• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 20 Қараша, 2022

Сайлау күні өзбек ағайындар тегін палау таратты

324 рет
көрсетілді

Сайлау күні Қазақстан өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы айрықша сый жасады. Қауымдастық өкілдерінің бастамасымен №64 сайлау учаскесіне қарасты Шымкенттегі Қызылжар шағынауданы Сабыр Рахымов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте үлкен қазанға палау басылды, деп жазады Egemen.kz.

Осылайша дауыс беруге келген сайлаушылар білім ошағында жайылған дастарханға отырып дәмі тіл үйірер палаудан жеп қайтты. Өз кезегінде дастархан басында отырып, салиқалы әңгімелер айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырған қариялар бұл сайлаудың ел үшін қаншалықты маңызы бары жөнінде келелі ой қозғап, дауыс беруге келген кісілерге ақ батасын берді. Сонымен бірге жұртқа дастархан жайып, тегін ас таратып, халықтың көңілін аулаған, бұл күннің шын мәнінде мерекелі күн екенін сездіруге тырысып, сауапты іс жасаған бастамашыл топқа өздерінің де өзге жұрттың да атынан ақ пейіл ризашылықтарын білдірді.

«Әлбетте мұндай науқан кезінде бірлік пен татулықтың маңызы зор ғой. Қазақтың дастарханы қашан да ынтымақ пен берекеге жайылған. Адамдарды бір бірімен табыстыруға, өзара әңгіме-дүкен құрып, елдің ертеңі жайлы үлкен ойлар, керемет жоспарлар айтатын жер осы дастарханның басы. Сондықтан бүгін осындай сәтті пайдаланып, сайлаушылар үшін дастархан жайып, дәм ұсынып жатырмыз. Атам қазақ айтады «Қырықтың бірі қыдыр, мыңның бірі уәли». Сол айтпақшы, осы дастарханнан дәм татқан кісілердің бірінің сөзі уәлі, аузы дуалы болып, берген батасы қабыл болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Жаңбырменен жер көгерсе, батаменен ел көгеретінін ұмытпаған абзал. Осынау саяси науқанның да көздеген мақсаты ертеңгі елдің тізгінін ұстар азаматты сайлап дауыс беріп, соның арқасында елдің көкейінде жүрген арман-тілектерінің орындалуына қол жеткізу ғой. Ендеше халықтың ізгі тілегімен, ыстық ықыласымен Жаратушының назарын елімізге аударсақ деген ниетіміздің дұрыс екендігін айтқым келеді.  Мемлекеттің негізігі маұраты да сол – бірлігімізді тонның ішкі бауындай берік ету, бекемдеу. Қазақстанда қаншама диаспора өкілдері өмір сүреді. Олардың барлығы да қазақ жерін өзінің Отаны санайды. Сондықтан өзге ұлт өкілдері үшін де сайлауда таңдау жасаудың мәні ерекше. Жалпы сайлау дегеніміз – мереке ғой. Ал өздеріңіз білесіздер, Шымкенттің қай мерекесі палаусыз өткен?!» деді «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов.

Айта кету керек, қаладағы №64 сайлау учаскесінде таң сәріден бері дауыс берушілер қатары бір сиремей белсенді қатысып жатыр. Аталған сайлау учаскесінде 2 012 тұрғын тіркелген екен. Жүріп-тұруы қиынға соққан жандарға комиссия мүшелерінің өздері барып, жәшікке бюллетень салдырып кетуде. Сайлауда азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай қарастырылған.