• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қараша, 2022

«Достық – Мойынты» темір жолы жанданады

450 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жарым жыл бұрын VI Шығыс экономикалық форумында Қытаймен арадағы көлік қатынасын кеңейту мақсатында «Достық – Мойынты» жаңа темір жол желісі салынатынын айтқан болатын.

«Қазақстан транзиті өзінің эконо­ми­калық тұрғыдан тартымдылығы мен сенімділігін дәлел­деді. Сондықтан ин­фра­­қ­ұ­ры­лымды жетілдіру ісін жал­ғас­тыра береміз. Атап айтқан­да, ҚХР-мен арада­ғы тран­зиттік қаты­настарды кеңей­ту үшін «Достық – Мо­йынты» жаңа темір жол бағыты­ның құрылысын бастай­мыз. Инвес­ти­цияның жалпы көлемі 2 млрд доллардан асады», деген-ді Президент.

Президент тапсырмасының орындалу барысына назар аударсақ, қазір «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте 836 шақырымды құрайтын «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жолының құрылысы аса маңызды. Оның 320 шақырымы Жетісу аумағынан өтеді. Жоба иелері құрылысқа өңірлік өнімдерді пайдаланбақ. Егер бәрі ойдағыдай болса, тәулігіне жүретін пойыз саны 12-ден 60-қа артады. Осы орайда Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ меморандумға қол қойды.

Аталған жоба аясында арнайы іс-са­пар­мен Жетісуға келген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұр­лан Сауранбаев облыс әкімі Бейбіт Иса­баевпен «Қуатты аймақтар – еліміз­дің даму драйвері» ұлттық жобасы шең­­берінде «Достық – Мойынты» учас­ке­сінде салынатын екінші жолдың құ­ры­­лы­сына қатысты мәселелерді тал­қы­­­лады. Одан бөлек өңір әкімінің халық­­пен кездесулерінде көтерілген темір жолға қатысты мәселелер ортаға салынды.

Кездесу барысында өңір басшысы темір жол ұжымының облыс аума­ғын­да­ғы үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді. Сол қатарда Алакөлге дейінгі пойыз қатынасын, соның ішінде «Таль­гоның» да қатарға қосылғанын, кө­мір­ді уақтылы жеткізудегі ҚТЖ-ның зор көмегі болғанын атап өтті. Со­ны­мен бірге Жетісу облысының көлік-ло­гис­ти­ка саласындағы транзиттік әле­уе­ті­не де қысқаша тоқталды.

«Достық стансасындағы «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын қолға алуда. Осы бағыттағы «Dostyk Trans Terminal» ЖШС жобасы да 2021 жылдан іске асырыла бастады. Бұл ретте республикадағы аса үлкен жоба «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жол құрылысының облыс экономикасына тигізетін ықпалы зор болады деп сенемін және оған облыс тарапынан қажетті барлық қолдау көрсетіледі», деді Б.Исабаев.

Аталған «Достық – Мойынты» жобасы жайлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов қысқаша айтып берді. Оның айтуынша, ұзындығы 836 шақырым болатын темір жолдың 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Жоба 2022-2025 жылдары іске асырылады. Оған тартылатын инвестицияның 38 пайызы, яғни 218 млрд теңгесі Жетісу облысына тие­с­ілі болмақ. Жобаның құрылысы ке­зінде 1 600 адам жұмысқа тартылса, іске қосылғанда 340 адам еңбекпен қамтылады. Олардың дені – негізінен жергілікті жердің тұрғындар. Жалпы, бұл жобаны іске асыру темір жолда тәулігіне жүретін пойыздар санын 12-ден 60-қа арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 500 шақырымға арттыруға жағдай жасайды.

Ең кереметі, құрылысқа қажетті құны 109 млрд теңге болатын материал­дар, атап айтқанда, металл конструкция­лары, инертті материалдар, құм мен қиыр­шық тас, шпалдар, темір бетон бұйым­дары жергілікті жерден, яғни Же­тісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдерден пайдаланылады. Бұл ретте қазақстандық мазмұн 85 пайыз болады деп межеленіп отыр. Сол сияқты Қ.Әлмағамбетов облыс аумағындағы «Алтынкөл» стансасының және басқа да кішігірім темір жол бекеттердің жұ­мы­сына да тоқталды.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов өңір басшысының аудандарда өткізген тұрғындармен кез­­десу­лерінде көтерілген темір жол са­­ла­сына қатысты проблемаларды жет­­­кізді. «Достық» стансасы тұр­ғын­да­ры оқушылардың мектепке қарай темір жолдан өтетін тұсына арнайы жерүсті жолын салу туралы өтініштерін айтқан. Сол сияқты осы елді мекендегі темір жолға қарасты тұрғын үйлерді жергі­лікті әкімдіктің балансына өткізу арқылы жұ­мыс­шылардың жекеше­лен­діруі­не жағдай жасау жайы да сөз болды.

Текелі және Талдықорған қалаларын­дағы темір жолдың жекенің қолына өтіп кеткен кіреберіс жолдарының мәселесі әлі де өзекті. Облыс аумағындағы темір жол учаскелерінің елді мекендерден өтетін және басқа да қауіпті деген жер­­лерінде қоршау орнатылса деген өті­ніштер айтылды. Егер осыған сай шара қабылданса адамның, малдың пойыз астына түсуінің алдын алуға, темір жол жұмысына кедергінің болмауына да ықпал етер еді. Сөз болған тағы бір мәселе, «Достық – Мойынты» жобасындағы облыс аумағында жұмыс жүргізетін компаниялардың сәйкесінше осы өңірге тіркелуі міндетті түрде еске­рілуі шарт.

Н.Сауранбаев өз сөзінде адамдардың қауіпсіздігі маңызды екенін жеткізді.

«Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі – бірінші кезектегі басымдық. Сондықтан жолүсті өткелін салу, қауіпті учаскелерде қоршау қою шаралары міндетті түрде атқарылады. Бұл жұмыс жоспарда бар. «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысын салу – Пре­зи­денттің тапсырмасымен қолға алын­ған іргелі жоба. Оның іске асырылуы Жетісу облысы үшін муль­ти­­­­­пли­ка­тив­ті тиімділігін көрсетеді. Бізбен әріп­тестік байланысты жандандырып, өзекті мәсе­лелерді бірлесіп талқылауға, ше­ші­мін бірге қарастыруға мүм­кіндік жа­сағандарыңыз үшін ри­за­шы­лығымды білдіремін», деді Н.Сауранбаев

Жиынға қатысушылар ҚТЖ компа­ниясының құзырына кіретін мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Мәселен, Балқаш көлі жағалауын дамыту қолға алына бастады, ендігі жерде турис­тер легінің көбейетініне байланыс­ты бола­шақта Лепсі ауылына темір жол бекетін салу қажеттілігі туады. Соны қазірден жоспарлау қажет. Сол сияқты «Темірбетон» зауыты, «Айсұлу» тігін фабрикасы республикалық «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаға қа­ты­суға қажетті барлық мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Бұл ретте жобаға ірік­теуде бәсекеге қабілетті кәсіпорын­дар­дың жұмысты атқару мерзімі мен сапасының тиісті талаптарға сай болуы ескеріліп, барлығы заң аясында жүр­­гізілетіні айтылды.

Жиын қорытындысында екі тарапқа да пайдалы пікір алмасу болғанын атап өткен облыс әкімі «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаның облыс үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте атап өтті.

«Облыс әкімдігі инвесторларға жо­баларды іске асыруда жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеді. Әрқашан сындарлы ашық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бүгінгі қол қойып отырған меморандум облысымыздың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мен одан әрі кеңейтуге жол ашып, бірлескен жобаларды іске асыруда өз нәтижесін береді. Осының барлығы өңір экономикасын ілгерілетуге, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға әсерін тигізеді. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы», деді Б.Исабаев.

Кездесу соңында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев әкімдік пен ҚТЖ арасындағы өзара түсіністік пен ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Жетісу облысы