Қазақстан халқы Ассамблеясының, нақтырақ айтқанда корей диаспорасының мүшесі ретінде ең әуелі мемлекет құраушы қазақ халқының түрлі жылдары көптеген ұлт өкіліне көрсеткен қамқорлығы мен кеңпейілдігін, өнегесін, өзгелердің басына түскен ауыртпалықты бөлісе көтергенін айрықша атап өткім келеді.
Біздің ұрпағымыз да қазақ халқының жылылығын сезініп өсіп келеді. Өткен уақыт кезеңінде барлығымыз біртұтас халыққа айналдық. Қазіргі күні әрқайсымыздың дауыс беруге және дауысқа түсуге конституциялық құқығымыз бар. Өз президентімізді сайлауға, заңдылық пен тәртіпке кепіл беретін дербес мемлекетіміз бар.
Бұл сайлау – жауапкершілігі мол миссия. Өзіміздің елдегі саяси жағдайға қатыстылығымызды терең сезіне отырып, елдің дамуы мен тұтас қоғамның өркендеуіне серпін береді деген үміткерді таңдадым. Адамдар саяси және азаматтық көзқарасын көбірек білдірген сайын, сайлау да объективті бола түсетініне көзіміз жетіп отыр.
Маңызды бір мәселені ескеруіміз керек. Билік жеке-дара Әділетті Қазақстанды құра алмайды. Мұны еліміздің әрбір азаматы жасауға тиіс. Дәл бүгін мемлекетіміздің келешегі, балаларымыз бен немере-шөберелеріміздің ертеңі қолымызда екенін айрықша түсініп отырмын. Сайлау процесі өздігінен жүзеге асып кететін науқан емес. Барлығымыз еліміздің тағдырына, болашағына жауаптымыз.
Светлана ШИН,
Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Павлодар ауданындағы корей этномәдени бірлестігінің төрағасы