• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қараша, 2022

G-20 назарында – жаһанның күрделі мәселелері

293 рет
көрсетілді

Бүгін G-20 елдері көшбас­шы­ларының саммиті бас­талады. Әлемнің ірі 20 мем­лекеті осымен он же­тін­ші рет кездескелі тұр. Биылғы жиын Индо­не­зияның Бали аралын­да өтеді. Саммиттің күн тәртібінде Украина мен Ресей арасындағы қақ­тығыс салдарынан туын­­да­ған энергетикалық дағ­­дарыс және әлемдік инфляция секілді өзекті мәсе­­­­­­лелер талқыланады. Со­ны­­мен қатар мемлекет бас­­шылары екіжақты кез­де­­­сулерде саяси жағ­дайды да қозғайды.

Биылғы саммитте көшбас­шы­лар Covid-19 пандемиясынан кейін жүзбе-жүз кездескелі тұр. «Үлкен жиырмалық» оффлайн форматта 2019 жылдың маусымында Жапонияның Осака қала­сын­да бас қосты. Одан кейінгі 2020 (Сауд Арабиясы) және 2021 (Италия) жылы саммит онлайн форматында өткен еді.

Индонезия – халықаралық кездесулер өткізуде тәжірибесі мол ел. Сондықтан биылғы саммиттің осында өтуін барлық ел бірауыздан қолдады. Мәселен, Индонезия 2013 жылы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынты­мақтастығы (АТЭЫ) сам­митін ұйымдастырып, Қытай, Ресей мен АҚШ секілді ірі держа­валардың басын қосты. Десе де 2014 жылы АҚШ пен Ре­сей арасы қатты шиеленісіп, сол жылы Аустралияның Брис­бен қала­сында өткен жиында Вашингтон Мәскеуді саммит­тен алшақтатуға тырысқан болатын. Ал Балидегі «Үлкен жиыр­ма­лық­тың» кездесуіне қатысудан Владимир Путиннің өзі бас тартты, сондай-ақ оның іс-шараға қатысушыларға бейнеүндеу жіберуі де жоспарланбаған. Оның орнына саммитке қатысу үшін кеше Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Индонезияға келді. «Оны құр­мет­ті қарауыл, бишілер тобы сал­­танатты түрде күтіп алды», деп хабарлады Сыртқы істер ми­­нис­тр­лігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова Telegram арнасында.

Мария Захарованың мәлім­деу­­ін­ше, саммитте Ресей баға және басқа да сыртқы қысымдардың әрекеттерін жоққа шығарып, сыртқы нарықтарға азық-түлік өнімдері мен энергетикалық ре­сурстардың сенімді жеткізуші болып қала беретінін жеткізбек. «Осыған байланысты бірқатар нақты бастамаларды жариялау жоспарлануда, соның ішінде Түр­киямен газ саласындағы ынты­­мақ­тастықты дамыту, астық пен тыңайтқыштардың ірі пар­тия­ла­рын жеткізуді ұйым­дас­ты­ру мәселелері бар», деді М.Захарова.

G-20-ның қазіргі құрамына Аргентина, Аустралия, Брази­лия, Германия, Үндістан, Ин­донезия, Италия, Канада, Қы­тай, Ұлыбритания, Мексика, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Аф­рика, Сауд Арабиясы және Жа­пония кіреді. Балидегі жиын Германия канцлері Олаф Шольц, Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак үшін алғашқы саммит болмақ. Ал самиттің құрметті қонақтары ретінде Камбоджа, Испания, Нидерланд, БАӘ, Руанда, Сенегал, Сингапур, Суринам, Фид­жи және Украина елдері шақы­рылған.

Украина президенті Володимир Зеленский 3 қарашада егер Владимир Путин саммитке қа­­тысса Балиге бармайтынын мә­лімдеген еді. Алайда 8 қараша­да Киев Зеленскийдің сам­митке онлайн қатысуы мүм­кін деген хабарламаны растады. Сонымен қатар G-20 саммитіне АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин қатысады. Осыған дейін Байден бұл жиында Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесін көтеруге уәде берген еді. Бұған қоса екі ел басшысы бірқатар аймақтық және жаһандық мәселені талқылайды деп күтіліп отыр. Өткен бейсен­бі күні «Америка дауысы» сайты «Ақ үй президент Джо Байденнің Индонезияда өтетін G-20 саммиті алаңында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жоспарланған кездесуін жариялады», деп хабарлады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьердің айтуынша, Джо Байден мен Си Цзиньпин Вашингтон мен Бейжің арасындағы байланыс желілерін сақтау мен оны әрі қарай дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеу шараларын қарастырады. Сондай-ақ Ақ үй өкілі Джо Байден Қытаймен қарым-қатынастың негізін қалауға дайын, бірақ туындаған мәселелерді, әсіресе, Тайвань мен адам құқықтарын ашық талқылаудан бас тартпайтынын айтты.

Жалпы, «Үлкен жиырма­лық­тың» күші зор. Ол Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оң­түстікті біріктіріп, олардың өзара ортақ шешімдер іздеп, мәмілеге келулеріне, бір-бірі­мен «оңаша» сөйлесулеріне жол ашады. Алайда сарапшылар G-20 елдері де екі жаққа «Батыс» және «Батыс еместер» болып бөлінетінін айтады. Мә­се­лен, бірінші жартылыққа АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада, Аустралия, Жапония, Оңтүстік Ко­рея және Еуроодақ кіреді. Батыс еместерге Қытай, Ресей, Үн­дістан, мұсылман елдері – Сауд Арабиясы, Түркия, Индо­­незия, Латын Америка ел­дері – Мексика, Аргентина, Бразилия және Оңтүстік Аф­ри­ка Республикасы енген. Бұлар Батыстың Ресейді айыптау мен жазалау әрекеттеріне қосылмаған елдер.

2016 жылы Қазақстан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен Ханчжоу қаласында өткен G-20 саммитіне қатысты. Сарапшылардың айтуынша, Қытай мен Қазақстан арасындағы кездесудің қоры­тындысы өте табысты болған. Мәселен, кездесу нәтижесінде 5 жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд долларды құрайтын түрлі жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ қазақстандық өнім көлемінің Қытай нарығында артуына жол ашылды. Олардың арасында бұған дейін кең көлемде экспортталған көмірсутегі шикізатынан бөлек, ауылшаруашылық өнімдері де бар.

Клубқа 2016 жылы төрағалық еткен Қытай өз тарихында бірінші рет оның саммитін қабылдады. Онда өткен жиында қаржы рыногы және экология мәселесі талқыланды. Өйткені сол кезде әлемдік қаржы ұйымдарын дүние жүзінде экономикалық өсімнің баяулағаны мазалаған еді. Сондықтан олар сауда-саттықты кедергілерден арылту жолдарын іздеуге тырысты. Ал экономикасы қарыштап дамыған Қытай ауаның ластануынан зардап шекті. Сол себепті ол экологиялық жобаларға қаржы тарту мақсатында «жасыл қар­жы» мәселесіне көбірек назар аударды. G-20 елдеріндегі эконо­ми­калық өсім 2016 жылы орташа есеппен 1,5%-ды құрады. Бұл баяулаудың негізгі себептері демография (тұрғындардың қартаюы), корпоративті секторда және мемлекеттер деңгейінде қарыздардың өсуіне байланыс­ты инвестициялардың азаюы, сонымен қатар протекционистік шаралардың көбеюі болды. Қы­тай­дың бастамасы бойынша сам­миттің күн тәртібіне «жасыл қаржы» тақырыбы ен­гізіл­ді. «Жа­сыл қаржы» деп отыр­ғаны – энергия үнемдеуші және эко­ло­гиялық таза технологияларды қаржыландыру. Бұл жоба экономикасы дамыған елдерде, соның ішінде Қытай мен Үндістанда да іске асып келеді.

«Үлкен жиырмалықтың» та­ри­­хына оралар болсақ, G-20 әлем­­дегі экономикасы ең мық­ты дамыған және тез дамып келе жатқан елдердің клубы. Құ­­рылтай конференциясы 1999 жылдың желтоқсанында Бер­линде өтті. G-20 саммиттеріне тек мүше елдер ғана емес, Халық­аралық валюта қоры, БҰҰ, Дү­ние­жүзілік банк сияқты халық­аралық ұйымдардың да өкілдері қатысады.

Негізі G-20 ұйымы 90-жыл­дардың соңында Азия елдерін шарпыған қаржы дағдары­сына орай құрылды. Кризистік экономикасы тез өсіп келе жатқан дамушы елдерді әлемдік маңызы бар талқылаулар мен шешім қабыл­дауларға жеткілікті дәре­же­де қатыстырмаудың зардабын көрсетті. Одан бұрын эко­но­микасы аса ірі жеті ел G-7 фор­матында бас қосып әлем мәселелерін талқылайтын. 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс G-7 форматынан G-20-қа өту процесін тездетті. Өйткені әлемдік экономика бұрын-соңды болмаған тоқырауға ұшы­рай­ды деген қауіп күшейген еді.

Бір қызығы, әуелде G-33 құрылып, оның құрамында Бель­гия, Чили, Мысыр, Гонконг, Марокко, Нидерланды, Польша, Сингапур, Кот д, Ивуар, Испания, Швеция, Швейцария және Тай­ланд болды. Одан кейін 1999 жылы G-22 пайда болды. Бір жыл ішінде ол G-20-ға қысқарды.