Атырау облысының экономикасына инвестиция салуға ниетті елдер қатары көп. Соның дәлеліндей, өткен аптада Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускаспен бірге 11 елдің елшісі келді. Олардың қатарында Хорватия, Болгария, Португалия, Нидерланд корольдігі, Эстония, Бельгия, Германия, Словакия, Франция, Испания, Аустрия елдерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшілері бар.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметіне қарағанда, биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Атырау облысының Еуроодақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 14,4 млрд долларға жеткен. Ал экспорт – 14,1 млрд, импорттың үлесі 269,02 млн долларды құраған.
– Еуропалық одақ – еліміздің басты экономикалық әрі сауда серіктесінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес Еуроодақ елдерімен тығыз байланыс орнатуға, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірдегі арнайы экономикалық аймақта инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отыр. Болашақта полиэтилен және бутадиен өндірісін өркендету жоспары бар, – дейді С.Шәпкенов.
Еуроодақ елдерінің елшілері Атырау облысындағы көлік-логистика саласын жаңғыртуға, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен жасыл экономиканы дамытуға инвестиция салуға қызығушылық танытты. Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі К.Янкаускастың пікіріне ден қойсақ, мұндай кездесу Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуды көздеген мемлекеттерді жақындата түседі.
– Әрине, бұл – бір-бірімізбен экономикалық байланысты жақсартып, тарихымыз бен мәдениетімізді терең білуге ашылған мүмкіндік. Еуроодақ құрамындағы елдің бәрі қазірдің өзінде Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналып отыр. Қазақ жерінде қазба байлық мол. Жаңғырмалы энергетикалық ресурс саласында үлкен әлеует бар. Атырау облысына алғашқы сапарымда Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірді көруге асықпын. Еуроодақ елдері осы өңірге де озық технологияларды әкеліп, инвестиция салуға дайын, – деген пікірін білдірді К.Янкаускас.
Мәселен, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлистің айтуына қарағанда, екі ел арасында достық, әріптестік қарым-қатынастың буыны бекіді. Биылғы қаңтар-тамыз айларында Атырау облысы мен Литва арасындағы сыртқы сауда айналымы 232,5 млн долларды құраған. Оның ішінде экспорт көлемі 231,1 млн долларға, импорт 1,4 млн долларға жеткен.
Демек бұл еларалық байланысты одан әрі бекемдей түсу үшін өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол екенін көрсетіп отыр. Өйткені мұндай байланыс ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасымыздың дамуына қосымша серпін беретіні даусыз. Оның үстіне Атырау облысында инвесторлардың инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалған.
Қойнауы қазынаға толы Атырау облысымен серіктес болуға Батыс елдері ғана емес, жекелеген провинциялар да ынта танытып отыр. Солардың қатарында Түркиядағы Мерсин провинциясы да бар. Мұнайлы өңірмен әріптестік байланыс орнатып, алыс-беріс пен барыс-келісті жетілдіруді көздеп келген аталған провинциядағы Мезитли ауданының мэрі Нешет Тарханның мәліметіне сүйенер болсақ, қазірдің өзінде сыртқы сауда айналымының көлемі 1,3 млрд долларға бағаланып отыр. Әрине, экспорттың үлесі 1,3 долларды құраса, импорт – 15 млн доллар.
– Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Түркиямен арадағы дипломатиялық қатынас үздіксіз дамып келеді. Атырау облысында түрік кәсіпкерлері бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырып отыр. Дегенмен ауыл шаруашылығы, туризм мен мәдениет саласындағы байланысты бекемдей түсуге болады. Экономикалық әлеуеті жоғары біздің облыста мұнай-химия саласын өркендетудің нақты қадамы жасалды. Осы орайда полиэтилен мен пропилен өндірісінде түрік бизнесмендерімен бірлесе жұмыс істеуге болады, – дейді С.Шәпкенов.
Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан Республикасының компаниялары атыраулық әріптестерімен іскерлік байланысты жандандыруға ынталы. Мәселен, «ОЙЛТИМ компания» ЖШҚ құрылтайшысы әрі бас директоры Владимир Лавров, аталған кәсіпорынның даму жөніндегі директоры Радик Халитов пен Башқұртстан Республикасының еліміздегі «Конгресс-бюро» АҚ өкілі Орал Азнабаев атыраулық кәсіпкерлермен серіктес болуға ниет білдірді. Бұл компания басшылары қазақстандық мұнайшыларға кен орнын мобильді жайғастыру жобасын ұсынды. Өйткені кез келген кен орнын 2-3 айда толығымен жабдықтауға болады.
– Біздің бай тәжірибеміз бар. Өз жобамызды ұсынумен бірге тапсырыстарды жергілікті кәсіпорындарға орналастыру нұсқаларын қарастыра аламыз. Әсіресе «Атыраунефтемаш» зауытының ауқымы мен мүмкіндігіне тәнті болдық. Жақын арада компания өкілдері қажетті жабдыққа тапсырыс беру үшін зауытқа қайта келеді. Біз ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз, – дейді Р.Халилов.
Атырау облысы