• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Сұхбат 17 Қараша, 2022

Мүсілім Әмзе: Дирижерлік – бекзат өнер

809 рет
көрсетілді

Қазақстанның классикалық музыка өнерінде Ахмет Жұбанов бастаған дарынды дирижерлер көшін кәсіби түрде жалғастырып келе жатқан қалың шоғыр бар. Солардың арасында өзіне сенімді, байсалды, маңғаз мәнерінен зиялылық байқалатын Мүсілім Әмзені айрықша атауға болады. Алматының жанға жайлы мақпал кешін сахнаның сырлы әуенімен әрлей түсіп, көрермен көңіліне қанат байлап, ықыласпен шығарып салатын, шығармашылық концерттерде жиі бой көрсететін маэстроның өнерін көрермен қашан да құрметпен қабылдайды. Сиқырлы таяқшамен ауада өрнек салып, бүкіл аспапты үйлесімді ырғаққа ұйыстырып, оркестрді бір тыныспен басқаратын дирижер әр шығарманың өзегіне жан беріп, оны қайта тірілтіп қана қоймай, шабыт шеберлігі мен өнердің өлмес құдіретіне еріксіз бас идіреді. Ұлттық консерваторияда білім алып, түрлі оркестрмен шет ел сахналарында шеберлігін шыңдаған Мүсілім Әмзе – Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы құрамындағы Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфония оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері. Сонымен қатар музыка өнеріндегі ғылыми-педагогика бағытында қызмет етіп жүрген ұстаз.

– Мүсілім мырза, жақын­да «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты кітабыңыз жа­рық көрді. Қазақ музыка та­рихында зерделенбеген тың та­қырыпқа түрен салып, ғы­лыми деректерді мұ­ра­ғаттан тір­нектеп тауып, оқыр­ман­ға ауқым­ды еңбек ұсын­ды­ңыз. Ғы­лыми еңбегі­ңіз­дің құн­ды­лығы жөнінде айтып бер­сеңіз?

– Жоспар-жобасын жазып, сызып берген шеңбер ішінде шы­ғармашылық жұмыс істеуге мәжбүрлеген кеңес кезеңінде, әде­биетпен бірге өнер де саяси ұста­нымға бағынып, идеологияның қуатты құралы болды. Дегенмен, еркін көсіле алмаса да, кешегі ұлт­тың музыка өнерін өрге сүйре­ген шағын топтың ішінде елінің арман-аңсары мен зар-мұңын көркем құндылық арқылы көтеріп, рухын жасытпауға күш салған тұлғалардың бірі – күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаев еді. Майдангер музыканттың мұ­расы туралы биыл жарық көрген кітапта осы сауалға қатысты түйт­кілді мәселенің жауабын тарқа­ту­ға тырыстым. Май­дан даласында 28 жасында қаза тапқан жауынгер М.Жап­пас­баевтың туған елі мен жеріне арнаған туындылары арасында «Көсем үшін – ел үшін» деп келетін мәтіннің болуы заңды және оны сызып тастауға ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені өлеңнің сөзі ескіргенмен, құрылымы қызық, әуені әдемі. Әнде мағына, арна болмаса, ғасыр басында қазақ жеріне келіп музыкалық сауатымызды ашқан, кәсіби өнердің қалыптасуына зор еңбек сіңірген Латиф Хамиди, Сергей Шабельский секілді музыканттар бұл әуендерді хатқа түсіріп, хорға лайықтап, бар ықыласымен кіріспес еді. Ақындарға өтініш айтып, жаңа мәтін жаздырудың осындай мәні болатын. Рас, әнді сол мәтінмен бүгін айта алмаймыз. Сондықтан әнге сөз жазып жүрген, тәжірибесі мол ақындар­ға композитордың бірнеше әні­нің сөзін қайта жаздыруды жөн көрдім. Жаңа мәтінмен бірнеше концертте орындалды, тыңдаушы халық та жылы қабылдады. Бұл еңбектің ерекшелігі, кітапқа әннің екі нұсқасын қатар жариялан­ды. Сөзіне өзгеріс енген мә­тіннің ма­ғы­насына нұқсан келген жоқ, ке­рі­сінше, екінші тынысы ашылды.

– Мәлік Жаппасбаевтың ­шы­­­­ғар­машылығы сізді несімен қы­зық­тырды?

– Таныс кісілер «Өзің Мәлік­тің жас күніндегі суретіне ұқсай­сың, туысың ба?» деп сұрап жатады. Бұған қоса, композитордың кіндік кескен жері Қызылорда өңірі екеумізге ортақ мекен. М.Жап­пасбаевтың өмір тарихы мен шы­ғар­машылық мұрасын зерттеп-зер­делеп жүрген жұмысым, «е-е-е, аталас не ағайын болды ғой» деген тұспалды түйіндей түсетін секілді.

Диссертациялық жұмысым­ның тақырыбы: «Қазақстандағы дирижерлік өнер: қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері» деп аталады. Жалпы, ұлттық музыкада «дирижерлік өнер» туралы сөз академик Ахмет Жұбановтан басталады. Осы уақытқа дейін А.Жұбановтың дирижерлік өнері оның басқа шығармашылық қыры мен қабілетінің тасасында қалып келеді. А.Жұбанов – алғашқы ком­позитор, ректор һәм академик. Қатарластарының арасында да, кейінгі буын ғалымдардың ішін­де де оның композиторлық өне­ріне ғылыми талдау жасап, баға беріп, сауатты сараптама жа­са­ған музыка мамандары көп бол­ғанымен, дирижерлік өнерін даралап көрсеткен маман жоқтың қасы. Кейбір ғылыми-зерттеулерде «Жұбановтың кө­мекші ди­ри­жер­лері болды, мысалы, Мәлік Жаппасбаев...» деп жазылған. Ал оның тек аты-жөнін кітаптан оқы­ғанымыз болмаса, кім екенін танып білмейміз, тарқатып айта алмаймыз. Театр және симфония оркестрлерінің дирижерлерін түгендеп, қолға түскен материалды шетінен жинай беретін әдетім бар. Ілгеріде Тәмті Ибрагимова деген әнші-актриса жауынгер-композиторлардың мұрасын насихаттап, бірнеше кітап шығарған. Осы кітапқа енбеген материалдың бәрін жүйелеп, қаттап, архивке табыстап кетіпті. Бұл мұрағатпен жақын танысып шыққаннан кейін, Мәлік Жаппасбаев туралы дерек толығып, жеке кітап болып диссертациядан бұрын жарық көрді.

– Өз дәуірін жырлаған «түрі ұлт­тық, мазмұны социалис­тік», кейін керексіз болып шетке ысы­рылған шығармалар әдебиетте ғана емес, музыка өнерінде де же­тер­лік. Тарих қоқысына тастай бер­сек, талай талантты автор­лар­дың шығармалары мүлде атау­сыз қалатын түрі бар. Алайда өмір­шеңдігін жоғалтты деп оларға үкім кесе аламыз ба?

– Кезінде Абай атындағы ұлт­тық опера және балет театры сах­насында тың тақырыбында орай бірнеше ауқымды спектакль қойылған. Соның бәрін сахнаның сәнін кетіретін сыйықсыз еді дей алмаймыз. Сол секілді соғыс тақырыбына жазылған «Жиыр­­ма сегіз», «Төлеген Тоқ­та­ров» деген опералар болды. Дәуі­рінде бұл тақырыпқа туынды арнамасаң, бұдан кейін жазатын шығармаңның жарыққа шығу-шықпауы екіталай еді. Әрине, жертөленің сызында сарғайып жатқан дүниелердің арасынан жақсысын іздеп тауып, сұрыптап алып, қайта жарыққа шығаруға болады. Бірақ ол қыруар жұмыс.

Жарайды, үлкен қойылым­ды қоя тұралық, телевизия қорын­да иесіз, қараусыз жатқан мол пар­ти­тураны қайтеміз? Радио арқылы тараған әндердің алғаш­қы түпнұсқа партитурасы осында сақталған. Кезінде сол телевизияда эстрада және симфония оркестрі жұмыс істеді, радио жанында халық аспаптар оркестрі болды, ал сол кезде жиналған ноталарды ойнайтын оркестр бүгін жоқ. Оркестр жоқ жерде оны кім пайдаланады? Шаң басып, іздеусіз жатқан музыка мұраларының бір парағына да нұқсан келтірмей, мемлекеттік архивке өткізу керек. Іздеген адам сол жерден тапсын. Құнды дүниеміздің бірі – осы. Қордаланған үлкен мәселе екенін біле тұра, көздің қарашығындай қорғайтын, қамқор жанашырдың бар-жоғы тағы белгісіз. Осы қор жи­нақталған ғимараттың өзі Қаң­тар оқиғасы кезінде оңбай зардап шекті. «Жөндеу жүргізіледі» деп сыртынан мойын созып, үміттеніп жүргенде, ғимаратты біржола сүріп тастады. Алғашқы келген ой: «әлгі қор қайда кетті?». Өртенген жиһаз мен компьютердің орны толар-ау, ал мәдени мұра мен музыка жәдігерлерін қайда көшірді, қалай көшірді? Бұл мәдениетіміздің маңызды бір бөлшегі, өнеріміздің өнегелі бір тарихы еді.

– Жаппасбаевтың жиені Мей­­рамгүл Махпутова бір есте­­­­лігінде «Дина Нұрпейісова Мәлік Жап­пасбаев нотаға жазып алады деген қауіппен ол отыр­ған жерде күй тартпаған» деген дерек айтады...

– Мейрамгүл апай анасынан естіген әңгімесін айтты. Анасы Сәбира Алматыда тұрған. Бұлай болуы да, болмауы да мүмкін. Тіпті Дина күйші солай айтқан күннің өзінде, бұл қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Кім де болса бе­тіне тайсалмай тура қарап, тіке айта­тын, мінезді, адуынды Дина күйші Ахмет Жұбановты өте-мөте құрмет тұтқан. Ахметке ғана сенгендіктен, басқа адамның жазып алғанын қаламауы да мүм­кін. Сондықтан да өнер адамында болатын мұндай мінез Дина шешейдің де, Мәлік күйшінің де шеберлігіне нұқсан келтіреді деп ойламаймын.

– Кітабыңызда өткен ға­сырда өмір сүрген бірқатар бей­­таныс дирижердің аты атала­ды. Дала өнерін өркендету жо­лын­да жан аямай қызмет қыл­ған өнерпаздар туралы бүгінгі ұр­пақ хабарсыз. Ұлттық музыка тарихына қызығып, қазына-қорды қаузайтын жас ғалымдар қатары неліктен то­лықпай жатыр?

– Ахмет Жұбановтың талантты шәкірті болған Ғабдұлман Ма­тов туралы дерек іздеп, биыл Батыс Қазақстан өңірін арала­дым. Жәнібек ауданында туған ғала­мат күйші туралы дерек аз, соған қа­ра­мастан екі-үш мақала жазып, республикалық бірнеше басылымда жарияладым. Көзкөргендердің айтуынша, өзі қатарлас күйші­лер­ге қарағанда Ғабдұлманның қары­мы мықты, қуаты ерекше болған. «Құрманғазы оркестрінде өткен 1930 жылдардың ішінде Мәлік Жаппасбаев, Ғабдұлман Матов деген домбырашылар болды. Олар­дың орындаушылы­ғы виртуоздық дәрежеде, соны­мен қатар дирижерлік қол сілтеуде үлкен жетістіктерге ие болды. Оның себебі, екеуі де қабілетті адамдар болатын» деп әйгілі А.Жұбановтың өзі қос шәкірті­нің өнерін еңбектерінде ерекше атап өтеді.

Ғабдұлман мен Мәліктің тағ­дырында да ғажап ұқсастық бар. Әуелі Қызылордада оқып, ашар­шылыққа байланысты Орал­ға, еліне қайтуға мәжбүр болған. Со­дан соң Алматыға келіп, слетке қатысып, біржола қалып қойған Ғабдұлман да 28 жасында майданда опат болды. Аты аталғаны­мен, күйшілер арасында да мәлімет жоққа тән. Сонда да болса, жүз жыл бұрын қазақ даласында күйшілік өнерді дәріптеген тұлға туралы жүйелі зерттеу жүргізу керек, алдағы уақытта ол туралы кітап жарыққа шығару ойда бар. Мен тек дирижерлік өнерге қатысты тұлғалар туралы баяндап отырмын. Ал әншілік, күйшілік өнерді қаузай бастасақ, бұл саладан да сирек естілетін, тіпті аты ұмытылған, ұлт өнерін өркендетуде үлесі зор, талай талантты тұлғаны тауып алуға болады. Тек аты бар, бір-екі фотосы сақталған, содан соң музыка туралы академиялық жинақтар­да, аудан мен облыс энциклопедияларында айналып жүре беретін белгілі дерек. Ол шағын деректің өзі Ахмет Жұбанов­тың еңбектерінен алынған. Қыруар шаруасының арасында орайын тауып музыка өнеріндегі замандастары туралы жазып кеткен бір-екі ауыз сөйлем, соны әлі малданып келеміз. Ал олардың қоңсы өңір мен көрші елге бару мүмкіндігін ескеріп, ізін қуалап, індетіп іздеуді жалғастыра берсек, Орынбор, Астрахандағы мұра­ғаттан да тұщымды дерек табар ма едік.

– Маэстро, қай елде болса да, дирижер дара кәсіп иесі екені аян. Музыкалық білімі жоқ адам­­дардың көпшілігі дири­жер­лік кәсіптің маңызын түсін­бей жатады. Сондықтан болар, дебют жасаған дирижер кө­рінсе, ол назарға бірден ілінеді. Өзіңіз дирижерлік өнерді кеш меңгердіңіз емес пе?

– Әнші­лік, композиторлық, аспапта орын­даушылық өнер секілді музыка сала-салаға бө­лініп, қалыптасып болғаннан кейін ғана пайда болған жас өнер – дирижерлік. Музыка­ның қалыптасқан жанрларының басын қосып орындау қажет кезде, әлбетте, оған жетекші керек болады. Жас өнерге талаптың да күшті болатыны белгілі. Мы­салы, әлемдік деңгейдегі таны­мал композиторлардың шығар­масымен танысып, ойнап шығу­­ға бір пианистің ғұмыры жетпей­ді. Сондықтан өзінің мінезіне, талғамына қарай лирикалы немесе екпінді шығармалардан тұра­тын репертуар таңдайды. Ал пиа­нист көп. Түрлі сипаттағы шы­ғармалардан тұратын пианист репертуарын дирижер жат­қа білуі тиіс. Сол секілді үрмелі аспап­тар: флейта, кларнет, труба, тромбоншылардың да өнерін солардан кем білмеуі талап етіледі. Ол аз болса, әр аспаптың тари­хын, пайда болу, қалыптасу секілді эво­люция сатыларын, тегін білу де дирижер үшін міндет. Ойнап отырған аспабыңның тарихы мен оркестрде жарыса-жамы­раса, ортақ үйлесіммен ойналып жатқан бүкіл аспаптың тарихын білудің айырмашылығы бар ма? Әрине, бар. Музыканттардың біреуі міндетті түрде шығарманың тарихы, ойналу техникасы, иірім-ырғағы туралы сұрақ қояды және оқыстан қойылатын сұрақтар­дың сипаты да әртүрлі. Дирижер сұраққа байсалды, сенімді, жан-жақты, бастысы, нақты жауап беруі керек. Дирижер шығарманы тұтас көре білетін сұңғыла болуы керек.

– Дирижерді түсі суық, му­зыканттарды уысында ұстап, оркестрге қатал талап­пен қа­райтын кейіпте жиі көре­міз. Тіп­ті тарихта диктатор ди­ри­жерлердің де болғаны белгі­лі. Ал сіздің мәнеріңіз мүлде кереғар...

– Әрбір дирижер қабілет-қа­рымының шеңберінде жұмыс істейді. Бір қолдың саласы бол­ғанымен, бір-біріне ұқсамай­тын бес саусақ секілді, дирижерлер де бір шығарманы ойнағаны­мен, ­бір-біріне ұқсауы шарт емес. ­Бі­рақ халықтың сұранысы, әріптес­тің талабын ескеріп, дири­жер­дің де айтары болу керек. Осы екеуі қатар өрілгенде ғана дирижер­дің өнері дамиды. Иә, дәуірінде жұмыс стилі айғай-аттаннан тұратын дик­татор дирижерлер болды, бү­гінде демократ дирижерлер алға шықты. Тіпті, дирижерлерге билік бергісі келмейтін оркестрлер бар. Олар дирижерді өзі таңдайды. Екі жылға ғана келісім шарт жасасып, ортақ тіл табысып, бірге жұмыс істей алатынына көзі жеткенде ғана, еңбек шартын ұзартуға келісім береді.

– Маусымашар, мерейтой мен авторлық кештерге барып жүріп байқайтыным, ре­пертуар тым стандартты құры­лады. Осылай жалғаса берсе, композиторлардың сирек орындалатын шығармалары мүлде ұмыт қалмай ма?

– Репертуар мәселесі әр ұжым­ның көркемдік жетекшісі мен бас дирижерінің ұсынысымен қабылданады. Басқа мамандар­дың да пікірі ескерілгенімен, соң­ғы шешімді солар айтады. Бұл мәселеде көрермен кон­тин­генті, билеттің сатылымы да рөл ойнайды. Бір ай бойы жар­на­­масы жасалған концерт бағ­дар­ламасы екі-үш күн қалғанда аяқасты өзгеріп кетуі мүмкін. Әдетте, орындаушылыққа байланысты сын көп айтылмайды. Сын көпшілік көрерменнің ре­пертуарға талап қоюынан басталады. Өйткені, көптің көңілі­нен шығу мүмкін емес. Кешегі ұлт­тық музыка корифейлерінің көзін көрген аға буын аға-апалары­мыз белгілі композиторларымыздың ән-күйіне басымдық берілгенін қаласа, кейінгі толқын Еуропаның классика туындыларының орындалуына таңдау білдіреді. Сол себепті репертуар түзгенде сын-ескертпенің бәрін ескеріп, аудитория қалауын ұмытпаған абзал.

– Оркестр әр дәуір композиторлары шығармаларын орын­дауға міндетті екені бел­гілі. Мы­­салы, қандай да бір ­ком­­по­зи­тордың шығармасы сіз­дің жа­­ны­ңызға жақын бол­ма­са, ойна­­ғыңыз келмейтін сәттер бола ма?

– Дирижер таяқшасын қолға алған жас жаңа шығарманы орындауға дайын тұрады. Бұл кезеңде тәжірибе жинақтауды ғана ойлап, қоржынын жаңа туын­дылармен толтыруға бейім тұр­ғандықтан, оркестрмен жұмыс істеген әр күн, әр сағат пайдалы. Кейін дирижерде таңдау құ­қы­ғы пайда болады. Уақыт ты­ғыз­ды­ғына байланысты жаңа шы­ғар­маны толық сүзгіден өткізіп үлгермей, білетін шығармамен сахнаға шыға беретін сәттер болады, әрине. Кейде әріптестің төтеннен жағдайға тап болып, яки сырқаттанып, сахнаға шыға алмай қалатын сәттерінде, жаңа шығармамен табан астында танысып, бірден меңгеріп, тығырықтан шығарып жіберетін дирижерлер, ертеңіне елдегі атақты адам болып шыға келгеніне музыка тарихында көп мысал кездеседі. Алайда осы кәсіптің маманы бол­ғаннан кейін, дирижер барлық шығарманы орындауға, барлық солист музыкантты сүйемелдеуге міндетті.

– Сіз үшін дирижерлік өнер­дегі қиын нәрсе не?

– Ішкі сұранысқа жауап беру шығар. Өзің белгілеген, өзіңнен талап еткен деңгейдің биігіне шыға алмау. Ойлаған межең олқы соғып, көңілің қанағаттанбай қа­лады. Оркестрдің ойынында, саған байланысы жоқ ішкі-сырт­қы әлдебір себептер болады. Әуен­нің тылсымына елітіп, му­зы­канттарды үйіріп, үйлесіммен ойнап жатқаныңда, әнші әннің шумақтарын шатастырып алады, кейде тіпті сөз түгілі, ғасырлар бойы бір әрпі де қисаймай, құлақ­қа сіңген халық әндерінің сөзін ұмытып қалып, өз ойынан сөз қо­сып жібереді. Аяқасты, күтпеген сәттерге ішің күйеді, қолыңнан келер дәрмен жоқ.

– Кәсібилік өлшемі деп нені айта аласыз?

– Кәсібилік деген – деңгей. Биігін бір бағындарған соң, одан төмен түспеу керек. Ішіңде тағы бір Мүсілім бар. Басқаны алдасаң да, оны алдау мүмкін емес. Сыншыл. Міншіл. Қатал. «Мүмкіндігің болды, жалқауланып, табанды болмадың, неге тырыспадың?» дейді. Осыдан он жыл бұрынғы концерттерді қайталап қарай­тын әдетім бар, себебі, өзімнің сол кездегі көңіл күйімді аңдай­мын. Өр, өжет мінез, жігер, қайрат, ұмтылыс көрініп тұрады. Бүгін­мен салыстырғанда, тәп-тәуір ойнаған екенбіз-ау деп қоямын. Бірақ дәл сол кезде өзімді-өзім жеп қоя жаз­дағаным еске түседі. Кем-кеті­гің­ді байқалып тұрса да, жігер­мен ойна­ған жастығың­ды жақсы көріп тұрасың.

– Сіз өзіңізге тым талапшыл екеніңізді байқайсыз ба?

– Жалқаулық, шабандық шы­ғар­машылық адамына жараса ма, жараспай ма білмеймін, бірақ өнер адамының тоқмейілсуге, тоқтап, тоқырап қалуға хақы жоқ. Дирижерлікпен қатар зерт­теу­шілік жұмысты қолға алуым, бекер емес. Кәсібімнің бір талабы болған соң кірістім. Бізге дейін бұл өнермен кім айналысты, бұл елдегі дирижерлік өнердің даму тарихы қандай деп біреу сұраса, сөзсіз мүдіріп қалар едік. Себебі бұл тақырыпқа жүйелі түрде ешкім қалам тартпады. Же­келеген дирижер есімін естіген бір бөлек, олардың мұрасын зерттеп, жан-жақты тарқатып жазған әдістемелік оқулық жазу бір бөлек. Тым болмаса өмірбаян жанрын­да, портрет стилінде шала жазыл­­ған дүние табылса, бөркімізді аспан­ға атар едік. Бұл ненің белгісі? Жалпы, дирижерлер қауымы жазу­ға келгенде шорқақ. Өзіміз жаза алмаған екенбіз, тым болмаса кеңес авторларының орысша жазған ғылыми еңбегін неге аудармадық? Консерваторияға оқуға қабылданған студент орыс тілін біліп-білмейтініне қара­мастан, орысша оқуға мәжбүр бол­ған. Сөйтіп өзіміздің отандық дири­жерлерді дайындауға ар­нал­ған оқулық жазу мәселесі шешіл­меген күйі қала берген.

Екіншіден, дирижер – шы­ғар­машыл тұлға. Талант туралы тұтам дерек жерде қалмай, жинақтала беруі керек. Бірізділік сақтай отырып, кезең-кезеңі­мен жүйелеп, дирижердің өмірге келгенінен бас­тап, тұтас өсу жолын, құлдырау шақтарын көрсететін және соңын­дағы бар мұрасымен танысты­ратын жалпы тектік жинақ қоры болуы керек. Ол бәлкім біреу­лермен хат жазысқан болар, мүм­кін, шығармашылығы шарықтап келе жатып, орта жолда шарт сы­нып, тағдырдың таяғы тиіп, тау­қымет тартқан болар немесе толысу, кемелдену кезеңіне аяқ басқандағы табысы, жеңісті жылдарын айшықтап, жан-жақты сипаттайтын әрбір дерек ғылым үшін маңызды деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ