін тапты. Өз кезегінде олардың барлығы да ел заңнамасына сәйкес кепілдендірілген әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілген. Зауыт құрылысын жүргізуге мемлекет тарапынан да қомақты қолдау көрсетілді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымы толық жүргізілген жер учаскесі берілді. Сонымен бірге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 6 пайыздық жеңілдікпен 19,2 млрд теңге несие қарастырылды.

«Mega Smart B2B» ЖШС-ның Жиһаз фабрикасын да биыл іске қосылған табысты жобалардың бірі деуге болады. Аталған кәсіпорынның орналасқан аумағы – «Тассай» индустриялық айма­ғы. Жобалық қуаттылығы жылына 120 мың жиһаз өндіруге қауқарлы. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға 750 млн теңге жұмсалды. Екі гектар аумақты алып жатқан өндіріс ошағында бүгінгі таңда жүз шақты адам еңбек етуде. Компания тарихы 2004 жылдан басталады. 2016 жылы алғашқы жиһаз өндіретін Smart зауыты салынады. 2020 жылы осы зауыт­та 63 мың дана жиһаз өндіріледі. 2021 жылы мектеп пен кеңселік жиһаздың сериялық өндіріске арналған стандарттары жасалады. Фабрика сонымен бірге МДФ панельдер шығарады. Мұнда мектеп парталары «Прополис» жүйесі бойынша, ал кеңселік жиһаздар Legro сериясымен өндіріледі. Кәсіпорынның коммерциялық директоры Разия Алтае­ваның айтуынша, компания ең бірінші кезекте адамдардың жайлылығын ойлайды. Өйткені олар үшін ең басты байлық – адам мен оның құндылықтары. Осы орайда кәсіпорын білікті мамандар даяр­лап, олардың өз ісін жақсы көруіне көп көңіл бөледі. Smart-та өндіріс қуат­тылығы жүйелі жолға қойылған. Өнді­ріс инновациялық технологияларға негіз­делген. Мәселен, мұнда Италия, Гер­ма­нияның өте дәлдікпен жұмыс істей­тін заманауи қондырғылары орнатыл­ған. Роботтандырылған станоктар ар­қылы барлық өлшем дәл кесіледі. Ком­пания сапаға аса мән береді. Smart жиһаздарының брендін ішкі нарықта ғана емес, шетелдік тұтынушылар арасында қалыптастыруды қалайды. Өйткені бәсекелестік қызып тұрған бизнес әлемінде қайраңдап қалмаудың бір жолы – сапалы өнім шығару. Сондай-ақ кәсіпорында сервистік жүйе жақсы дамыған. Өнімді жобалау, шығындарын есептеу, болашақ жиһаздың дизайнын жасау, тұтынушыға жеткізіп беруге дейінгі жұмыстар жан-жақты ойластырылған. Бір артықшылығы, Smart өз тауарына 3 жылға дейін кепілдік береді. Мамандар тобының кәсіби шеберлігінің, бизнес пен өндіріс процестерінің дұрыс жолға қойылуының нәтижесінде компания өз өніміне өте ыңғайлы бағалар ұсынады және жеткізіп беруде уақытты көпке созбайды.

«Біз өз ісімізді өте қатты жақсы көре­­міз. Сондықтан да жұмысты бар ынтамызбен істейміз. Басты мақса­тымыз – тұтынушылардың көңілінен шығу. Қай кезде де сапа биігінен түс­пеуге ұмтыламыз. Осы күнге дейін рес­пуб­ликаның түкпір-түкпіріне өнімде­рімізді жөнелтіп үлгердік. Осы ретте қазақстандық нарықта бізді танитындар, әріптестік байланыс орнатқысы келетіндер саны артып келеді. Осының өзі компания үшін үлкен мәртебе. Ендігі жоспарымыз – өндіріс ауқымын кеңейту. Өнім түрлерін арттырып, жаңа жобалар мен дизайнға ден қою. Бизнес саласында үнемі дамып отыру маңызды. Өйткені әлем күн сайын өзгеріп жатыр. Бұрынғы талап қазір өзекті болмауы мүмкін. Сондықтан заман көшінен қалмауға тырысу қажет. Әсіресе кәсіпкерлікте бұл өте маңызды», дейді Р.Алтаева.

Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Онда Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 80 мың тонна түйіршіктелген полипропилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы бас­талатыны айтылды. Нәтижесінде 250 азамат жұмыспен қамтылмақ. Жобаның жалпы құны 38 млрд теңгеге тең.

Шаһар басшысы өз сөзінде үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортын көбейту туралы баяндады. Осы бағытта қала экономикасына инвестиция тарту жалғаса береді және сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары да көптеп артады.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар қатысқан жиында жалпы 7 жаңа жоба таныстырылды. Атап айтқанда, түркиялық «Stars Cosmetics» ЖШС басшысы Абдулхаким Мухаммадмуса «Оңтүстік» индустрия­лық аймағынан сұйық сабын өндірісін ашпақ ниет­те. 1,5 млрд теңгені құрайтын ин­вестжобаның қуаттылығы жылына 3 мың тоннаны құрайды. Бұл 2023 жылы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 30 адам өзіне тұрақты жұмыс табады. Сонымен бірге «Milat Hali» деп аталатын тағы бір түркиялық компания басшысы Искандер Каплан «Оңтүстік» индустриялық аймағынан 2,5 гектар жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салмақ. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңге болады. Осы жобаның аясында жылына 5 млн шаршы метр кілем өндіріледі. Сонымен бірге аталған кілем фабрикасы арқылы жұмыссыз жүрген 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз кезегінде «Элмехмонтаж» ЖШС басшысы Ержан Қанатбеков құрылысқа арналған газблоктар шығаратын зауыттың жобасымен таныстырды. Жылына 60 мың текше метр блок шығаратын қуатты өндіріс ошағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасады. Жобаның құны 500 млн теңгені құрайды. Нысан құрылысы 2023 жылы салынады деп жоспарлануда. Жоба сәтті жүзеге асып, зауыт жұмысын бастаған жағдайда 20 азамат тұрақты еңбекпен қамтылады.

Штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе жақтауларын жасап шығаратын және сантехникалық жиһаздар мен сәулеттік формалар өндіретін инвестициялық жобалар пысықталды. Жоғарыда аталған 3 жоба қолға алынса, қалаға қосымша 1 млрд 200 млн теңге инвестиция тартылып, жалпы саны 75 жұмыс орны ашылады. Мұрат Дүйсенбекұлы ZOOM бейнеконференция арқылы жобалардың әрқайсысымен жеке-жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктері жайлы мәлімдеді. Сонымен бірге талқылаудан өткен жобалардың барлығын терең зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

 

ШЫМКЕНТ