Еліміздің Қорғаныс министрі Серік Ахметов мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Астанаға келген ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті.
Кездесу барысында әскери және саяси ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалық мәселелері, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету, Ұйымның жауапкершілік аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пікір алмасылды.
Әскери-техникалық ынтымақтастықтың «ҰҚШҰ қызметі маңызды аспектілерінің бірі» екенін атап өткен тараптар, ҰҚШҰ-ға мүше елдер қорғаныс-өнеркәсіптік кешені саласындағы өзара тиімді байланыстарды әрі қарай дамытуды қолдап пікір білдірді.
Ұжымдық жедел ден қою күштерін нығайту мәселелеріне тоқталған С.Ахметов ағымдағы жылдың тамыз айында ҰЖДҚК-нің «Өзара іс-қимыл» оқу-жаттығуы өткізілетіні туралы хабарлады.
«Егемен-ақпарат».