• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Қараша, 2022

Демократия – заңды құрметтеу

314 рет
көрсетілді

Бүгінгі ұрпағына ұшқан құстың қанаты талатындай ұлы даланы мұраға қалдырған бабаларымыз бұрын-соңды ХХ ғасырдай ауыр кезеңді аз көрген болар. Халқымыз ғасыр басынан бастап ұлт-азаттық көтерілісінің аласапыранынан, экономикалық формация ауысуы кезіндегі дөрекі қателердің ауыр зардабынан, қызыл империяның қолдан ұйымдастырған аштығынан, 30-жылдарғы саяси қуғын-сүргіннен, Екінші дүниежүзілік соғыстан қынадай қырылды. Одан кейінгі жылдарда қызыл империяның құрсауы тырп еткізген жоқ, жері ядролық қару сынағының шаңдағына айналды, тілі табалдырықтан қарап қалды, діні-ділі аяқасты болды.

ХХ ғасыр тарих сахнасынан көшерде халқымыз Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, ақ түйенің қарны жарылды. Тәуелсіздігіміздің жүріп өткен отыз жылының бағасын кезінде уақыт, тарих беретіні сөзсіз. Дербес мемлекет құру бағытында талпыныс та, ізденіс те, нақты іс-әрекет те аз болған жоқ. Олар нәтижесіз де емес. Сонымен қатар қателесу, ауытқу, тоқтау, іркіліс, сүрініс де жоқ емес.

Мемлекеттің азаттық алған алғашқы жылдарында авторитарлық жүйенің миссиясы да болған шығар. Шекара шегенделді, Қазақстан деген мемлекетті, қазақ деген елді төрткүл дүние таныды. Билік бір кісінің қолында болған отыз жылда халықты Тәуелсіздік рухы бір серпілтіп тастады да, одан кейін қоғам қайта мүлгіді. Саяси жүйе ашық пікірталасты, шынайы бәсекені, қоғамдық белсенділікті қолдамаған соң, экономикалық реформа да баянсыз болды. Бұрынғы шикізатқа негізделген экономиканың өңдеу, өндіру сипатына ауысуы баяу жүрді. Экономиканың дамуы емес, жекелеген олигархтардың баюы алдыңғы орынға шықты. Жаңа ғасыр Тәуелсіздіктің тұғырын бекіту саяси реформалардың, қоғам дамуының арқасында мүмкін болатынын ескертті. Өз басында еркі жоқ халықтың демократия түсіне де кірмейтінін қазаққа бұрынғы ғасырлар ұғындырған. Бірақ демократияны қанша жерден тұсаулап ұстағанмен, алдаусыратқанмен, ерте ме, кеш пе тұншыққан, төзген қоғамда сыздауықтың аузындай бір жарылатыны аян. Англияның өткен ғасырдағы премьер-министрі У.Черчильдің аузынан шыққан: «Демократияның көптеген кемшілігі бар екенін мо­йындаймын, бірақ бір ғана артық­шылығы бар екендігін айтамын. Ол артықшылық мынада: бүгінгі күнге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ» деген сөзінің ақиқатын да ешкім әлі жоққа шығара алмады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында: «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» деген болатын. Заңға бағыну, адам құқықтарының сақталуы, әділеттілік деген түсініктерді тірек ететін демократияның салтанат құруы, жалпы қоғамның дамуы саяси жүйені реформалағанда ғана мүмкін болады. Отыз жылда «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұранды желеу еттік. Авторитарлық жүйеде таразының басы ақиқатты қолдайтын қоғамдық күштерге, азаматтар жағына емес, шексіз билік иесі – жалғыз адамға ғана ауады. Пікір бәсекелестігі, пікір жарысы болмаған жерде, ең алдымен әділеттілік зардап шегеді.

Әділетті Қазақстанда алдымен сая­си жүйенің жаңғыруына қадам жасалғаны жақсы серпіліс болды. Пре­зиденттің наурыз айындағы Жол­дауында айтылғандай, саяси жаңару үрдісі Президент өкілеттігін азайтудан басталды. Бұрын Қазақстанда айтарға бірнеше партия болғанымен, олар сайлау кезінде ғана бас көтеріп, қалған уақытта бар-жоғы белгісіз күйде болатын. Оның есесіне Президент мүше болған партия мемлекет ісіне дейін араласты. Енді Президенттің саяси бейтараптығы, партияның мемлекет ісіне араласпауы барлық партия арасында тең құқықтылықты қалыптастыратындықтан, олардың арасында саяси шынайы бәсекелестік орнайды.

Жолдауда «Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналатыны» айтылды. Ал шексіз әрі ұзақ жылдарға созылған биліктің салдары мемлекетте де, қоғамда да қандай зардаптарға соқтырғаны белгілі. Шексіз билік иесін арқаланған үркердей топ Қазақстанның байлығын заңсыз иеленді. Қоғамда сыбайлас жемқорлық асқынды. Жаңа Қазақстан жасауға талап алдымен Президент өкілеттігін қысқартып, Парламенттің рөлін арттырудан басталғаны еліміздегі өкілді билікті нығайтатын болады. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс» деп түйіндеді. Ол үшін алдымен Сенатты жасақтау және оның бірқатар функциясы қайта қаралды.

Бұрын Сенаттың 49 депутатының 15-ін Президент тағайындады. Мұндай құрылым заң шығару үдерісіне Мем­лекет басшысының ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Енді Прези­денттің Сенаттағы квотасы 15-ден 10 депутатқа дейін қысқаратын болды. Оның бесеуін енді Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Сонымен қатар Парламент Мәжі­лі­сінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның квотасы жойылады да, ол Сенат­қа ауысып, ол 9-дан 5-ке дейін қыс­қарады.

Жаңа Қазақстан құру жолындағы «саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру». Ал аза­маттардың мемлекетті басқару ісіндегі даусы тек сайлау арқылы ғана мүмкін болады әрі жүзеге асырылады. Бұрын ешбір партияда жоқ азаматтардың сайлауға қатыса алмауы жұрттың сайлауға деген сенімін азайтқаны анық. Өйткені саяси жүйедегі мұндай шектеу қою, білім қарымы да, біліктілігі де мол азаматтарды сайлаушылардың таңдауына жол берген жоқ. Сондықтан сайлаушылар Мәжіліске, жергілікті мәслихаттарға кімді сайлағанына өздері де мән бермейтін, әйтеуір бюллетеньнен кездейсоқ біреуін белгілей салатын. Сөйтіп, дауыс бердім дейтін немесе сайлауда дауыс беруге әдейі бармайтын деңгейге жетті. Сайлау өткен соң көпшілік өздері сайлаған депутаттарын өздері тани бермейтін.

«Нашар билік жақсы адамдардың сайлауға қатыспауынан орын алады» деген америкалық сыншы Джордж Нейтанмен келіспеуге шара жоқ. Сайлаушылардың сайлауға адал көзқарасының қаншалықты маңызды екенін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында айтқан еді. «Қазақ сайлағанда ойланып, түсініп сайлау керек. Сайлаған адамдары ойы­нан шықты ма? Сайлауды түсініп сайласа, таласқа орын да аз болар еді» дейді Ақаң. Иә, сайлаушының «түсініп» сайлауы дегенде, кемеңгер Ақаң жұртына қоғам белсенділігімен қатар, дұрыс таңдау жасауын айтып отыр. Бүгін де әр сайлаушы сай­лауға түскен үміткер арқылы елдің мүддесін одан кем ойламай, билікке талабын да, тілегін де өзінің дауысы арқылы жеткізеді. Қазіргі күннің сайлаушысы – Ақаң өмір сүрген дәуірдің емес, ХХІ ғасырдың адамы. Сол себепті сайлауға түскен үміткерлердің бағдарламасымен алдын ала танысуына, оларды іштей талқылап, салыстырып, бағалауына кеңінен мүмкіндік бар. Ниет еткен сайлаушының оған уақыты да, қуаты жетеді.

Он бес жыл бұрын Конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалдық тәсілмен сайлауға көштік, 2018 жылдан бері мәслихат депутаттары да осы ізбен сайланатын болды. Сайлау үдерісін жетілдіру үшін Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Енді пропорционалды-мажоритарлы үлгімен өтетін сайлауда сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Соған орай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Пропорционалды сайлауда депутаттардың 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауға тиіс. Сайлау үдерісі бір тәсілмен қалмайды, ол ылғи жетілдіріліп отырады. Ол еліміздегі саяси жүйенің жаңғырып, пысықталып отыруына мұрындық болады. Сайлаудың пропорционалды тәсілі де уақыты келгенде депутаттарды таңдаудың бұдан да үздік тәсіліне орын берер. «Депутаттар құрамының отыз пайызын әйелдер мен жастарға беру демократияның негіздерімен үйлесе ме?» деген сұрақты өмірдің өзі көлденең тартпасына кім кепіл. Өйткені депутаттар біліктілігі мен белсенділігі, өмірлік тәжірибесі оның жасы мен жынысына қарамауы да мүмкін ғой? Кім өзінің қарымын көрсетсе, саяси додадан шынайы оза шапса, халық та соған сенеді.

Елді демократияландыру Жаңа Қазақстан құруға талпыныс пен еліміздегі саяси жүйені жаңғырту жұмыстарының ұстанған темірқазығы деп білеміз. Ал демократия дегеніміз – ең алдымен заңға бағыну. Сайлаудың шынайы адал өтуі демократияның салтанат құруы болар еді.

Елімізде президент сайлауы келе жатыр. Бұл сайлау – біздің ертеңгі күнімізді, алдағы жеті жылымызды да айқындайтын саяси оқиға. Сондықтан да осындай маңызды оқиғадан ешкім де шет қалмауы керек. Сайлауға қатысу және дұрыс таңдау жасау – дауысыңның ұрланбауының, сенің еркіңді басқалардың пайдаланбауының және сайлаудың әділ өтуінің де кепілі.

Азаматтар өзіне берілген құқықты тиімді пайдаланса ғана демократия табысқа жетіп, шын мәніндегі халық игілігіне айналады. Америкалық сая­сатта айтылатындай, «Дауыс беру – демократияның ең қасиетті шарасы». Сайлауға қатысудағы жоғары көр­сеткіш саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің биіктігін де көр­сетеді.

Жер көлемі де, ондағы тәңір берген байлығы да, тектілігі, рухани қазынасы да бір басына жетерлік қазақтың ендігі арман-мүддесі тәуелсіздігін баянды етіп, алдыңғы қатарлы ел­дердің қатарынан көріну болмақ. Осын­дай үлкен мақсатқа халықтың сая­си мәдениеті мен қарекеті қосылса, қуатты қоғамның берік іргетасы қала­нады.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор