Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесуі барысында еліміздің дамуы білімді жастардың болашағымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Атап айтқанда, Президент қала жастарына сапалы және қолжетімді білім беру мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Осы орайда Үкімет тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар іске асып жатқанын және соңғы жылдары білім мен ғылымды дамытуда айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін атап өткім келеді.
Қазақстанда жаңа ғасырда техника мен ғылым саласы өте жоғары деңгейге көтеріледі деген сенім зор. Ғалымдардың ізденістері, ашқан жаңалықтары, өнертапқыштардың еңбегі мен жаңалықтары – кез келген мемлекеттің гүлденуінің кепілі. Сондықтан Президент ғылыми жаңғырудың жаңа толқынына дем бере отырып, осы жолдағы игі жобаларға жол ашып отыр. Жастар білімге белсенді ұмтылумен қатар техника тілі мен заманауи технологияларды меңгеретіні сөзсіз. Әрине, озық идеялар мен стартап-жобаларды жүзеге асыру, жастарды білім мен ғылым жолына бағыттау, оларға бәсекеге қабілетті болуға көмектесу педагогтер мен ғалымдардан жоғары біліктілік талап етілетіні анық.
Елімізде педагогикалық білім беруді дамыту, сапалы кадрлар даярлау бағытында да жауапты міндеттер тұр. Мемлекет басшысы қоғамды дамыту үшін педагогтердің рөлі, олардың мәртебесін көтеру туралы үнемі айтып, нақты шараларды назардан тыс қалдырған емес.
Дархан БІЛӘЛОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректор