Бүгін елімнің тыныштығы, ұрпағымның болашағы үшін дауыс беруге келдім. Әділетті Қазақстанның келешегі – еркін дауыс беру құқығы бар барша отандасымыздың қолында. Сәбилер мен мектеп жасындағы балаларды, жастарды, отбасыларды қолдау мәселесі соңғы уақытта жарқын көрініс тауып, биліктің әлеуметтік-қоғамдық түйткілдерді жедел шешуге деген ұмтылысын байқаймыз. Бұл ана ретінде менің көңілімнен шығып отыр.
Көпке топырақ шашуға болмайды, әйтсе де кейбір жастар ана тілін ұмытып, руханиятын жоғалтуда. Ана тілі – қай уақытта да қастерлі, құдіретті ұғым. Біз өз еліміздің дамуына үлес қосушы ретінде алдымен өзімізді сыйлап, туған тілімізді қадір тұтып, мақтан ете білуіміз қажет. Қазақстан мемлекет болып қалыптасуы үшін ана тілінің рөлі басым болуы шарт.
Ұлттық қауіпсіздік, ішкі және сыртқы тыныштық, ұлттық экономика, зайырлы мемлекет болғандықтан түрлі этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, Ата Заңымызды сақтау секілді маңызды мәселелер де мемлекет дамуы мен оның саяси аренаға шығуына септігін тигізеді.
Бұл сайлау да – тәуелсіз Қазақстан тарихының бір бөлшегі. Еліміз шын мәнінде әділетті, халық игілігіне жұмыс істейтін қуатты республикаға айналатынына өз басым кәміл сенемін. Тарихсыз болашақ жоқ. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман әлі-ақ келеді» деп айтып кеткен. Өзім таңдау жасаған азамат ел тізгінін ұстап, ата-бабамыз аңсап кеткен берекелі заман орнайтынына сенімім берік. Барлық жұрттың ойлағаны да, көздегені де – тыныштық. Еліміздің шекарасы бүтін, халықтың көңілі тоқ болса, одан артық бақыт жоқ.
Бақытжамал МАКСИЛОВА,
Павлодар облысындағы «НҰР Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы