• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 15 Қараша, 2022

Шымкенттіктер жеңімпаздарды күтіп алды

307 рет
көрсетілді

Елорданың «Astana Arena» стадионында Оралдың «Ақжайық» клубын финалдық ойында 5:4 есебімен ұтып, футболдан Қазақстан кубогін иеленген «Ордабасы» командасын жер­лестері әуежайдан күтіп алды.

Жеңімпаздарды әскери ор­кестрдің әуенімен қарсы ал­ған қала тұрғындары, клуб жан­күйерлері, бір топ спорт сүйер қа­уым қаладағы «Әл-Фараби» алаңына жиналып, салтанатты құттықтау рәсіміне қатысты. Мұн­да қалалық әкімдіктің бас­шы­лық құрамы жеңіспен оралған жергілікті клубқа футболдан Қа­зақстан кубогін салтанатты түрде тапсырып, ордабасылық ойыншыларды үлкен марапатымен құттықтады.

Алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірін­ші орынбасары Шыңғыс Мұқан чемпиондарды нағыз батырларға теңеп, команданың жеңісі ме­гаполистің футбол тарихында қол жеткізген үлкен табысының бірі болғанын атап өтті.

– «Ордабасы» командасын футболдан өт­кен жарыста 2022 жылғы Қа­зақ­стан кубогін иеленумен құт­тықтаймыз! Сіздер ақтық сын­да табандылық танытып, жеңісті жұ­лып әкеттіңіздер. Сол үшін де шым­кент­тік жанкүйерлер сіздерге риза. Жарайсыздар, қан­ды тулатқан нағыз тартысты ойын көрсеттіңіздер. Сіз­дер­мен ел мақтанады. Талантты ойын­­шы екендіктеріңізді дәлел­де­діңіздер. Халықтың сенімін ақта­ғандарыңыз үшін мың алғыс. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы сәлем жолдап, құт­тықтап жатыр. Бұл тілекке қо­сыла отырып, Шымкент қала­сының тұрғындары атынан да, «Ордабасы» жанкүйерлері атынан да құтты болсын дейміз, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы сөзін сабақтап, қала әкімі финалдық ойында стадионда болып, матч біткенше жанкүйерлермен бірге жа­рысты тама­шалағанын жет­кізді.

– Осылайша қала басшылығы өзде­ріңізге қолдау көрсетіп, ыс­тық ықы­ласын білдірді. Жал­пы, тартысқа толы болған «Ас­тана-Аренадағы» ойында барша шымкенттік жанкүйер жұмыла жұдырық болып сіз­дерге мықты рухани демеу көрсеткенін көрдік. Құдай қаласа, келесі жылғы ел чемпионатында алға қойған үлкен мақсаттар орындалып, алғашқы үштіктен көрінерсіздер деген үміттеміз. 2023 жылы мегаполисті спортта үлкен сый күтіп тұр. Шым­кент қаласы Еурокубок ойындарын қабылдайды. Әлбетте бұл – тек «Ордабасы» клубының ғана емес, бүкіл Шымкенттің, миллионан астам тұрғыны бар республикадағы әсем шаһардың футбол спортындағы тұғырлы жеңісі. Әрине, осындай спортшылар арқылы аулада доп тепкен талай баланың арманы биікке қарай өр­лейтіні анық, бұл – жастар үшін елік­теуге тұратын жайт. Ендігі тілегіміз бен ниетіміз «Орда­басы­ның» ерлікті қайталап, келесі жылы чемпион болуы! – деді ол.

Осыдан кейін сөз алған «Ор­да­басы» клубының прези­денті Бауыржан Аб­дубайтов же­ңім­­паздарды көптен аң­саған кубогімен құттықтап, алдағы уа­қытта да жергілікті ко­манданың жан­­күйерлерді жеңістерімен қуан­та беретініне сендірді. Ен­дігі жерде көп еңбек­теніп, коман­даның сапалық дәре­же­сін жаңа сатыға көтеру жолында жүйелі жұмыс жалғасатынын жет­кізді.

– Бұл жеңіске барша қала тұр­ғынының да қосқан үлесі бар. Сіздердің қоше­меттеріңіз, қала әкімінен бастап барлық жан­күйерлерге дейінгі білдірген ыс­тық ықыластарыңыз фут­бол­шыларға, жалпы команда мү­шелеріне рухани азық, мықты ынталандырушы күш болды. Осындай қолдаушыларымыздың барына қуанамыз. Әрдайым аман­дықта жүріңіздер, – деді клуб президенті.

Жиналған барша жұрттың алдында сөз бастаған команда капитаны Самат Шәмші «Астана Аренадағы» матчтың аса тартыс­ты өткенін, бар ой-арман қалайда жеңіске жету болғанын айтты. Әлі де іштей толқып тұрғанын жа­сырмаған ол алаңда ойнап жүріп ста­диондағы барлық жанкүйердің қолдауын сезінгенін жеткізді. Содан жігіттер жігерленіп, со­ңына дейін таласып, на­мысқа ты­рысқан. Соның нәтижесінде соңғы минуттар қалғанда есепті өз пайдаларына шешіп, жеңісті қарсыласының қолынан жұлып әкеткен.

– Шымкенттік жанкүйерлерге рахмет! Астанада үнемі біздің қасымыздан табылды. Қандай қолдау білдіре алатындарын өз көзімізбен көрдік. Мұндайда ішкі сезімді, көңіл толқытқан эмоцияларды айтып жеткізу қиын ғой, сірә. Маусым бойы бізден көмегін аямаған қала әкі­міне, спорт саласына жауап­ты барша ма­манға және клуб басшы­ларына тегіс алғыс айтамыз. Қуанышпен айтқым келіп тұрғаны, міне, араға 11 жыл салып, Қазақстан кубогі Шым­кентке екінші мәрте қайта оралып отыр. Бізге тілекші болған бар­шаңызға алғыс жаудырамын!, – деді команда капитаны.

Осынау іс-шарада алаңға жи­налған жанкүйерлер фубол­шыларды қаумалап құрмет көр­сетіп, қошеметтерін аямады. Қала әкімінің орынбасары Мақ­сұт Иса­хов та тебірене сөз сөй­леп, футбол клу­бының ер­лігіне шынымен тәнті бол­ғанын айтты.

– Құрметті Шымкент қала­сының тұрғындары. Бұл жеңістің бағасы біз үшін өте қымбат. Оның өзіндік себеп­тері де жоқ емес. Өйткені «Ордабасының» жолында әртүрлі кедергілер, қиын­дық­тар кездесіп жатты. Оны жақ­сы білеміз. Екіншіден, «Ор­да­басы» – Қазақстан Премьер-лигасындағы ең жас команда. Фут­болшылардың орташа жасы 22-ні құрайды. Міне, осындай себептерге қарамастан, біздің жігіттер табандылық көр­сетіп, жанкүйерлерге, бізге күшті көңіл күй, қуаныш сыйлады. Тағы да мақтанышпен айтқым кел­гені, финалдық кездесуде алаңға ал­ғаш­қы минуттардан бастап шық­қан 11 футболшының жетеуі – өзі­міздің қазақстандық ойыншылар. Ал жалпы, клубтағы 25 ойыншының 17-сі – қазақтың қарадо­малақ балалары, Шым­кент­тің түлектері. Яғни олар­дың барлығы да клубтың тәрбие­ленушілері. Десек те келесі жылы алдымызға қойып отырған үлкен мақсаттар бар. Ендеше 11 жылдан кейін Шымкентке келіп жеткен Кубок тағы да құтты болсын! – деді ол.

Өз кезегінде көпшіліктің қошеметімен «Ордабасы» фут­бол клубының капитаны Самат Шәмші Қазақстан кубо­гін қала әкімінің бірінші орын­басары Шың­­ғыс Мұқанға салта­натты түр­де табыстады. Іс-шара со­ңын­да жергілікті көркем­өнер­паздар концерт қойып, ән-жыр­дан шашу шашты.

 

ШЫМКЕНТ