• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қараша, 2022

Маман шетке кетсе, кімге уайым?

177 рет
көрсетілді

Бүгінгі қоғам үшін «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» немесе «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген белгілі нақыл сөздердің мәні қалмағандай. Сол сияқты, қазір көптеген отандасымыз «аш болсаң да, тоқ болсаң да туған жер, өскен ортаңда жүргенге не жетсін!» деп ақжарма пейілмен айтқан сөзіңе мән де бермейді.

Иә, қазақстандық қоғамға айтылар сын, артылар кінә, өкпе-наз жетіп-артылады. Бұлардың барлығы айналып келгенде елі­міз­­дегі өмір сүру деңгейіне, жұрт­­­тың қоғамымыздағы көп­те­­ген мәселеге деген жалпы кө­­ңіл толмаушылығын сипат­тай­ды. Бұл жағдай барлық тере­зе­сін ашып тастаған әлемге, яғни басқа елдерге тұрақты тұ­ру не уақытша жұмыс істеу үшін азаматтарымыздың көптеп шы­ғуы­на әсерін тигізуде. Осыдан ке­ліп Қазақстанның әлеуеті тө­мен­деп, адами капиталға деген зәрулік туындап отыр.

Адам капиталының тапшылы­ғы­нан экономикалық-әлеуметтік теріс әсерлер пайда болатыны белгілі. Сонымен қатар мұның рухани зардаптары да айтар­лық­тай болатыны сөзсіз.

Шекара асып, шетел жай­ла­ған азамат­та­рымыздың басты мақ­­саты – күнкөрістің қамы, мол қаржы тауып тұрмысын түзеу. Патриоттық сезімін оятар насихат, ақыл-нақыл, уағыз айтсаң да олардың бетін қай­тару қиын. Өйткені сіздің мұндай сөзіңіз ешкімнің материалдық қажет­ті­лі­гін өтей алмайтыны оған да, сізге де белгілі. Енді не істеу керек?

Міне, осы сауал бүгінгі атқа­ру­­шы би­лікті мықтап ойлан­ды­руға тиіс. Тек ойланып қана қой­май, әлгі сұрақтың нақты жа­уабын іздеу қажет-ақ. Осы тұрғыда қандай да бір қадамдар жасау үшін бірінші кезекте жастардың, әсіресе солардың ішін­дегі түрлі салалар бойынша мықты мамандардың кетуінен туындап отырған түйткілдердің зардабын, мемлекеттің дамуына тигізіп отырған теріс әсерін саралау, талдау мәселесі қолға алынатын уақыт жеткендей.

«Ақыл-ойдың» шет елдерге толассыз көшуін, еліміз үшін осынау жағымсыз үр­дістің жыл сайын үдей түсуін үлкен мә­селе көріп, оны тоқтатудың немесе ек­пінін төмендетудің амал-айласы әзірге табылмай тұрғандай.

Елдегі жұмыссыздық, сыбайлас жем­қор­лықтың кесірі­нен қызметте өспеу, білі­мі мен біліктілігіне сай жалақы ала алмау және басқа да түйткілдер сіресіп тұрғанда «ақыл-ойдың» сыртқа ағылуын тоқтату қиын, әрине. Алайда осы мәселеге байланысты мемлекеттік деңгейде іс-қимыл жоспарын түзу үшін қо­ғам­мен ашық талқылау өткізу­ге болады емес пе?

Шетке кетіп жатқандарды нақты есепке алып, олардың елден кетулерінің негіз­гі себептерін анықтап, соған сай іс-әре­кет жасауға үкіметтің мүмкіндігі мо­лы­нан жетеді. Бірақ сол баяғы сал­ғырттық, немкеттілік аяққа тұ­сау болып отыр.

Мемлекет қазынасы халық қаржы­сынан, баршамызға ортақ қазба-байлық­тардан түскен табыстан құралады. Сон­дық­тан, мемлекет қаржысын үнем­деп әрі тиімді жұмсау – үлкен міндет. «Ақыл-ойдың» сыртқа ағылуы осы мін­деттің ла­йық­ты орындалмай отыр­ға­нын көрсетеді. Қазақстандық күш-жігермен қалыптасқан «ақыл-ой» басқаға қызмет етіп жатса, әлгі міндеттің жөнді еңсерілмегені емес пе? Нақтылай айт­қанда, бір адамға азамат болып өсіп, білім алып, мамандық иеленуіне дейін мем­ле­кеттің, дұрысы халықтың қыруар қаржысы жұмсалады. Егер әлгі адам жетіліп болған соң лып етіп шетке кетіп қалса, оған кеткен шығын өтеусіз қал­­ған­дай болады.

Рас, кеткен адамның айтар уәжі бар: жұмыс жоқ, білік­ті­лігіме сай ақы төлен­бей­ді, та­ғы­­­сын тағы. Сондықтан оған пәлен дей алмайсың. Міне, осы арада мемлекет әлгінің уәжіне лайықты жауап беруі, яғни ай­тыл­ған себептерді жоюға тиіс. Әйтпесе, халықтың ақшасын бос­­­қа шашқан болып есептеледі.

Бүгінде кез келген дамыған мемлекет өзінің адами капиталын тиімді қолданбай ұшпаққа шыға алмасын біледі. Оны ел­дің, қоғамның басты ресурсы, қозғаушы күші ретінде қарас­ты­рады. Сондықтан олар адами капиталды дамыту ісіне барынша күш салады әрі одан алынған «өнімді» ұлттық байлық санап, оны шашауын шығармай ел игілігіне пайдаланады. Адами ка­питалдың әлеуетін арттыратын экономикалық белсенді, білікті адамдарын ынталандырудың түрлі жолдарын ұсына отырып өз елінде қалып жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Біз де осы үлгіге көшуіміз керек. Әйтпесе, басқаға қызмет ететін дайын «ақыл-ойды» өндіруші ғана болып қалып қоямыз.