Еліміздің құрметті судьясы, еңбек ардагері Өмірбек Темір атамыз өз таңдауын жасады, деп жазады Egemen.kz.
Ол қаладағы Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан №101 сайлау учаскесіне келіп, жәшікке таңдау бюллетенін салды.
«Мен ұзақ жыл сот саласында қызмет атқарып, заң үстемдігін қамтамасыз еттім. Қазір құрметті еңбек демалысындамын. Таң сәріден тұрып, дауыс беруге осында келдім. Президенттікке үміткерлердің біріне таңдау білдірдім. Осы ісіммен шаңырағымдағы бала-шаға немерелеріме де үлгі көрсеттім деп айта аламын. Қазақстан елінің әр азаматы саяси сауатты болу керек. Әрі қазіргі қоғам бізден саяси белсенділікті талап етеді. Сондықтан барша азамат осындай ел тағдыры шешілетін науқандарға қатысуы міндетті деп есептеймін», деді Өмірбек Темірұлы.
Сондай-ақ сайлау арқылы Президентті таңдау бұл әлемде қалыптасқан дәстүр екенін атап өтті.
«Мемлекеттік құрылым осындай демократиялық жолдармен қалыптасады. Сол үшін оның маңыздылығын үлкендер жағы жастарға үйретіп отыруы тиіс. Қазақстандықтар әділетті мемлекетті қалайды. Бүгін сол арманды жүзеге асыру үшін барлығы тегіс сайлауға келер деген үміттемін. Бұйыртса, еліміз жаңарған Қазақстанға айналады. Қазір сол бағытқа қарай бар күш-жігер салынып жатыр емес пе?! Ендеше біз де елдің патриоты болып, осындай болашақ тағдыр талқыға түсер жауапты шараға немқұрайдылық танытпауымыз керек. Бүгін ел үшін әрі мереке. Сонымен бірге бүгінгі күнде елдің келешегі шешіліп жатыр. Ал оның қандай болары ол мына сіз бен біздің әрекетімізге байланысты.
Мемлекеттің көздеген басты мақсаты ол халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Елде әділ қоғам құрылса сол мақсатқа әлі ақ жетеміз. Ол үшін айтып өткенімдей халықтың саяси белсенділігі мен сауаттылығы қажет. Сайлау бұл өзгенің шаруасы емес, дәл бізге қатысты мәселе. Өйткені бұл елдің азаматы бізбіз, осында тұратын да артымыздан қалған ұрпақтың өмір сүретін жері де Қазақстан. Сол себепті әркім өзін елдің тағдыры үшін жауапты тұлға ретінде сезінуі тиіс. Мен елімнің гүлденген, дамыған, демократиялы болғанын қалаймын. Осындай патриоттық сезім мені бүгін сайлауға жетелеп алып келді. Мемлекеттің болашағын қаласуға аз да болса үлес қосу, ісіңмен дәлелдеп көрсету мен үшін үлкен бақыт. Басқалардың да тағдырлы сәтте белсенді болғанын аса қалаймын» деді еңбек ардагері.
Ұзақ жыл сот саласында қызмет атқарған ағамызға берілген құрмет те жетерлік. Ол Түркістан облысы ардагер судьялар кеңесінің төрағасы, Құрмет орденінің, Үш би құрмет белгісінің иегері, Қазақстандағы құрметті ардагер судья.