Ел президенттігіне үміткерлерді сайлауға арналған саяси науқанда шымкенттіктер аса белсенділік танытуда. Тайлы-тұяғына дейін қалмай отбасы мүшелерімен барып, дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарапайым азаматтан ел танитын тұлғаларға дейін осы күні сайлау учаскелерінен табылуда.
Бұлай дейтін себебіміз, таңертең бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері еліміздің даңқты боксшысы Мұхтархан Ділдәбеков жұбайы Альбина Елшиевамен бірге қаладағы №269 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап кетті.
«Бүгін әдеттегіден ерте ояндым. Сайлау екенін біліп, жұбайымызды ертіп, дауыс беруге келдік. Мен бұл сайлауда ел тізгінін ұстар Президентке ғана емес, жалпы мемлекеттің болашағын таңдап даусымды ұсындым деп білемін. Өйткені осы сайлаудың нәтижесіне қарай елдің алдағы даму жолы, стратегиясы айқындалады. Ал мен келешек Қазақстанды экономикасы күшті, саяси ахуалы тұрақты, бейбітсүйгіш ел ретінде көргім келеді. Сол себепті мәселе сайлауға кеп тірелгенде өзімді жайбарақат сезіне алмадым. Мына жақта ел тағдыры талқыға түсіп жатқанда қалай дауыс бермей, қалыс қалуға болады. Біздің ізімізді жалғап келе жатқан өскелең ұрпақтың да келешегін ойлап та сайлауға асыға жеттім», деді бокс спортының майталманы.
Олимпияда жүлдегері бүгінде Шымкент қалалық №1 спорт мектебін басқарады. Аталған спорт ұйымы жастар мен жасөспірімдерді олимпиадалық резервке дайындайды. Мектепте спорттың бірнеше түрінен атап айтқанда, бокс, күрес, каратэ, таэквондадан және кикбостан тәлім беріледі.
№269 президенттік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнұр Үсеннің айтуынша, биылғы президенттік сайлау додасында дауыс беру құқығына 2950 адам ие екен.