Театр адамды ойландыруымен құнды. Бұл жерде жұмыр басты пенделердің тағдыр тартысы, ішкі рухани толқынысы көрініс табады. Биыл Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры жаңа эксперименттік драманы ұсынғалы отыр. Драматургия заңдылықтарына бағынбайтын қойылым ерекше үлгідегі премьера болмақ.
Соңғы жылдары театрдың режиссерлері көрерменнің талғамынан шығатын тақырып іздеуде батыл қадамдарға барып жатқанын мойындамасқа болмас. Адам өмір сүріп жатқан әлемнен бөлек кеңістікті шарлап көруге шабыттанған жас таланттардың әр қойылымы нысанаға дөп тиіп, рухани дүниеге сусап келіп жатқан көпшілікті баурап алуда. Бұйыртса, қараша айының соңы мен желтоқсанның басында қазақ театры Керекудің өнерсүйер қауымын бір сілкінтіп алуды көздеп отыр. Өнер ұжымы бұл кезеңде «Премьералар аптасын» өткізеді. Дәлірек айтқанда, 28 қарашадан бастап 3 бірдей қойылымның тұсауы кесіледі. Әр қойылымда қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді өзгеше қырынан көрсетуге деген талпыныс жатыр. Мұны режиссерлер мен актерлердің дайындығынан аңғардық.
– «Премьералар аптасын» 28-30 қараша және 1-3 желтоқсан аралығына белгілеп отырмыз. Алғашқы күні Н.Птушкинаның «Күзгі махаббат» сатиралық комедиясын, одан соң жас драматург Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» атты эксперименттік драмасын және соңғысы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасын ұсынамыз. Отыз жылдан астам тарихы бар қазақ театрында мұндай бояуы қою апталық бұрын-соңды болмаған. Барлық премьераны бір аптаға сыйдырып қою идеясы да тектен-тек келген жоқ. Қойылымдарға Алматы мен Астана шаһарларынан белгілі театр сыншыларын шақырып отырмыз. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жата бермей, біз қай бағытта келеміз, актерлеріміздің деңгейі қандай сатыда тұр деген сауалдарымызға сыншылардың көмегімен жауап табамыз деген сенім басым. Бүгінгі жұмысымызға жаңа көзқарастар мен заманауи тұрғыдан сын қажет. Қазіргі заманда отандық театрлардың бағыт-бағдары күн сайын дамып жатқаны шын. Айналадағы тенденциялар мен трендтерден қалып қалмау үшін қандай әрекет қажет?
Кейде театрлар фестивальдарында болып, өзге ұжымдар қойған қойылымдардан түк те түсінбей қайтатын жағдай кездеседі. Сондай кезде біз бүгінгі өзгерістен қалып бара жатырмыз ба, әлде мән-мағынасы аз дүмбілез дүниелер көбейді ме деген екіұшты ой жылт береді, дейді театр директоры Арман Темірбек.
Керекулік қоюшы режиссерлер мен актерлердің өнерін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері тарихының теориясы кафедрасының профессоры, театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс, аға оқытушы, театр сыншысы Айжан Ахмет және Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров арнайы келіп көріп, кәсіби тұрғыдан баға береді деп күтілуде.
Атап өтерлігі, театр басшылығының шақыруымен Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығындағы ансамбль концертмейстері Гүлсана Еңкебаева премьераларға хореографиялық жағынан көмек көрсету үшін Павлодарға арнайы келген. «Мен хореографиялық жағынан өзімнің бар білгенімді үйрету үшін келіп отырмын. Екі спектакльдің бірі арт-модерн мәнерінде өрбиді. Сонда би элементтерін жаңа әрі заманға сай ырғақпен өңдейміз. Көрермендер жаңашылдықты жылы қабылдайды деп үміттенемін», дейді Гүлсана Әскербекқызы.
Мұндай тақырыбы тың дүниелерді қолға алған жергілікті режиссерлердің есімдерін атап өткен дұрыс. «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасын қоюшы театрдың бас режиссері Әділет Ақанов болса, «Күзгі махаббатқа» ұжымның көркемдік жетекшісі Ержан Қауланов, ал «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» спектакліне Жангелді Садықов жауаптанып отыр.
Жангелдінің сөзіне құлақ түрсек, эксперименттік драма драматургиядағы ешбір заңдылықтарға бағынбайды. Көрермен мұнда спектакльдің шарықтау шегі мен финалының қай тұсында өрбігенін қойылым соңынан өзі ой қорытып табады.
– «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» қойылымы адамның көз жанарында сақталған әртүрлі суреттердің оқиғасы бойынша өрбиді. Яғни бұл адамның өмірі мен дүниетанымынан тыс өзге кеңістіктегі сезімдер арпалысы. Авторы – Мерей Қосын деген жас талант. 2018 жылы Қазақстандағы драматургтер фестивалінде бұл шығарма жүлде алған. Енді еліміз бойынша тұңғыш рет біздің театрымызда сахналанғалы отыр. Басты рөлдегі кейіпкердің рөлін бірден үш актерге бердік. Ақтілек Ақанова, Айкүн Бодаубек және Еркежан Төлеубек бас кейіпкерді сомдау үшін бәсекеге түсіп, сапа тұрғысынан алып шығады деген үмітіміз басым. Премьералық спектакльде шеберлігі басым түскенін таңдаймыз. Бұл драма – менің шығармашылығымдағы алғашқы эксперименттік дүние болып отыр, – дейді қоюшы режиссер.
Ж.Садықов бұған дейін театрда «Күзгі оқиға», «Пай, пай, жас жұбайлар-ай!», «Балалық шаққа саяхат», «Жәмила», «Алғашқы махаббат» және тағы басқа спектальдерін қойған.
Өнер ордасындағы әдеби драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбектің пікірінше, алдағы үш премьераның әрқайсысының көтерер жүгі ерен, қоғамды алаңдатқан алуан түрлі тақырып.
– Эксперименттік драманың ерекшелігі, қойылымда жасырылған жұмбақты шешу әрдайым көрерменнің үлесіне тиеді. Ал «Күзгі махаббат» сатиралық комедиясында әлеуметтік жалғыздық, отырып қалған кәрі қыздардың тақырыбын қозғадық. Анасы мен қызының арасындағы үміт пен сенім ақыр-соңы әрқайсысын бақытқа жеткізеді. «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасында бірден 22 актер ойнайды. Әр жұптың өзара сүйіп қосылуы, арада уақыт өткенде ажырасу себептері, отбасын сақтап қалу мәселесі, ер мен әйелдің өзара түсінісуі қозғалады. Әр алуан тағдырлардың қатпары көп құпиясына үңілу үшін көрерменнен талғам көңіл күтеміз, – дейді бөлім меңгерушісі.
Павлодар облысы